Бүгін — қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні. Осы орайда almaty-akshamy.kz сайты Әлихан Бөкейханның нақыл сөздерін жариялап отыр. Оқи отырыңыздар.
- Ақылға саңыраулық та – айып.
- Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды.
- Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.
- Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.
- Болғаннан – қашпа, болмағанға – саспа.
- Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.
- Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман.
- Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.
- Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта.
- Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басында алып жүре алмайды.
- Тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар.
- Еріншек пен езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ.
- Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.
- Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң, саған ақыл не керек?
- Би түзу, билік әділ болсын.
- Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса, сөз кестелі болады.
- Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.
- Мансапқұмар елі – кемелдікке жетпеген ел.
- Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой.
- Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.
- Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.
- Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.
- Адам баласы бір-біріне өкімші де, құл да болған.
- Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтей ақша алса - сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді.
- Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса - башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.
- Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ.
- Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.
- Қазақ сайлауы - жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады.
- Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса - үкімет ісін бөліп қойған оң болады.
- Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.
- Байлық басы көпке байлаулы емес - базарда ақша болатынға байлаулы.
- Байлық түбі - ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.
- Дүниеде не болса да бірте-бірте аздап ілгері басып болады.
- Талас-тартыс жоқ болса - өмір абақтыға айналар еді.
- Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді.
- Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.
- Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.
- Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.
- Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын