«Alataý Аqparat» медиахолдингі: жыл қорытындысы
Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде өзіндік орны бөлек, салмақты ұжымдардың бірі – «Alataý Аqparat» ЖШС. Алматы шаһарының шамшырағындай болған қара шаңырақты соңғы 3 жыл көлемінде есімі елге белгілі медиаменеджер Төлеміс Күлмұхамедов басқарды. Биік зерде мен парасат-пайым иесі Төлеміс Бақтыбайұлының медиахолдингке сіңірген еңбегі орасан зор.
«Alataý Аqparat» медиахолдингіне директор болып келісімен, Төлеміс Бақтыбайұлы «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттерінің басын біріктіріп, ынтымағы берік, бірлігі жарасқан үлкен ұжымға айналдыра білді.
«Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттері мегаполистің қым-қуыт тіршілігін оқырманға жеткізіп, қалалықтармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Халықтың мүддесі үшін қызмет ететін қос ұжымның қызметкерлері мен журналистер қауымы бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып жұмыс істейді. Көреген басшы газет қызметкерлерінің бір-бірімен ақпарат алмасып, бірлесіп жұмыс істеуі үшін барынша жағдай жасады. Басшының мұрындық болуымен ұйымдастырылған «дөңгелек үстелдер», белгілі тұлғалармен кездесулер, мерекелік жиындар, табиғат аясындағы демалыс қос газеттің шығармашылық ұжымын жақындата түсті.
Мәселен, былтыр «Вечерний Алматы» газетінің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге екі ұжым да атсалысты. Рамазан айындағы ауызашар, Құрбан айт, Наурыз мерекелерін әрдайым бірлесіп өткізуді үлкен ұжым дәстүрге айналдырды.
Жүрегі кең, талабы биік Төлеміс Бақтыбайұлы ұжымда қызмет ететін әр адамға көңіл бөліп, әркімнің шығармашылығына ден қойды. Соңғы үш жылда редакцияда жұмыс істейтін жас журналистердің қатары көбейді. Негізгі мамандығы мұғалім болғандықтан болса керек, Төлеміс Бақтыбайұлы жастарға үнемі қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп отырды. Жағдайын айтып, алдына барған қызметкердің меселін қайтарған емес. Басшының абырой-беделінің биіктігі ұжымның оған деген құрметінен, сыйластығынан көрінеді. Басшы ретінде мейірімді, бірақ әділ адам әр қызметкердің еңбегін бағалап, журналистердің қаламақысын жоғарылатты. Жалпы, қызметкерлердің жалақысын үш рет өсірді. Еңбегіне қарай, аға буын журналистерді де, жастарды да мемлекеттік марапаттарға ұсынып отырды. Қалалық, халықаралық жарыстарға қатысқан журналистерге қолдау білдірді.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген мазмұны терең сөзі осы Төлеміс Бақтыбайұлы сынды адамдарға қатысты айтылса керек. Өйткені, ол қазақы таным, дәстүр, дін мен діл, ұлттық өткір мәселелерді жанын салып көтере білді. Басшы ретінде журналистке берген тапсырмасының соңына дейін жеткізілуін қатты қадағалады. Ұлттық мүдде сынға түскен кездерде кез келген іске білек сыбана кірісті.
«Көреген басшы елді өсіреді» демекші, Төлеміс Бақтыбайұлы «Alataý Аqparat» медиахолдингінің шығармашылығын ғана емес, шаруашылығын да біршама көтерді. Шевченко көшесінің бойындағы «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» және сайт редакциялары орналасқан ғимарат біраз жылдан бері жөндеу көрмей, тозып тұрған еді. Соңғы бірнеше жылда ғимараттың іші-сырты толық жөндеуден өтіп, бөлмелері жаңарып, жарқырап қалды. Газеттің редакциясы қажетті жаңа техникалармен қамтамасыз етілді.
Өткен жылдың қорытындысы есебінде «Alataý Аqparat» медиахолдингі атқарған жақсы ісшараның бірін айта кетейік. Мәселен, мұндай істің бірі «Alataý Аqparat» кітапханасы» айдарымен Қазақстан Журналистер академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаевтың «Дайдидау» деген атпен шыққан эсселер жинағынан басталды. Бұл орайда Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов және басқа да белгілі қазақстандық авторлардың кітаптарын шығару жоспарланған.
Мұндай кітаптар сериясын шығару идеясы «Alataý Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Төлеміс Күлмұхамедовке тиесілі. «Кітап шығару идеясын маған Шығармашылық даму жөніндегі кеңесіміз ұсынды, оған белгілі тұлғалар – кеңес төрағасы Олжас Сүлейменов, сондай-ақ Мұрат Әуезов, Сағымбай Қозыбаев, Сейітқазы Матаев кіреді», – деді Төлеміс Құлмұхамедов.
Төлеміс Бақтыбайұлы «Alataý Аqparat» медиахолдингіне директор болып келгенге дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Интеграция институтын басқарған. Жалпы, еңбек жолында ол 20 жылдан астам уақыт медиа саласында жетекшілік қызметтерді атқарды. «Экспресс К», «Новое поколение», «Казахстанская правда», «Литер» басылымдарында, «Время», «Арна Медиа» және «Нұр Медиа» холдингтерінде жетекшілік қызметтер атқарды.
Биыл «Alataý Аqparat» ЖШС директоры Төлеміс Күлмұхамедов құрметті зейнет демалысына шықты. Беделі биік, абыройы асқақ Төлеміс Бақтыбайұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
«ALATAÝ АQPARAT» ЖШС ҰЖЫМЫ.