Әлемдік рекорд: алматылық оқушы Сая Қыдырәлі – жаһандағы ең жас IELTS-9.0 сарапшысы

Әлемдік рекорд: алматылық оқушы  Сая Қыдырәлі – жаһандағы ең жас IELTS-9.0 сарапшысы Суретті түсірген - Самат Құсайынов

Алматы қаласындағы Әуезов ауданына қарас­ты №116 мектептің 11-сынып оқушысы Сая Қыдырәлі IELTS емтиханында 9 балл алып, әлемдік рекордқа қол жеткізді. Қазір жұрт назары қаршадай қызға ауып отыр. Неге десеңіз, дәл осындай табысқа екінің бірі қол жеткізе бермейді. Бағы мен бабы қоса шапқан Сая Қыдырәлі «ALATAU AQPARAT» ұжымына арнайы келіп, қуанышымен бөлісті.

 

«ЖЕТІСТІГІМНІҢ БӘРІ АНАМНЫҢ ЕҢБЕГІ»

– Сая, алғашқы сұрағымыз бүкіл әлеуметтік желіні шулатқан IELTS тесті жайлы болмақ. Мұндай нәтижеге қа­лай қол жеткіздің? Бұл сынаққа қан­дай мақсатпен қатыстың?

– Алғаш рет 11 жасымда IELTS-ті тап­сырып, 6,5 ұпай жинағаным есімде. Сол жолы өзімді өте ыңғайсыз сезіндім. Се­бебі, менің күткен нәтижем бұдан жоғары болған еді. «Сонда мен үшін осыншама тер төккен анамның еңбегі қайда қалды?» деп іштей налыдым. Сол жолы алдыма үлкен мақсат қойып, көрсеткішті 9 балға дейін көтеруді көздедім. Араға алты жыл өткенде, сол арманына қол жеткіздім. Менің ең алғашқы ұстазым – анам Шол­пан Дінәсілова. Әрине, бізде көптеген қаржылай қиындықтар болды. Соған қа­рамастан, 11 жасымда IELTS-ты тапсыра­рымда анам бетімнен қақпады. Бірақ сол IELTS-тың ақысын төлеу үшін анам бір аяқкиімін төрт маусым бойы киді. Анам­ның перзенті үшін қалай еңбек еткенін ешқашан ұмытпаймын. Қаржылай қиын­дық көрсе де, маған қажетті кітаптар мен IELTS-тің ақысын төледі. Жетістігімнің бәрі анамның еңбегі. Қазір анамның еңбегін мақтанышпен айтып отырамын. Әңгімені анамнан бастап отырғаным да сондықтан.

Сәтін салса, әлі де көп нәрсеге қол жеткізіп, биікті бағындырарым сөзсіз. Міне, анамның еңбегінің ақталғаны осы емес пе, алғашқы жеңіске қол жеткізіп, әлемдегі ең жас IELTS-9.0 сарапшысы атандым. Мен үшін бұл күн ешқашан ұмы­тылмайтын шығар. Нәтижемді ашқан кезде көзім бірден 9 деген ұпайға түсті. Сенер-сенбесімді білмедім. Көзім бұлды­рап кеткен шығар деп, қайтадан қараған­да ғана өзімнің 9 балл алғанымды түсіндім. Бірден анама хабарласып, жаңа­лықты жеткіздім. Негізінен, мен IELTS-ты өзімнің мүмкіндігімді, білімімді сарапқа салу үшін тапсырған едім. Жалпы, мұнда тыңдау және сөйлеу кезеңдері барлығына бірдей. Reading және Writing-ке келетін болсақ, олардың бағдарламасы үміткер­лердің IELTS тапсыру арқылы қол жеткізгісі келетін мақсаттарына қарай таңдалады. Ал General Training-ті егер сіз ағылшын тілінде сөйлейтін елге көшуді немесе сол жерде жұмысқа орналасуды жоспарласа­ңыз, ал Academic-ті (академиялық тест) ағылшын тілінде сөйлейтін университетте оқығыңыз келсе тапсырасыз. Ағылшын тілін еркін сөйлесем де мен жоғары балл алу үшін бұған дейін халықаралық емти­ханды 20 рет тапсырдым.

«ЖЕТІ ЖАСЫМДА АҒЫЛШЫНША ЕРКІН СӨЙЛЕДІМ»

– «Ағылшын тілін меңгеру» мен IELTS тапсыру арасында айырмашы­лық бар ма?

– Әрине, айырмашылық бар. Менің­ше, өз тілін жетік білетін ағылшындардың өздері де IELTS тапсырса 6,5 алады деп ойлаймын. Академиялық ағылшын тілі болғандықтан, бұл өте маңызды. Дұрыс тапсыру үшін ең алдымен оның форматын білу керек.

– Сая, ағылшын тілін алты жастан бастап үйрендім дедің. Жалпы, алты жастағы балаға ағылшын тілі не үшін қажет болды?

– Әрине, басында өзге тілді үйрену маған оңайға соқпады. Жалпы, ағылшын тілін маған алты жастан бастап анамның үйрете бастауы кездейсоқ емес. Өйткені, анамның екінші мамандығы – ағылшын пәні мұғалімі. Оның үстіне бұл жаста бала кез келген тілді тез қабылдайды. Содан анамның көмегімен әріпті үйреніп, жеті жасымда ағылшынша еркін сөйлей баста­дым. Көп ұзамай сөйлеп қана қоймай, ойлайтын деңгейге жеттім. Түсіне келе, ағылшын тілі маған қызық бола бастады. Тіпті, ағылшын тілін өте қатты жақсы көріп кеттім. Анам менің тілімді жетілдіру үшін мультфильм емес, көбіне BBC мен CNN- нің деректі фильмдерін қосып қоятын еді. Әлі есімде, анам менің тілді жетік үйреніп, деңгейімді терең дамыту үшін 8-9 жаста­ғы балаларға арналған ағылшынша сөй­лесу клубына бермекші болды. Бір қызы­ғы, мұндай клубтар бізде жоқ болып шықты. Сол кезден «жеке ағылшын тілі мектебін ашып, оқимын деген балалар­дың тілін дамытсам» деп көп ойлана бас­тадым...

КІТАП ОҚУ –  АҒЫЛШЫН ТІЛІН ТЕЗ ҮЙРЕНУДІҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

– Сенің тілді терең меңгеруің ерек­ше талантың ба, әлде еңбектің арқасы ма? Замандастарыңа ағылшын тілін тез үйренудің қандай тиімді жолын ұсынар едің?

– Менің ағылшын тілін жетік білгенім – ең алдымен қажырлы еңбектің арқасы дер едім. Көп адамдар таланттың арқасы деп жатады. Жоқ, бұл еңбек. Мен аптасы­на 7 күн 10 сағаттан отырып дайындал­дым. Бір жыл емес, бұл алты жыл бойы қайталанды. Ал ағылшын тілін тез үйре­нудің ең тиімді жолы – үздіксіз кітап оқу керек. Сосын подкаст тыңдауды ұсынар едім. Мен кітапты оқып қана қоймай, сөз­бе-сөз жаттайтынмын. Сол оқыған кіта­бым арқылы менің тілдік, лексикалық қо­рым молайды. Өзімді-өзім дамытып отырдым.

– Ағылшын тілі саған қандай мүмкіндіктер береді деп ойлайсың?

– Жоғары нәтижеге қол жеткізу арқы­лы әлемдегі ағылшын тілінің ең жас үздік білгірлерінің қатарына қосылдым. Қазіргі таңда ағылшын тілі үлкен сұранысқа ие болып отыр. Тек шет мемлекет емес, біздің еліміздің өзінде де IELTS керек. Сон­дықтан әрқашанда сұранысқа ие сала болып қала береді. Менің қазірдің өзінде шетелдің үздік университеттеріне түсуге мүмкіндігім зор.

«ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛЫП,  ЖАҚСЫ МАМАН БОЛСАМ ДЕЙМІН...»

– Ағылшын тілін үйрететін орта­лықтардың оқу ақысы тым қымбат. Естуімше, сенің де тіл үйрететін орта­лықтарың бар көрінеді. Мұндағы оқу ақысы қалай?

– Иә, 14 жасымда ағылшын тілін мең­геріп қана қоймай, халықаралық жүйедегі тестерден жоғары ұпай жинап, екі халықаралық ұйыммен бірлесіп ағылшын мек­тебін аштық. «Saya education» деп атала­тын ағылшын тілін үйрету орталығымның негізін қаладым. Жалпы, өзім 9 жасымнан бастап сабақ бере бастадым. Жас айыр­машылығыма қарамастан, менің де сту­денттерім болды. Қазір де бар. Сабақтан бос уақытымда зияткерлік мектепте ағыл­шын тілінен сабақ беріп, табыс тауып жүрмін. Бұл мен үшін де, анам үшін де үлкен көмек. Айтпақшы, оқу ақысына кел­сек, ерекше қажеттіліктері бар, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына жеңілдік қарастырылған. Сәтін салса, биыл мұндай орталықты Астанадан ашуды жоспарлап отырмыз.

– Бос уақытыңды қалай өткізесің? Ағылшын тілінен басқа қандай хоб­биің бар?

– Мен кітаптарды көп оқимын. Шетел классикасын ғана емес, өз халқымыздың жазушыларының да шығармаларын оқи­мын. Сосын өте көп ізденемін. Менде бос уақыт жоқ деуге болады. Әрине, сергек болып, көп жұмыс істеу үшін міндетті түр­де спорт керек. Сондықтан спортпен айна­лысамын. Суға жүзуден кәсіби шебермін.

– Алдағы жоспарларыңмен, ар­ман-мақсаттарыңмен бөліссең...

– Биыл мектеп бітіргелі отырмын. Бі­рақ оқуға тапсыруға асығып отырғаным жоқ. Өзімнің жеке жоспарларым бар. Сәтін салса, жоғары білім алып, жақсы маман болсам деймін. Бірақ шетелде қал­ғым келмейді. Шетелдің ең үздік оқу ор­нына түсіп, алған білімімді еліміздің өр­кендеуіне жұмсағым келеді. Ол менің қолымнан келеді. Менде қабілет те, жігер де бар.

Сұхбаттасқан Рая ЕСКЕНДІР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:03

15:52

15:42

15:34

15:16

14:57

14:42

14:24

14:04

12:53

12:36

12:20

12:19

12:15

12:15

12:12

12:03

12:02

11:58

11:41

11:34

11:24

11:24

11:09

10:59