Алматының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына ретиналды камера орнатылды
Бұл құрылғы дәрігерлерге жаңа туған нәрестелердің көз патологиясын, соның ішінде шала туған нәрестелердің ретинопатиясын дер кезінде анықтауға көмектеседі. Орталықта заманауи диагностикалық құралдар «AYALA» қайырымдылық қорының «Әлемді көремін» жобасы және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асты.
Қайырымдылық қордың еліміздегі медициналық орталықтарына тарту еткен осымен жетінші ретиналды камерасы. Биыл осындай диагностикалық құрылғылармен тағы екі облыстық Перинаталдық орталықты – Ақтөбе мен Атыраудағы орталықтарды жарақтандыруды жоспарлап отыр.
FORUS NEO (Үндістан) ретиналды камерасы офтальмолог-дәрігерге реанимация жағдайында және жаңа туған нәрестені ӨЖЖ аппаратына қосқанда да баланы диагностикалауға мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндік басқа құрылғыларда жоқ.
«AYALA» қайырымдылық қоры «Әлемді көремін» жобасын үшінші жыл жүзеге асырып келеді. Қор тиімді қайырымдылық тәсілін қолдана отырып, қазақстандық офтальмолог-дәрігерлерге Қазақстанның 17 перинаталдық және ғылыми орталықтарында 4,5 мыңнан астам жаңа туған нәрестелерді диагностикалауға, оларды 26 бірлік диагностикалық және лазерлік жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесті.
«Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жыл сайын 8,2 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді, оның ішінде дене салмағы өте төмен 800 шақты сәби бар. Ретиналды камера бұл орталықтың офтальмологтарына жедел және дәл диагноз қоюға және қажетті емді уақытылы ұсынуға көмектеседі, соның арқасында жүздеген бала көру қабілеті бойынша мүгедектіктен құтыла алады», – деп атап өтті «AYALA» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
Қайырымдылық қор 2021 жылдың мамырынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен Меморандумға сәйкес «Әлемді көремін» жобасын жүзеге асыруда. 2023 жылдың қазан айында қор Алматы қаласы ҚДСБ Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығымен де Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жобаны іске асыру кезінде Қазақстанда ретинопатияға байланысты шала туған балалардың көру қабілеті бойынша мүгедектігі 0,6 пайызға дейін төмендеді.
Тақырыпқа орай
Сабина СМАҒҰЛОВА, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының офтальмолог-дәрігері:
– Бұл камераның ерекшелігі сол, бірнеше сурет түсіріп, ата-анасымен, шетелдік әріптестермен бөлісеміз. Хирургиялық емдеу әдісін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Процесс дайындық арқылы өтеді. Балалар өте кішкентай, яғни алғашқы тексеру туылғаннан кейін 21–25 күн ішінде өтеді. Камера баланы тексеруге дайындайды. Нақты уақыт режимінде одан әрі диагностикалау және емдеу үшін бірқатар суреттер түсіріледі.
Керек дерек
* Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы – шала туған нәрестелердің көз торының (жарыққа сезімтал аймағының) дамуының бұзылуымен байланысты ауруы, ол толық соқырлыққа әкелуі мүмкін. Бала мерзімінен неғұрлым ерте туған сайын онда ретинопатияның күрделі түрлерінің пайда болу ықтималдығы жоғары болады, өйткені көз торының қалыптасуы гестацияның 39-40 аптасында ғана аяқталады. Қазақстанда жыл сайын 20 000-нан астам шала туған нәрестелер дүниеге келеді, олардың 20%-ын дене салмағы 500-ден 1000 грамға дейін өте төмен балалар құрайды. Шала туған балалардың ретинопатиясында ешқандай сыртқы белгілер жоқ. Сондықтан арнайы жабдықтардың көмегімен мамандандырылған және білікті офтальмолог қана аурудың белгілерін ерте анықтап, баланы лазермен хирургиялық түзетуге жібере алады. «AYALA» қайырымдылық қоры – Қазақстандағы неонатологияға маманданған жалғыз қайырымдылық қоры.