Төл теңгемізге – 30 жыл!
Бүгінде қазақ теңгесі қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі боларлықтай сапаға ие
Ұлттық валюта – теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы. Экономикалық өсудің негізі ретінде өзіндік ақша бірлігін енгізу кез келген мемлекеттің тарихында ерекше рөл атқарады.
Теңге қазақ халқының тарихындағы алғашқы айналымға енген ақша бірлігі емес екендігі сонау өткен тарихымыздан белгілі. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қазақ даласында айырбас саудада бағалы аң терілерін, металдан жасалған теңгелерді тауар айналымы ретінде қолданған. Тарихи еңбектерде алғашқы теңгелерді бірінші ғасырда-ақ ғұндар жасаған деген мәлімет беріледі. Оның бір бетіне пехлеви, екінші бетінде түркі руна (эфталит) жазуы болған. Бұл теңгелер V-VI ғасырларда сауда айналымына пайдаланылған. Теңгенің пайда болуы мен сауда айналымына енуіне Ұлы Жібек жолының қазақ жері арқылы өтуінің және оған ежелгі түркілердің ие болуының ықпалы өте зор болды. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу арқылы өткен. Оның Суяб, Тараз, Испиджаб қалалары арқылы өтетін телімдері бойында орналасқан ежелгі қазақ даласында сауда, айырбас сауда түрі ертеден қалыптасқан. Испиджабқа одан солтүстік-батыс жақтағы Фарабқа, Шауғарға және одан әрі қарай Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталық Қазақстанға кететін тармақтары шыққан. Сол тармақтарының бойында орналасқан қалаларда материалдық игіліктен басқа сауда да жасалды. Қалалар тауар айырбасының негізгі үш бағыты: елдер арасындағы, қала мен оның төңірегі арасындағы және қала мен көшпелі дала арасындағы бағыттары тоғысып жатты. Қазақ халқы айырбас түрінде сауда жасауда малдың терілерімен қатар бағалы аң терілері, қымбат металдар алтын және күміс кесектерін сауда-саттыққа жұмсаған.
V–VIІІ ғасырларда Шу, Талас, Сыр бойындағы қалалардың өрлеуі барысында қоладан билеушілердің таңбасы бейнеленген теңгелер жасалды. Мәселен, Суяб, Тараз қалаларындағы теңге шеберханаларында Ашина әулетінің рәмізі деп есептелген арыстан бейнеленген. Жетісуды мекендеген түргештердің теңгелерінде «Түркеш қаған теңгесі» немесе «Түркінің көк ханының теңгесі» деген жазулар болды. VІІ-VIІІ ғасырларда өз мәнеттерін орталық Сырдария мен Отырар жазирасында түрік әміршілері, ал Жетісуда түркештер мен тухсилер шығарды. ІХ-Х ғасырларда осы аумақ Саманид империясының құрамына кіргендіктен, Қазақстанның оңтүстігінде саманидтік әміршілердің мыс фельстері шығарылды. Мәнет сарайлары Отырарда (Фараб) және Испиджапта жұмыс істеді. Ақша айналысында 3 түрлі дирхемдер – мүсейяби, мұхаммеди мен штрифи болды.
Қазақ жерінде ақшаны жасау ісі Қарахан әулеті тұсында жақсы өріс алды. Осы мезгілде қалалар қанат жайып, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғайған. Экономиканың өркендеуі ақша айналасында аса зор қаражат ағынын қажетсінген. Күмістің жетіспеушілігінен мәнет сарайлары дирхемдерді, яғни «күмістелген» деп аталатын беті күміспен жалатылған мыс мәнеттерін соға бастады. Ұсақ бөлшек саудада мыстан жасалған фельстермен есеп айырысты. Алтыннан жасалған мәнеттер саудада даналап емес, салмағына қарай қажеттілік бойынша майда кесектерге сындырылатын. Сол кезенде Қазақстан аумағында Баласағұн, Барысхан, Испиджаб, Фараб, Будыккент қалаларында мәнет сарайлары қызмет етті.
Қарахан әулеті ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін, ақша айналымындағы тиындардың атауы да «динар, дирхем, фулс» деген арабша атауға ие болды. Яғни Қыпшақ тайпасы жайлаған Дешті Қыпшақ даласында күміс және мыс ақшаны қазіргі біз қолданып жүрген ақшаның атауымен атаған. Мәселен, алғашқысын танга (теңге), кейінгісін пул (пұл) деп атаған.
Орталық Азияның он алты қаласында, шамамен 1260–1280 жылдардың өзінде-ақ мәнет соғатын ірі сарайлар болған. Қазақстан аумағындағы сол кездегі Тараз, Жентте, т.б. қалаларда теңге сарайлары жұмыс істеген. Теңгелерде көбіне арыстан, сұңқар, балық суреттері бейнеленген. Кейбір дирхемдер мен пұлдарда шоқ жұлдыздардың бейнесі салынса, кейбірінде тотықұстың суреті салынған. Динар деп алтыннан соғылған тиынды айтатын болса, күміс тиынды дирхем деп атаған. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалаларда сауда саттық жасауда дирхем, динар, пени, манат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша бірліктері айналымға түскен.
XIV ғасырдың аяғында Қазақстанда әмір Темірдің мәнеттері айналыста болды. Сырдария өңірінің қалалары тимуридтер империясының құрамына кірді. Сонымен бірге, қазақстандық қалаларда сауда үшін Бұхарадан, Самарқаннан, Ташкент, Ақсы, Шахрұхи, Хисардан әкелінген мәнеттер, негізінен мыс динарлары пайдаланылды. XV ғасырдың басында Отырар мен оның айналасында үш дәрежелі тәңге атты күміс мәнеттері пайдаланылды. Негізгі атауы тәңге, оның ширегі – мір, ал он екіден бір бөлігі – тәңгеше деп аталынды. XV ғасырдың соңынан XVII ғасырдың бірінші жартысына дейін мәнет сарайлары Яссыда (Түркістан), Сауранда, Сығанақта, Сайрамда үздіксіз жұмыс істеді. XVI ғасырдың орта тұсында Яссыда шейбан Ескендір хан күміс мәнеттерін шығарды. Ташкентпен бірге Сырдария жағасындағы қалаларда сауда айналымында күмістен жасалған теңгелер қолданыста болды. XIX ғасырда барлық сауда қатынастары тек орыс ақша белгілерімен жүргізілді.
Ата-бабаларымыз қағаз ақшаны аққұйрық, ал, металл ақшаны бақыр, қара бақыр, күреш, қара күреш, шақа, соқыр, жармақ, тиын деп түрлі атаумен атаған. Сонымен қатар, көлемі мен салмағына қарай алтын мен күмісті тайтұяқ, атантұяқ, қойтұяқ, ботагөз деп атаған. Сонымен әртүрлі кезеңде жасалған теңгелердің өз ерекшеліктері болған. Ресей империясының отарлауы барысында қазақтардың төл ақшасы ығыстырылып, орыс ақшалары, халық арасында «сөлкебай» деп аталып кеткен монеталар сауда айналымында болды.
Кеңестік билік тұсында кеңестік ақшалар мен тиындар қолданыста болып, Қазақстан біртұтас рубль аймағына болды. Ресей 1992 жылы 26 шілдеде өзінің төл валютасын енгізді, сол кезден бастап, рубль аймағындағы елдер Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанда қаржылық жүйелерін бөліп жіберді. Қазақстанға Ресей Орталық банкі қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан рубльді пайдалану үшін Ресейдің құрамына, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енуі керек және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек деген талаптар қойды. Қорыта айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды.
Қазақстанға КСРО-ның рубльдері ғана емес, рубль аймағынан шыққан елдерден де рубльдер келіп жатты. Айналымдағы рубль күннен-күнге құнсызданып сол кезде халықтың айтуынша, «сабан ақшаға» айналды. Осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстанның төл валютасын шығаруға еріксіз жол ашты.
Англияның атақты «Харрисон және ұлдары» компаниясымен ұлттық валюта – теңге жасау туралы келісім-шарт жасалып, 1993 жылы теңгенің алғашқы партиясы басылып шықты, теңге сол жылы қарашаның 15 күні айналымға енді. Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталарында еліміздің саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі, ал сыртында кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары басылды. Мәселен, 1 теңге – Әбу Насыр әл-Фарабидің суреті, 3 теңге – ақын Сүйінбай Аронұлының суреті, 5 теңге – композитор Құрманғазы Сағырбайұлының портреті, 10 теңге – шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың, 20 теңге – ақын Абай Құнанбаев, 50 теңге – Әбілқайыр ханның суреті, 100 теңге – Абылай ханның портреті берілген болатын.
1993 жылы басылған «Портреттер» айналымында қазақ тарихындағы орны бар тарихи тұлғалар бейнеленді. Ал одан кейін төл валютамызға басылған «әл-Фараби» сериясы шықты. 1993 жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау бөлімшелері ашылып жатты. Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеттермен алмасты. Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы 1995 жылы 19 мамырда толық аяқталып, ресми ашылды. Ал монеттер Өскеменде орналасқан монета сарайында дайындалады. Бүгінге Қазақ елінің төл валютасы республикамыздың өзінде басылып шығады.
2019 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет номиналы 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік ұлттық валютаның айналыстағы монеталары мемлекеттік тілдегі жазулары латын графикасы арқылы шығарыла бастады. Бүгінгі күні банкнот диапазоны 500, 1000, 2000, 5000, 10 мың және 20 мың теңгелік банкноттардың номиналдарынан тұрады. Монеталар диапазоны 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100, 200 теңгелік ретті еселік құрылым болып табылады.
Қай елдің болмасын валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайды, заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Ел арасында «Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер» деген тәлсім, өмірден алынған шындық. Тіршіліктің арбасының дөңгелегі – теңгемен дөңгеленіп тұр.
Бүгінде мемлекеттің дамуында теңге маңызды рөл атқарады, онсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүмкін емес. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте дүниеге келген ұлттық валютамыз 30 жыл уақыт ішінде Қазақстанның дербес қаржылық, экономикалық жүйесін қалыптастыруға негіз қалады. Бүгінде тәуелсіздігіміздің символына айналған ұлттық валютамыз – теңге уақыт талабына сай оның дизайны өзгеріп, қорғаныстық қабілеті жетілдіріліп, халықтың қажетін өтеп келеді. Төл теңгеміз 30 жыл ішінде дизайны, сапасы, сонымен қатар, әлемнің валюталары арасындағы 18 қорғаныс дәрежесі бар ең қорғалатын валюталардың бірі. Үш жыл қатарынан – 2011, 2012, 2013 – әлемдегі ең әдемі ақша деп танылды. Бүгінде қазақстандық теңге қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі боларлықтай сапаға ие.
Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің тізбекті қаржылық саясатының негізінде елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады. Мемлекет ішіндегі қаржы айналымы да теңге арқылы орындалады. Бүгінде ұлттық валюта барша мемлекеттер мен халықтар үшін өте ыңғайлы және экономикалық негізі бар қаржы құралы.Қазақстан Республикасы 1997 жылдан бастап 15 қараша – Ұлттық валюта күні деп атап өтетін болды. Сонымен қатар, бұл күнді қаржыгерлер мен банк қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өту дәстүрі қалыптасты.