ҚР Үкіметінің кезекті отырысында ҚР Үкіметінің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу барысы және ҚР Үкіметінің 2024 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасы қаралды. Аталған мәселе бойынша әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспары Парламент Мәжілісіне 32 заң жобасын әзірлеуді және енгізуді көздеген болатын. Жыл ішінде Жоспарға 7 өзгеріс енгізілді. 4 заң жобасы бойынша енгізу мерзімдері ауыстырылды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша заң жобасы алынып тасталды және 8 жаңа жоба толықтырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Primeminister.kz сайтының мәліметінше, қазіргі уақытта 32 жобаның бесеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, 20-сы Парламенттің қарауында жатыр, бесеуі – Үкіметтің қарауында, екі заң жобасы – мемлекеттік органдардың келісуінде. Өз кезегінде министрліктердің қайта құрылуына, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен тұжырымдамалық мәселелерді пысықтауға байланысты Су және Құрылыс кодекстерінің жобалары бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
«Мемлекеттік органдар заң жобалау жұмысын нашар жоспарлағанына назар аударғым келеді, оның нәтижесінде мерзімдер жиі өзгеріп, Жоспардан алып тастау фактілері орын алды. Мысалы, Су кодексінің Жоспарға сәйкес енгізу мерзімдері екі рет түзетіліп, сондай-ақ Үкіметке мерзімі бұзыла отырып енгізілді», — деді Азамат Есқараев.
Бұдан басқа Жоспардан тыс 18 заң жобасы әзірленді, 70-ке жуық жекелеген түзету топтамасына бастамашылық жасалды, сондай-ақ бұл заң жобалау жұмысының тиісті дәрежеде жоспарланбағанын көрсетеді.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мемлекеттік органдарға заң жобалау жұмысын жоспарлау кезінде болжамды-талдамалық жұмысты күшейтуді тапсыруды сұраймын», —деді әділет министрі Азамат Есқараев.
Әрі қарай министр 2024 жылға арналған Жоспар жобасы туралы айтып өтті. Атап айтқанда, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2024 жылға арналған жоспарының жобасы мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде әзірленіп, 21 қыркүйекте Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияда мақұлданды.
Бастапқыда Жоспар жобасында 16 заң жобасын әзірлеу көзделген болатын. 7 қарашада оны таныстыру барысында негізгі ережелері, сондай-ақ оларды әзірлеу негіздері баяндалды. Бүгінде Жоспарға шамалы өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Парламент депутаттарының ұқсас заң жобасына бастамашылық жасағанына байланысты тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша заң жобасы Жоспар жобасынан алып тасталды. Архив ісі және мәденит меәселелері бойынша және «Кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы» заң жобалары қосымша енгізілді.
Әділет министрінің айтуынша, ұсынылып отырған Жоспар жобасында Президент Әкімшілігінің ескертулері ескерілген. Пысықталған Жоспар жобасы 18 заң жобасын әзірлеуді көздейді, оның ішінде Парламентке бірінші жартыжылдықта үш, екінші жартыжылдықта 15 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр.
«Аталған заң жобаларының консультативтік құжаттары ведомствоаралық комиссияда мақұлданды», — деді әділет министрі Азамат Есқараев.