Альбина Шағимұратова мен Глинка атындағы вокалистер байқауының лауреаттары Абай атындағы ҚМОБ театрының сахнасында алғаш рет өнер көрсетеді

  • 14:58, 08 қазан 2025
Альбина Шағимұратова мен Глинка атындағы вокалистер байқауының лауреаттары Абай атындағы ҚМОБ театрының сахнасында алғаш рет өнер көрсетеді kazgor.kz

13 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында әлемге танымал опера әншісі, Татарстан Республикасының халық әртісі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Габдулла Тукай атындағы Татарстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Альбина Шағимұратова және Михаил Иванович Глинка атындағы халықаралық вокалистер байқауының лауреаттары қатысатын концерт өтеді.

Концерт Альбина Шағимұратова мен байқау жеңімпаздарының халықаралық гастрольдік туры аясында ұйымдастырылып отыр. Турдың мақсаты – 2024 жылғы байқау жеңімпаздарының шығармашылығын Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Армения және Беларусь көрермендеріне таныстыру.

 Әнші атап өткендей, Қазақстан бұл ауқымды турдың маңызды бөлігі болып табылады. Тур әйгілі опера жұлдызы, байқаудың негізін қалаушы әрі оны 40 жылдан астам уақыт басқарған Ирина Архипованың 100 жылдығына арналған.

 «Бұл гастрольдер – біз үшін Алма-Атыны, Астананы және Қазақстанды жақынырақ танып-білуге, жаңа мәдениет пен көрермендермен жүздесуге тамаша мүмкіндік. Мұндай шығармашылық байланыстар тек музыка әлемі үшін ғана емес, жалпы өміріміз үшін де аса маңызды», – дейді Альбина Шағимұратова.

Кеш бағдарламасында әлемдік опера классикасының жауһарлары — В. А. Моцарт, Дж. Верди, В. Беллини, Г. Доницетти, Дж. Россини, А. Бородин, Н. Римский-Корсаков, И. Стравинский және басқа да композиторлардың туындылары орындалады.

 Шағимұратованың ерекше тембрлі дауысы мен шеберлігі оны әлемнің жетекші сахналарында — Ковент-Гарден, Ла Скала, Вена мемлекеттік операсы, Метрополитен-опера және Бавария опера театрларында зор қошеметке бөледі. Қазақстандық көрермендерге әнші В. Беллинидің «Норма» операсындағы атақты «Casta diva» каватинасын және Дж. Вердидің «Отелло» операсындағы Дездемона ариясын ұсынады.

 Сонымен қатар сахнада:

  • Екатерина Савникова (III сыйлық, сопрано),
  • Екатерина Лукаш (I сыйлық, меццо-сопрано),
  • Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Отабек Назиров (I сыйлық, тенор),
  • Константин Федотов (II сыйлық, бас),
  • Кирилл Попов (дипломант, тенор) өнер көрсетеді.
  •  Симфониялық оркестрді Татарстанның халық әртісі, маэстро Ренат Салаватов басқарады.
  •  Кештің финалында Дж. Вердидің «Травиата» операсындағы атақты «Застольная» орындалып, оны Альбина Шағимұратова жас орындаушылармен бірге орындайды.

 Маэстро Ренат Салаватов атап өтті:

«Бұл – ерекше мәдени оқиға. Біздің сахнада беделді Глинка байқауының лауреаттары өнер көрсетеді. Олар көрермен мен қазылардың жүрегін жаулап, әлемге жол тартқан жас дарындар. Альбина Шағимұратоваға алғыс білдіремін — ол тек әлем сахналарында өнер көрсетіп қана қоймай, байқаудың көркемдік жетекшісі ретінде болашақ опера жұлдыздарын таныстыруға үлес қосуда.»

 Концерт күні: 2025 жылғы 13 қазан

Басталу уақыты: 19:00

Өтетін орны: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:25

17:13

17:05

16:55

16:42

16:37

16:18

16:11

15:39

15:03

14:58

14:40

14:38

14:30

14:15

14:05

12:45

12:33

12:22

12:00

11:47

11:38

11:24

11:09

10:47