"Жай ғана әзілдейін деп едім", "Қаншалықты алдайтынын тексергім келді", "Алаяқ екенін білемін ғой" деген желеумен алаяқтарды “сынап” көрмек болғандар көп жағдайда қалжыңдаймын деп, өз басына бәле тілеп алады.
Алаяқтар қалжың түсіне ме? Олармен "ойнаймын" деп, от басу мүмкін бе? Aqshamnews.kz тілшісі мәселені талдап көрді.
Алаяқтармен байланысты оқиға қалай аяқталады?
Көп жағдайда алаяқтардың қатысы бар оқиғалардың соңы бірдей: жәбірленуші ақшасынан айырылады, шоты бұғатталады, кейін "Бұл қалай болды?" деп аң-таң болады.
Fingramota.kz мамандарының айтуынша, алаяқ қоңырау шалғанда немесе хабарлама жібергенде адамдардың реакциясы әдетте екі түрлі болады: бірі қорқады, екіншісі өзіне тым сенімді болады. Қорқу - табиғи құбылыс. Ал шектен тыс сенімділік, керісінше, қауіп төндіруі мүмкін. Адам "бәрі бақылауымда" деп ойлаған сәтте, жағдай шын мәнінде оның бақылауынан шығып кетуі ықтимал.
"Жай сөйлесіп көремін" деу - қателік
Алаяқтар банкті немесе жүйені бұзуды көздемейді. Олардың басты нысанасы - адам.
Әккі алаяқтар үшін кейде телефон арқылы айтқан бір-екі ауыз сөздің өзі жеткілікті. Қылмыскерлер өз құрығына түскелі тұрған "құрбанының":
- қысымға қалай жауап беретінін,
- шешімді қаншалықты тез қабылдайтынын,
- "банк", "полиция", "қарыз", "несие" сөздеріне реакциясын,
- әңгімені жалғастыруға қаншалықты дайын екенін,
- эмоцияға қаншалықты берілетінін - осының бәрін аңғара алады.
Олар үшін жауаптың мазмұны емес, ең бастысы - жәбірленушісінің байланысқа шыққаны маңызды. Алаяқтар қоңырау шалған адам телефонды тастамай, сөйлесіп тұрса, бұл нөмірдің белсенді екенін білдіреді. Алаяқ үшін бұл қазір болмаса да, сәл кейінірк "жұмыс істеуге болады" деген белгі.
Алғашқы қоңырау көбіне барлау ретінде жасалады. Жәбірленуішісінің жай ғана "әзілдесу" кезіндегі дауысын ертең басқа бір сценарийде қолдануы мүмкін. Мысалы, оның туыстарына хабарласу үшін. Немесе келесі күні "банк қызметкері" атынан шынайы сияқты көрінетін қоңырау түсуі мүмкін. Әр қадам алдыңғысына қарағанда сенімдірек көрінеді, өйткені сценарий жәбірленушіге бейімделіп құрылады.
"Мен ешқандай дерек айтқан жоқпын" деу - қате түсінік
Көпшілік бастысы, "карта деректерін айтпадым", "СМС-код бермедім", "жай ғана сөйлестім" деп ойлайды.
Бірақ қазіргі алаяқтық тек карта нөмірі мен кодқа ғана негізделмейді. Кейде мына жайттардың өзі жеткілікті:
- нөмірдің белсенді екенін білу,
- адамның онлайн-банкинг қолданатынын түсіну,
- оның жалғыз екенін аңғару,
- дауысын жазып алу,
- сөйлеу мәнері мен интонациясын зерттеу.
Сыр көзге ұсақ-түйек болып көрінетін бұл мәліметтерден толық психологиялық портрет жасалады. Ал "жай сөйлесу" көбіне сол процестің алғашқы қадамына айналады.
Аз сома - үлкен қақпан
"Жеткізу үшін 300 теңге", "тексеру үшін 1000 теңге" деген шағын сомалар - алаяқтар үшін сынақ.
Мұнда маңыздысы - жоғалған ақша көлемі емес. Адамдардың оны байқап-байқамайтындығы мен елеп-ескермейтіндігінде. Банкке хабарласа ма? Әлде "ұсақ-түйек қой" деп мән бермей ме?
Егер үнсіз қалса, бұл алаяққа "жалғастыра бер"деген белгі. Кейінірек:
- қайталанатын есептен шығару,
- жасырын жазылым,
- "қайтарым" деген атпен жаңа аударым,
- тіпті несие рәсімдеу әрекеті басталуы мүмкін.
Тағы бір мәселе – психология. Адамдардың көбі "болмашы сомаға алдандым" деуге ұялады. Дәл осы үнсіздік қылмыскерлерге жол ашады.
Адам үндемесе, банк те күдікті схема туралы білмейді. Жақындары ескертілмейді. Ал алаяқтар бір сценарийді қайта-қайта қолдана береді.
"Әзілден" басталып, "сан соқтырған" оқиғалар
Мамандардың келтірер мысалдары да аз емес. Бір ер адамға "банктенбіз" деп хабарласқан. Телефон тұтқасын көтерген адам хабарласушының алаяқ екенін біле тұра, әзілге көшкен. Бірнеше күннен кейін алаяқпен "қалжыңдасқан" адамға "бонус" туралы хабарлама келіп, қосымшаға кіре алмай қалған.
Тағы бір мысал: бір қыз "курьерлік қызметтен" келген хабарламаны қызық үшін тексерген. Нөмірін және "растау кодын" енгізген. Ақша бірден алынбаған. Бірақ түнде барлық қаражаты шешіліп кеткен.
Енді бір жасөспірім мессенджерде "қызық үшін" жазысқан. Бір аптадан кейін оның аккаунтынан туыстарына ақша сұраған хабарламалар тараған.
Бұл оқиғалардың бәріне ортақ нәрсе - әр адам өзін жағдайды бақылап отырмын деп ойлаған. Бірақ, бәрінің соңы "сан соғып қалумен" аяқталған.
Не істеу керек?
- Кез келген күмәнді қоңырау немесе хабарлама түскенде:
- әңгімені бірден тоқтатыңыз;
- банкке тек ресми нөмір арқылы өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз;
- күмән туса, картаны дереу бұғаттаңыз;
- операциялар мен хабарламаларды мұқият тексеріңіз;
- мұндай жағдайларды жақындарыңызбен, әсіресе балалармен және егде жастағы туыстармен талқылаңыз.
Алаяқтар қалжыңды түсінбейді. Олар тек мүмкіндік іздейді. Ал олармен "жай ғана сөйлесу" сол мүмкіндікті өз қолыңызбен берумен тең.