Ағалы-інілі боксшы Айбек пен Нұрбек Оралбайлар бүгінде қазақ спортының жарқын жұлдыздарына айналды. Бірі былтыр Олимпиада чемпионы атанса, екіншісі биыл әлем чемпионатын бағындырды. Ағайыды спортшылар туралы не белгілі? Толығырақ Аqshamnews.kz материалында.
Айбек пен Нұрбек Оралбай 2000 жылғы 11 тамызда Жамбыл облысындағы Айша-бибі ауылында дүниеге келген. Шыққан тегі – көне тама руы. Нұрбек ағасы Айбектен бес минут кейін дүниеге келген.
Спорт жолындағы алғашқы қадам
Әкесі балаларын күреске бергісі келген. Алайда спорт секциясында оларға боксқа баруды ұсынған соң, ағайындылар қолғап киіп, рингке шықты. Тоғыз жасында олар алғашқы бапкері Асқар Еркебаевпен танысты. Еркебаев әрдайым егіз спортшымен жұмыс істеуді армандап, оларды Олимпиада чемпиондары етуді мақсат тұтқан. Бірнеше жыл бойы бапкердің жетекшілігімен Астанадағы "Алатау" спорт кешенінде шыныққан егіз кейін Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы спортқа дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына қабылданды.
Айбек Оралбай
Спортшы 90 келіден жоғарыларға арналған катергорияда жұдырықтасады.
Айбектің биылғы ең басты жеңісі – аты аңызға айналған кубалық Ла Крусты ұтуы. Ол – екі дүркін Олимпиада чемпионы (2016, 2020) әрі бес мәрте әлем чемпионы. Айбек алғашқы екі раундты алып, үшіншісінде нокдаун есептелгенімен, жеңісті бермеді.
Финалда өзбек боксшысы Зокировқа екі раунд ұтылып тұрса да, үшінші раундта керемет камбэк жасап, алтынды жеңіп алды.
olympic.kz
Нұрбек Оралбай
Спортшы – 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол 80 келі салмақта өнер көрсетеді.
gov.kz
Егіздің ерекшелігі
Айбек пен Нұрбек Оралбай – Олимпиадаға қатысқан қазақ боксының алғашқы егізі. Жалпы Олимпиада тарихында мұндай жағдай алты рет қана кездескен.
2021 жылғы ӘЧ-те Қазақстан атынан бірден екі егіз шықты: Оралбайлар және Тольтаевтар (Саматәлі мен Санатәлі).
2024 жылғы Олимпиада алдында ресейлік Sports.ru порталы Оралбайларды "қазақстандық Головкиндер" деп атап, Парижде бақылауға тұрарлық боксшылар қатарына енгізді. Айбекке Геннадий Головкиннің өзі де кеңес берген.
Айбек – Нұрбектен небәрі 5 минутқа үлкен. Отбасында төрт ұл, соның ішінде Айбек – тұңғышы.
sportilinet.kz
Балалық шақтарында Айбек 58 кг, Нұрбек 56 кг салмақта жұдырықтасқан. Бір рет Айбек сырқаттанып қалған кезде оның орнына Нұрбек шыққан. Жігіттердің айтуынша, мұны тіпті ешкім байқамаған.
Егізді әлі де шатастыратындар бар: мысалы, Париж Олимпиадасынан кейін Айбекті көпшілік Нұрбек деп құттықтап жүрген.
Боксқа келу жолы
Оралбайлар 8 жасында Астанаға көшкен. Әкесі Рахат – еркін күрестен спорт шебері, бастапқыда егізін күреске бергісі келген. Бірақ "Алатау" спорт кешенінде күрес секциясы болмай шығады. Сонда жас бапкер Асқар Еркебаев оған басқа ұсыныс айтқан.
"Аға, күрес жоқ, мен бокстан жаттықтырамын. Балаларыңыз егіз ғой, уақытша маған беріңіз. Тегін жаттықтырамын. Арманым – егізді әлем чемпионатына шығару", – деген ол.
Осылайша, ағайынды Оралбайлар боксқа келді.
sportilinet.kz
Балалық шақ
Жігіттердің әкесі Рахат Оралбай үш жерде жұмыс істеп, күзетші болып күнелткен. Анасы мектепте еден жуушы болып еңбек еткен. Ақша табу оңай болмады. Айбек пен Нұрбек қосымша табыс тауып, ата-анасына салмақ түсірмеуге тырысқан.
sportilinet.kz
"Біз ешқашан әке-шешемізден артық ақша сұрамадық. Керісінше, қалай көмектессек деп ойлайтынбыз. Көп спортшы қиындықты жеңе жүріп, үлкен жетістікке жетеді", – дейді Айбек.
Астанада өз үйі болмағандықтан, отбасы жиі пәтер ауыстырып жүрген. Кейін ағайындылар Степногордағы спорт-интернатқа түсіп, сегіз жыл жатақханада тұрған. Апталап үйге бармай, күніне екі рет жаттыққан.
"Сол кезде өзімізге "болашақта ата-анамызға жұмыс істетпейміз" деп серт бердік", – дейді ағайындылар.
Еркебаевтың арманы орындалды: Нұрбек – 2023 жылғы ӘЧ чемпионы, Айбек – 2025 жылғы ӘЧ жеңімпазы.
sportilinet.kz
Олимпиададағы мүмкіндік
Айбек жасөспірімдер деңгейінде жақсы нәтиже көрсеткенімен, ересектер арасына келгенде алғашында ауыр бейімделді. Париж Олимпиадасына лицензиялық турнирде алғашқы болып жолдама алғанымен, Олимпиадада екінші айналымда Әзербайжан атынан шыққан кубалық Лорен Альфонсодан жеңілді.
Ерекше сыйлықтар
Олимпиададан кейін Айбектің өзіне де сыйлықтар бұйырды. Мәселен, Димаш Құдайбергеннің анасы оған екі жылқы, ал Нұрбекке тон сыйлаған.
Кейін ағайындыларға мұнайдан жасалған ерекше картина, блогерлерден көлік пен ақша, тіпті Toyota Prado автокөліктері тарту етілген.
"Әрине, мен ондай сыйлықтар берілмесе екен деп айтамын. Адамдар бізді бөлмеуге тырысады, өйткені біз - егізбіз. Руслан Берденов маған да, Нұрбекке де Toyota Prado автокөлігін сыйға тартты. Мен бірнәрсе ұтып алсам, міндетті түрде Нұрбекпен бөлісемін, себебі біз – бір отбасымыз", - деді Айбек.
Спортшылардың жеке өмірі
Айбек 2022 жылы, Азия чемпионатында жеңіске жеткен соң шаңырақ көтерді. Сол жылы Нұрбек те чемпион атанып, Астана әкімі екі ағайындыға үш бөлмелі пәтер сыйлады.
Айбектің жұбайы – бұрынғы дзюдошы Аружан Жолдас. Ол Қазақстан жасөспірімдер құрамасында жүлдегер болған. Тұрмысқа шыққаннан кейін спорттық мансабын аяқтаған.
"Біз 2016 жылы Якутияда "Азия балалары" турнирінде таныстық. Кейін үйленген соң мен одан спортты қоюын сұрадым. Енді ол – ұлымның анасы. Ұлымды дзюдоға бергім келеді. Бокс жолы тым ауыр, ал дзюдо қазір қарқынды дамып жатыр", – дейді Айбек.
Кейінгі ақпарат бойынша, Нұрбек әлі бойдақ. Париж олимпиадасынан кейін желі қолданушылар Нұрбекке қызығушылық танытып, танысуға бекінген еді.