Біз әдетте «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген әдемі сөзді жиі айтамыз, жиі естиміз. Бірақ көптеген отбасыларда осы жарасымның жоқтығы, нақтырақ айтқанда, бұл тұжырымның шындықпен сәйкесе бермейтіні ойландырмайды.
Әсіресе мәселе – кейбір әкелердің отбасындағы, бала тәрбиесіндегі өзінің орнын, жауапкершілігін сезінуіне қатысты болғанда барлығы ойдағыдай дей алмасымыз анық. Әрине, перзенттерінің не ішіп, не жегеніне ғана емес, не істеп, не ойлап жүргеніне, қалай өсіп келе жатқанына да барынша ден қоятын отағасылар жоқ емес. Заманауи үрдіске қарай, бірқатар әкелер тіпті сәбиінің дүниеге келу процесіне де қатысып, одан кейінгі күтімін де жарымен бірге жасап жасап, баланы бағып-қағу, аман-есен өсіру, тәрбиелеу міндетін бірге атқарып жатады.
Дегенмен, бұл – барлық отбасына тән жағдай емес. Сайып келгенде, өзінің жанұядағы міндетін ақша табу, бала-шағаны асырау деп қана түсінетін әкелер жетіп-артылады. Олар жұмыстан шаршап келгенін немесе әлдебір маңызды шаруамен басы қатып жүргенін, уақытының жоқтығын желеу етіп, балаға көңіл бөлмейді. Перзенті қай балабақшаға барады, қай сыныпта оқиды, үлгерімі, көңіл күйі қалай, оны не мазалайды, оған бас қатырып жатпайды. Мұндай отбасындағы әке – тек қана асыраушы немесе әйел адамның «әкеңе айтам», «әкең өлтіреді» деп балаларды оларға жат, суық, әлдебір сұсты «бөжеймен» қорқытатын «құралы». Осылайша, қамқорлық жасау толықтай ана құзырына көшеді де, бала әке тәрбиесінен қағылады. Ал шындығында, қыздың да, ұлдың да тұлға болып қалыптасуында әке тәрбиесінің маңызы орасан зор. Тіпті бала болашағының қалай болатыны да әке мейірімі мен сүйіспеншілігіне, қолдауына көп байланысты. Бұл ретте, Фрейдке жүгінсек, «Балаға әке қамқорлығынан артық мұқтаждық жоқ».
«Соңғы кезде қоғамда әке институтының әлсіреп кеткені рас. Негізі, әкенің тәрбиесі ағзадағы бас сияқты дүние. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әкенің балаға беретін тәрбиесі ашаршылық кезде бүкіл елге ұн таратып беріп, өлімнен алып қалғаннан жоғары» деп айтқан. Өйткені, жанұяның, қоғамның артында келешек бар. Сондықтан мұны ораза ұстау, намаз оқу сияқты парыз деп айтуға болады. Әкенің балаға қалдырған ең үлкен сыйлығы – тәрбиесі, әке бола алуы. Қазір шын мәнінде, әкелеріміз, ол – ақша тапқандықтан ғана отбасында сөзі өтуші, дүниеге байланысты ғана бәрі одан қорқады, именеді. Бірақ әкелік рөлді ақшамен ғана өлшеген адам әке бола алмайды. Кезінде имам Разидан: «Әке баланы қалай тәрбиелеуі керек?» деп сұрағанда: «Баланы тәрбиелемей-ақ қой. Сен өзіңді тәрбиеле. Сонда балаң сен болып шығады» деген екен. Сондықтан әке ең бірінші өзін тәрбиелеуі керек. Оның жарымен сыйластығына, жарасымды қарым-қатынасына қарай ұрпағы да ары қарай үйлесімді дамиды, – дейді танымал имам Нұрлан Байжігітұлы.
Өкінішке қарай, бала тәрбиесімен айналысуды ер адамның міндеті санамайтындар жетерлік. Мысалы, мектептегі жиналысқа көбіне аналардың ғана келетінін, баласының сабақ үлгерімі, даму деңгейі, қатарластарымен қарым-қатынаста өз-өзін қалай ұстайтыны, жалпы, сырттағы мінез-құлқы, тәртібі бірен-саран әкелерді болмаса, көпшілігін қызықтыра бермейтінін ұстаздар қауымынан жиі естиміз. Яғни бұл, көп жағдайда, әйелдер – әке де, ана да болып жүргенінің айғағы.
Әдетте әке атаулы перзенті кішкентай кезінде өзін шеткері ұстап, жылылық танытпаса, қатыгездігімен көңілін суытса, ержеткенде баланың да оған деген туыстық, сыйластық сезімі төмен болатыны даусыз. Сәбидің өмірге келуіне себепкерлігі ғана болмаса, тәрбие былай тұрсын, тіпті асырап, жеткізуші тұрғысындағы міндетін де атқармай, керісінше, әйелге, балаға қол көтеріп, қит етсе, балағаттап, жанжал шығарып, отбасын ойран етуге дейін баратын адам күні ертең ұрпағынан қандай жақындық, сыйластық күтпек?!
Осы орайда, баланың ата-анаға құрметі жөнінде жиі айтылатын бір әңгіме ойға оралады. Соны тілге тиек еткен әлдекім жақында бір басқосуда: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір жігіт келіп: «Әкем «Ананы пәленшеге бер», «мынаны түгеншеге бер» деп, дүниеме араласа береді. Менің тапқан дүниеме әкемнің үкім жүргізуге хақысы бар ма?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен де, дүниең де – әкеңдікі. Екеуіңді де жұмсайды» депті. Демек, балаға, оның бүкіл мал-мүлкіне, табысына әкесі өмір бойы иелік етуге хақылы» деген сөз» деп уағыз айтқан болды. Иә, имандылық тұрғысынан дұрыс-ақ. Бірақ баласының сондай үлкен жетістікке, дәулетке қол жеткізуіне кезінде әкесінің қаншалықты еңбегі сіңді, қандай үлесі болды?! Әділдік үшін мұны да ескерген жөн.
Отбасындағы қарым-қатынас, тәрбие дұрыс болған жағдайда кез келген бала өз әкесін идеал тұтып өседі, оны әлемдегі ең дара, ең дана адам санайды. Психологтер тәрбиеге бірдей араласатын әкелер мен аналарды салыстыра келе, баланың дамуына аналарға қарағанда әкелердің жақсы әсер ететінін анықтаған. Сондай-ақ әке мен ананың тәрбиелеу мәнерін таразылау барысында мамандар әке авторитаризмі баланың ойлау қабілетіне оң ықпал етсе, ана үстемдігінің керісінше жағымсыз әсері болатынын айтқан.
Бастапқы әңгімеге қайта оралсақ, әкенің асқар тау ретіндегі міндеті – балаға арқасүйер, қорған болар қамқорлығымен, қалыптасу жолында дұрыс жол нұсқар үлгі-өнегесімен, тәрбиесімен өлшенбек. Ең бастысы, ертең балалардың жадында болу үшін бүгін олардың өмірінде болу маңызды.