Желтоқсанның ызғарлы әрі құбылмалы амалдарының бірі. Осы кезде қар қиыршықталып, қатты әрі нығыз болып жауған. Бұрынғылар бұл амалды «сары қар» деп те атаған.
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, желтоқсанның 8-і. Ай жүйесі айдың 14-ін көрсетіп тұр. Ал қазақы есепке сүйенсек, бүгінгі күнді қоспағанда, енді 5 күннен кейін желді айы басталады. Апта айды түгел қамтыған. Демек, бұл көрініс ауа райында айтарлықтай өзгеріс: қар, жаңбыр, жел, боран орын алатынын білдірсе керек. Бірақ бұл құбылыс шаруаға аса қолайсыз жағдай туғызбауға тиіс.
Қыстың бастауы болған, соңғы тоқсанның көшін бастаған «Қырбастың қызылы» амалы әлі жүріп жатыр. Аптаның соңына дейін созылады. Пайым бойынша, қар жаууы, күн суытуы тиіс. Солай болып та тұр. Алматылықтардың бетін үсітіп, құлағын түсіретіндей аяз болмағанымен, амал кезінде тұман, көктайғақ, ызғар бой көрсетіп, қала тұрғындарын шарасыз халге түсірді. «Қырбастың қызылы» амалының әсері болса керек бұл көрініс.
Өткен жолғы хабарымызда «Ақырып келетін, қарлы боранын шақырып келетін» «Ақырап» амалы келе жатқанын жазғанбыз. Бұл амал осы желді айының 10-ы күні басталып, 15- іне дейін созылады.
Бұл амалды бұрынғылар «сары қар» деп те атаған. Өйткені, осы кезде қар қиыршықталып, қатты әрі нығыз болып жауған. Амал кезінде күзеулікке қалың қар түсіп, сүреңсіз тіршілік басталатын болған, ата-бабаларымыз соғымдық малдарды шығынға ұшыратпау үшін алдын ала қыстаулыққа жіберіп отырған.
Демек, алдағы аптаның ауа райы аса жайлы бола қоймауы ғажап емес. Алматыда анау айтқан аяз немесе боран болмағанымен, бір күн қар, бір күн жаңбыр ызғарлы желмен алмасып кейде ұйтқи соғып, кейде жаяу борасындатып отыратын сыңайлы.
Желтоқсан айының амалы көп, жел мен ызғарға мол ай екенін өткен пайымымызда ескерткенбіз. «Қырбастың қызылы», «Ақырап», «Теке бұрқыл», «Киіктің матауы», «Сірне», «Аю жатқан» амалдары осы айдың еншісінде.
Аспан денелерінің қазіргі қозғалысына, бір-бірімен қарым-қатынасына, құс жолының анық көрінбеуіне қарағанда, күн аралатып қар, жаңбыр және ызғар соғып тұратынға саяды. Өткен аптамен салыстырғанда алдағы аптада (8 – 14 желтоқсан аралығы) ауа райында суықтық аңғарылады.
Амалға қатысты айтылған «Ақырап» ақырып келеді, қарлы боранын шақырып келеді» деген мақалдың шын мәнінде затына сай айтылғанын ұғынғандай боламыз. Қар да (көбінесе), жаңбыр да жаууы ғажап емес. «Ақыраптан» кейін тентек амал «Теке бұрқыл» амалының кезек күтіп тұрған да ұмытпағанымыз жөн...