Қарашаның 17 жұлдызында Алматы музейінде Нигерия-Ганалық суретші Мозес Зибордың «Біз жалғыз емеспіз» атты жеке көрмесі өтті. Аталмыш көрмеде суретшінің көбінесе портреттік жанрдағы 40-тан астам картинасы қойылған.
Мозес Зибор 1978 жылы Лагос қаласында дүниеге келген. Оның өнерге деген құштарлығы жеті жасында басталып, өмірінің басты бағытына айналды. Алдымен Нигериядағы беделді көркемсурет мектебін, кейін 2008 жылы үздік 100 студент қатарында Яба технологиялық колледжін тәмамдайды. Өмір жолы оны Алматыға алып келіп, біраз шығармашылық тоқыраудан кейін дос-жарандарының қолдауымен өнерге қайтып оралады. Суретші алғашқы көрмесі Алматыда өткенін, оңтүстік астана – оның өнеріне тағы бір үміт сыйлаған, шығармашылық қаласы екенін ерекше атап өтті. Біздегі көркемсурет мектебінде білім алып, Мозес модельдік бизнеске де араласа бастады. Ол үш жеке көрме өткізіп, Нигерия. Лондон Арт Экспо, Ұлыбритания, Калифорния, АҚШ және Қазақстандағы көптеген топтық көрмелерге қатысқан.
Алматының шығармашылық кеңістігіне әбден сіңісіп кеткен нигериялық суретші көрмедегі автопортреттер мен жақындары, дос-жарандарының бейнесі арқылы алматылық өнер сүйер қауымға нигериялық, жалпы, африкалық тіршілікті көрсетуді мақсат тұтқан. Мұнда электр қуаты болмағандықтан, жанармаймен істейтін бір ғана құрылғымен (блендер) отбасын баққан суретшінің анасы «Блендер» картинасында бейнеленсе, келесі бір суретте көзі қыли, сол себепті бала кезден мазаққа қалған, кейін дарынды математик, Нигериядағы ең ауқатты адамаға айналған досы Кваме басты кейіпкер ретінде алынған.
«Менің анам осы блендермен-ақ мені бағып, менің оқуыма, киім-кешегіме, болашағыма инвестиция болар біліміме қаражат тапты. Бүгінгі менің жеткен жетістігімнің барлығы бірінші кезекте анамның арқасы. Мен бүкіл әлем аналарын «батырлар» дер едім», - деп суретші өз ойымен бөлісті.
Келесі бір «Бимбо тыныштығы» картинасы суретші өмірінде өзіндік орны бар, алғашқы махаббатына арналады. Оның сезімі жауапсыз қалғанымен, шығармашылығында өзіндік ізін қалдырғаны сөзсіз.
Көркемдік көріністері импульсивті импрессионизмнен реализмге дейін бой алатын жан-жақты суретшінің көрмесінде портреттерден бөлек, сюрреализм жанрындағы картиналарды да байқауға болады. Мысалы, «Міндеттерсіз» картинасында автопортретке садақ түріндегі символикалыр қосылып, автордың өзінің жан дүниесін өзі емдегені бейнеленген. Ал «Жол» суреті өз жолын таба алмай, адасқан Мозестің аквариумда тұншыққан түрін көрсетеді. Ондағы «балықтар» - сөзімен, ісімен қолдаушылар болса, қара қарғалар – аяқтан тартушылар. Мұнда айтып отырған жанрымыз бар қырынан ашылған.
Суретші нағыз «реализмге» де бас ұрады. «Тұрақты ештеңе жоқ» портретінде «СССР» жазуы бар жемпір киген жігіт салынған. Мұндағы, «СССР» символикасы – картинаның басты ойын, әлемде мәгілік ештеңе жоқ екенін, тіпті, КСРО сынды империялардың құлайтынын хабарлап тұр. Жалпы советтік құбылыс біраз африкандық суретшілердің шығармашылығының тақырыбына өзек болған.
Суретші Алматыда тұрып, еңбек ететіндіктен оның шығармашылығында қазақи мотивтердің болуы шартты құбылыс. «Реинкарнация» картинасыда бейнеленген қара нәсілді келіншектің көйлегінде қазақи өрнектер, ал оң жағында біздің ұлттық символымыз – бүркіт бейнеленген. Мозес Шымбұлаққа алғаш көтерілгенде «бүркітті» көріп, қатты қызыққанын айтады. Қазақтарда құсбегілік бар екенін біліп, оның елінде де ата-бабалары аңшылықпен күн көргенін еске алады. Яғни суретте автор бүкіл әлем адамдары бір атадан тарағанын нигериялықтар мен қазақтардың ұқсастығын бейнелеу арқылы жеткізуге тырысқан.
Көрменің басты назар аударар тұсы – картиналардан бөлек, Африкадағы қиын өмірден сыр шертетін экспонаттар. Мұнда сіз ойыншығы жоқ африкандық балалар ойлап тапқан, пластикалық бөтелкелерден құрастырылған «көлікті», қақпақтар «футболистер» рөліндегі ойынның көрінісін, қолмен қарапайым ағаштан жасалған самокотты, ауылдан 20 шақырым жерде орналасқан жалғыз құдықтың экспозициясын көре аласыз. Автор барлық экспозицияларды келушілерге түсіндіріп, өз өмірінен мысалдар келтірді. Ол осындай қиындықтарда артта қалдырып, Қазақстанда белгілі бір жетістікке жеткеніне шын жүректен қуанатынын да жасырмады.
Жалпы Мозес Зибордың шығармашылығына баға берген Омаруи есімді өнертанушының сөзі оны нақты, тура сипаттағандай. Сондытан бүгінгі көрме шолуымызды сыншының сөзімен аяқтауды ұйғардық.
«Омоманың өнері әлемге африкалық өнердің терең, күрделі, кей жерде түсініксіз тұстарын паш етуге арналған. Мозес Зибордың жұмысы барлық осы талаптарға жауап береді. Мұның барлығы бір көргеннен рухани досыңды табумен теңбе-тен. Оның өнері африкалық тыныстың – шынайы айнасы».