Алматыдағы А.Чехов атындағы орталық кітапханада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Әділет пен парасат жолы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлайды Аqshamnews.kz.
Ата заңға құрмет ретінде көрермен залына әскери жас сарбаздар еліміздің Мемлекеттік туын салтанатпен алып кірді. Әнұран орындалды.
«Дөңгелек үстел» басындағы диалогтың беташар сөзін сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Расул Ахметов Конституциямыздың маңыздылығына тоқталды. Профессор, Ұлттық заң академиясының академигі Ақылбек Исабеков, ақын, ғалым Әділғазы Қайырбеков, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшелері – Бауыржан Сералин, Руслан Қансейтов, Тимур Рахымбай, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының қызметкері, аға лейтенант Мөлдір Ақжолқызы және тағы басқа да меймандар ой өрбітті.
Жиналған қауымға А.Чехов атындағы орталық кітапхананың қызметкері Сымбат Асанова оқырман залында ұйымдастырылған «Ата заң – мемлекет тірегі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Ол бүгінгі отыз жылдық белесінде ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ, елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
"Ата заң – біздің бағдаршам. Әрбір адам оның биік мұраттарын қолдай білуі керек. Ал заң, тәртіп бар жерде өмір де мәнді болады. Осы Конституцияны оқып отырған кезде көңіліме әркез жылы ұшырайтыны – тоғызыншы бабы. Онда Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Гимні туралы сипаттама беріледі және оларды ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленгені көрсетілген. Шыны керек, маған әртүрлі жиындарда кішкентай балдырғандардың қолында желбіреп тұратын кішкентай ғана көк жалаушаның өзі де шабыт береді, көңілімді асқақтатады. Гимн орындалғанда үлкен-кіші алақанын жүрек тұсына қоятын сәт те ерекше. Әрқайсымыздың жүрегімізде осындай патриоттық сезім ұялған болса, біз алмайтын қамал болмасы анық. Жас ұрпақ қасиетті рәміздерімізді әркез қадірлеп жүрсе екен деген тілегім бар" деді ол.
Айдос БЕКТҰРСЫН, жас маман, Қазақстан Жазушылар кітапханасының қызметкері:
"Ата Заңымыздың он тоғызыншы бабы азаматтардың мәдениеті мен білім алу құқына кепілдік береді. Ал бұл жолда біз секілді кітапхана қызметкерлері де үлкен үлес қосып жүр. Кітапхана – сөресінде кітаптар жиналып тұрған орын ғана емес, сонымен қатар ол – ақпараттық, мәдени және әлеуметтік кеңістік. Біз оқырмандарға кітаппен бірге, білім, идеялар және жаңа мүмкіндіктер ұсынамыз. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға да ерекше жағдай жасалған. Яғни Ата Заң міндеттегендей, цифрландыру бағдарламасы арқылы барлық оқырманға электрондық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз еттік. Жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге бағытталған тың жобаларды жүзеге асыру жолға қойылған. Біз азаматтардың ақпараттық сауатын арттыруға көмектесеміз. Білім іздеген студенттер үшін – оқу залы, зейнеткерлер үшін – әлеуметтену орталығы, ал мектеп оқушылары үшін – интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға жол ашатын алаң ұйымдастырылған. Демек, Конституция – бұл тек құқықтық құжат емес, біздің жарқын болашағымыздың кепілі" деп пікір білдірді.