Цифрланған дәуір есімізді экранға елітіп, пайымдауымызды пернетақтаға байлап тастағандай. Ақ қағазға қаламмен жазу да көбіміз үшін сирек сәтке айналып барады. Бірақ дәл осындай дәуірде қазақстандық қыздың нәзік қолтаңбасы шетелдік брендтердің назарын жаулап, оны халықаралық жобаларға дейін жетелегенін білесіз бе? Аqshamnews.kz тілшісі қаламмен ғаламды таңғалдырған қызылордалық қыздың ерекше оқиғасы жайлы тілдесті.
Бақ пен еңбектің тоғысы
Аружан Төлепова - Қызылорда қаласының тумасы. Кәсіби мамандығы бойынша IT-менеджер. Дегенмен, оның өмір жолын үшінші курста оқып жүргенінде кездейсоқ көрген бір бейнеролик түбегейлі өзгерткен. Ол желіден каллиграфиямен айналысатын қыздың парақшасын көріп, бұл салаға қызығушылық танытады. "Мен де жазып көрейінші" деген ниетпен қолына қалам алған ару, хоббиінің қалайша кәсібіне айналғанын әңгімелеп берді.
"Мектепте оқып жүргенімде де жазуым әдемі болды. Мұғалімдерім жиі мақтайтын. Негізі жазуы нашар адам да каллиграфияны меңгеріп ала алады. Ал менің бұл салаға қызығушылығым хоббиіме айналды. Мен процесстен, яғни өзім жазған әрбір жазбадан ләззат алатынмын. Ешкім тапсырыс бермесе де, өзіме ұнағандықтан кез келген нәрсе жаза беретінмін. Сол сүйіспеншілік, сол тұрақтылық бәрін өзгертті", – дейді Аружан.

Алғашқы табыс пен шетелдік ұсыныс
Сүйікті ісін тапқан Аружанның ең алғашқы кәсіби тапсырысы Франциядан келді.
"Желіге каллиграфиялық жұмыстарымды жариялап тұратынмын. Бірде Француз үйінен хабарласып, ашықхаттарды жазуға шақырды. Ол хабарламаны оқығанда сенер-сенбесімді білмедім. Бұл менің өмірімдегі жаңа кезеңнің бастауы болды", – дейді ол.
Содан бері оның Instagram-парақшасы кәсіби портфолиоға айналды. Әлемдік брендтер назар аударып, бірінен соң бірі байланысқа шыға бастайды.

"Қате болып қалды, басқа парақ берші" деп айта алмайсың"
Қазір Аружан Chanel, MaxMara және BMW секілді оннан астам шетелдік компаниялармен әріптестік орнатқан. Тіпті Ұлыбританиядағы мектеп оны өз оқушыларының оқулықтарына ізгі тілектер жазуға шақырды.
"Маған берілген тапсырма кітаптардың ең алғашқы бетіне ағылшынша дайын мәтіндерді жазып шығу болды. Бірақ қатты уайымдадым. Себебі кітап беттері шектеулі. "Қате болып қалды, басқасын берші" деп айта алмайсың. Қобалжысам да, барынша тырыстым. Кейін мектеп басшылығы жұмысыма дән риза болды", -деді ол.
"Әдемі жазу каллиграфия емес"
Аружан каллиграфия мен әдемі жазудың айырмасын нақтырақ түсіндірді:
"Каллиграфия жай әдемі қолтаңба қалдыру емес. Ол – өз заңдылығы бар өнер. Әр әріптің көлбеуі, симметриясы, ырғақтылығы есеппен жасалады. Мұнда шыдамдылық пен дәлдік қажет. Бұл спорт секілді: күн сайын жаттығу керек", - деп қосты жас каллиграф.
Ол кез келген адам бұл өнерді үйрене алады дейді: бастысы - қызығушылық пен табандылық.

"Бір сағатта 250 мың теңге табуға болады"
Аружанның айтуынша, Еуропа мен Таяу Шығыста, әсіресе Дубай, Лондон, Нью-Йорк сияқты қалаларда каллиграфтар luxury брендтердің іс-шараларында сағатына 100–300 доллар алады. Ал премиум деңгейдегі ивенттерде бұл сома 500 долларға дейін барады. Яғни бір ғана сағаттық жұмыс үшін шамамен 50–250 мың теңге төленеді.
Одан бөлек, шақыру билеттері мен ашықхаттарға жазылатын мәтін жол-жолымен есептеледі: шетелде бір жолы 2–10 доллар, ал конверттің әрқайсысы 3–8 доллар шамасында бағаланады. Аружанның ойынша, Қазақстанда бұл нарық енді ғана қалыптасып келеді, бірақ сұраныс жыл сайын артып жатыр.
"1–2 жыл ішінде бізде де осы деңгейге жақындайтын прайстар пайда болады деп сенемін", – дейді ол.
Қолтаңбаның құндылығы мен келешекке жоспар
Аружанның айтуынша, каллиграфия бүгінгі қоғамда ерекше маңызға ие:
"Қазір бәрі дайын, бәрі цифрланған. Бірақ соның салдарынан адамдардың ойлау қабілеті мен есте сақтау қабілеті әлсіреп барады. Каллиграфия миды белсенді жұмыс істеуге үйретеді, зейінді арттырады. Бәрі жасанды заманда, қолмен жазылған, жасалған дүниенің құны да, мәні де артып келеді. Компьютерлік қаріптер де бір кездері шеберлердің қолынан туған. Бірақ олардың тірі қолтаңбасы – мүлде басқа дүние", – дейді ол.

Аружанның ендігі мақсаты айқын. Ол жеке каллиграфия студиясын ашып, шәкірт тәрбиелігісі келетінін айтты.
"Менің арманым – Қазақстанда каллиграфия мектебін қалыптастыру. Балалар мен ересектерді үйретіп, осы өнердің құндылығын көрсету", – дейді ол.
Сондай-ақ, халықаралық байқаулар мен шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.