55 жыл жинап келемін: ерекше "қазынасы бар" ауылдағы нумизмат мұғалімнің хикаясы

  • 09:03, 28 қараша 2025
55 жыл жинап келемін: ерекше "қазынасы бар" ауылдағы нумизмат мұғалімнің хикаясы Кейіпкердің жеке архивінен

Қарапайым мектеп мұғалімінің "қазынасы" көз қызықтырады. Себебі оның "қоржынында" бірнеше елдің купюрасы мен тиыны бар. Ол өмір бойы балаларға білім беріп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінен ақша жинауды хоббиге айналдырған. Аqshamnews.kz тілшісі Атырау облысында тұратын нумизматпен тілдесті. 

Құрман Сатыбалдиев 1970-жылдардың аяғында мектеп қабырғасынан бастап сирек банкноттары мен монеталары жинаумен әуестенген. Оның айтуынша, әр ақша - бір елдің ғана емес, бір адамның өмір жолының да куәсі.

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Азғыр ауылында тұратын кейіпкердің есімі бүкіл ауылға етене таныс. Мұнде шетелге шыққан әр тұрғын қайтарында міндетті түрде қалтасына ерекше ақша салып әкеледі де оны Құрман ағаның жинағына қосады.  

Құрман Қайырболатұлы1961 жылы 28 маусымда осы өңірде дүниеге келген. Еңбек жолының 46 жылын мектепке арнаған ардагер ұстаз - бүгінде зейнеткер. Бірақ оның өмірін қызыққа толтырған тағы бір әлем бар. Бұл - ақша тарихы. Бүгін сол турасында сөз өрбітеміз.

Партадан басталған әуестік

Құрман мырзаның нумизматикаға жолы мектеп қабырғасынан басталған. Бұл терминді алғаш естігенде тылсымға қатысы бар деп ойлауыңыз мүмкін, алайда нумизматика - құпия күштер емес, ақша-таңбалардың тарихы мен тағдырын зерттейтін ғылым. Тиын мен купюраның бетіне түскен әр таңба, әр жыл, әр елдің атауы - өткен дәуірлердің ізі, сол заманның экономикасы мен мәдениетінен сыр шертетін дереккөзі. Кейіпкерді баурап алған да осы құпияға толы қызық әлем.

"Монета жинауды 1977-1978 жылдары-ақ бастағанмын.  Ол кезде жай қызығушылық еді. Бір тиынның өзі ерекше көрінетін", - дейді Құрман мырза. 

Уақыт өте келе хобби де тереңдей түскен. 1990-жылдары ол қағаз ақша - банкнота жинауға көшеді. Бұл кезең - Кеңес үкіметі ыдырап, ел тәуелсіздігін алған, қоғамдағы құндылықтар да, айналымдағы ақша да түбегейлі өзгерген уақыт.

"Тәуелсіздік алған жылдары да жинай бердім. Енді төл теңгеміздің алғашқы нұсқалары қолыма тиді. Ол банкноттарды ұстағанның өзі бір тарихи сәт сияқты еді", - дейді кейіпкер.

23 елдің ақшасы - 23 түрлі тағдыр

Бүгінде Құрман мырзаның жинағында 23 елдің ақшасы бар. Оның ішінде КСРО кезіндегі одақтас елдердің ортақ валюталары да, қазіргі заманғы әртүрлі номиналдағы банкноттар мен монеталар да сақталған. Қай купюра ыстық дегенде кейіпкер ойланбастан жастық шағын еске алды. 

"Одақтас елдердің ортақ ақшасы маған ыстық. Себебі ол - жастық шақтың куәсі. Сол кездегі ыстық естеліктер көз алдыма келеді", - дейді ол.

Ең сирек, ең көне, ең сүйікті ақша... 

Коллекцияда көздің жауын алатындары да, тым сирек кездесетіндері де бар.

"Ең сирек ақша Индонезия мен Таиландтікі. Қолға оңай түсе бермейді. Ал ең көнелері - Ауғанстан банкінің 1939 жылғы банкноталары және КСРО-ның 1950-1960 жылдардағы ақшалары. Маған төл теңгенің алғашқы нұсқасы және Үндістан банкноталарының дизайны ұнайды. Әсіресе теңгенің бірінші сериясы - қағаз тиындарынан бастап түгел сақтаулы", - дейді Құрман Қайырболатұлы.

Жинаудың қызығы - жұрттың қолдауы

Бұл хобби сырт көзге оңай көрінер. Бірақ коллекция жинау шыдам, ізденіс, тіпті зерттеу талап етеді.

"Қиындығы: сирек ақша қолға оңай түспейді. Кейде жылдап күтуге тура келеді. Ал түскен ақшаның тарихын білу керек, соны іздестіресің. Мені білетіндер коллекцияны толықтыруға көмектеседі. Хабарласып, “мынадай ақша бар, керек пе?” деп сұрап жатады. Танитын да, танымайтын да хабарласады. Бұл қуаныш қой", - дейді Құрман мырза.

Жылдар бойы ұстаз болған соң, тіпті балалар да кейіпкердің хоббиін жақсы танып алған.

"Ауылдың уақ балалары да қолына түскен тиын-тебенді әкеліп береді. “Ағай, мынаны сізге сақтап қояйын ба?” деп тұрады. Міне, сол сәттер жүректі жылаты", - дейді нумизмат. 

Тарих жинау пайдасыз ба, әлде бағасыз ба?

Құрман Қайырболатұлы бұл хоббидің “аса пайдасы жоқ” деп қарапайым жауап береді. Бірақ оның сөзі мен жинаған дүниесіне қарап, бұл пайдасы өлшенбейтін, бағасы есептелмейтін еңбек екенін түсінесің. Оның үстіне ол тек ақша емес, төсбелгі, көне кітап та жинайды. Үйіндегі кітап қоры - шамамен 2 мың.

"Ескі кітаптарға да қызығамын. Ақша да, кітап та - тарих қой", - дейді ол.

Мұғалім енді осы қазынасын немерелеріне жалғап, мұра қалдырсам дейді.

Анықтама: нумизматика - ақша ақша-таңбаларды зерттейтін ғылым. Әр түрлі елдің тиындары мен қағаз ақшаларын (купюраларды); олардың тарихын, жасалуын, дизайнын, жазуларын, белгілерін; қай дәуірге, қай мемлекетке тиесілі екені зерттейді.

Суреттер: кейіпкердің жеке архивінен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:33

10:15

10:00

09:59

09:39

09:25

09:14

09:03

08:57

08:55

08:45

08:30

22:16

18:12

18:07

17:58

17:47

17:41

17:25

17:10

16:59

16:45

16:23

16:13

16:05