Косплей өнері жайлы естіп пе едіңіз? Бұл - белгілі бір кейіпкердің бейнесіне еніп, оның сырт келбетін, костюмін, тіпті мінез-құлқын дәлме-дәл жеткізетін өнер түрі. Әлемде кеңінен таралған бұл хобби қазір елімізде де қанат жайып келеді. Ал жақында ғана халықаралық Comic Con Astana-2025 фестивалінде қазақстандық косплей модель Эмилия Троценко гран-при жеңіп алып, көпшіліктің назарын аударды. Ол Dota 2 ойынының кейіпкері Naga Siren образын ерекше шеберлікпен сомдап, қазылар алқасын тәнті етті. Ерекше өнер иесінің шығармашылық жолы қалай басталды? Аqshamnews.kz тілшісі кейіпкермен сұхбаттасты.
cурет: instagram.com/grafomanka
Эмилия - Орал қаласының тумасы. Кейінгі сегіз жылдан бері Астанада тұрады. Ол ел астанасынан өзінің жан қалауын, шығармашылық тыныштығын тапқан. Жасы - 34-те. Негізгі кәсібі - барберинг. Бұл салада 9 жылдық тәжірибесі бар. Алайда кейінгі екі жарым жыл ішінде ол жаңа бағытқа - психологияға бет бұрған. Қазір Мәскеу психоанализ институтында "клиникалық психология" мамандығы бойынша магистратурада оқып жүр және гештальт-терапевт болуға дайындалып жатыр. Ал косплей моделі болу - оның шығармашылық хоббиі.
Косплей әлеміне алғашқы қадам
Эмилияның косплейге деген қызығушылығы 2014 жылы Орал қаласында басталған. Ол кезде "Хоббит" фильмінің премьерасына эльфтер кейпінде қатысу идеясымен "Сақиналар әміршісі" фандомы атынан қатысқан. Бұл оның алғашқы косплей тәжірибесі болды.
"Сол кезден бастап түрлі танымал кейіпкерлердің бейнесін жасауға әуестене бастадым. Отбасым хобииіме үнемі қолдауларын білдіреді. Әсіресе алғашқы образдарымды жасауға анам көп көмектесті", - дейді Эмилия.
cурет: instagram.com/grafomanka
"Жапон эстетикасынан шабыт аламын"
"Comic Con Astana" фестивалі - жыл сайын өтетін гик-мәдениет іс шарасы. Халықаралық фестивальде түрлі мәдениет өкілдері бас қосып, байқауларға қатысып, бақ сынайды. Эмилия "Comic Con Astana" фестиваліне 2019 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылдан бері алғаш рет биыл ғана жүлдегер атанып отыр.
"Пандемия кезінде үзіліс болғанымен, 2023 жылдан бастап қайтадан белсенді қатыса бастадым. 2023 және 2024 жылдары финалға шықсам да, жүлдеге ілікпедім. Ал биыл байқауға Naga Siren кейіпкерін таңдауыма Dota 2 ойынына деген сүйіспеншілігім себеп болды. Мен жапон эстетикасынан шабыт аламын. Сондықтан бұл образбен жұмыс істеу мен үшін үлкен ләззат сыйлады", - дейді ол.
cуретте: Эмилияның байқаудағы Naga Siren образы
Эмилия бұл образды жасауға төрт ай уақытын жұмсаған. Әр детальға жіті мән берген. Қалыптарын қажетті материалдардан құйып, бояп, жанын салған. Ол образды дайындауға жігіті көмектескенін айтты.
"Образдан бөлек сахналық қойылымды ойластыру да біраз еңбекті талап етті. Нөмір идеясы Rammstein тобының "Sonne" әнін тыңдап отырған кезде ойда кенеттен пайда болды. Бұл ән менің сүйікті шығармаларымның бірі. Сирена бейнесінде вокал партиясын жеткізгім келді. Костюмнің борттарын жасау күтпеген жерден қиынға соқты. Оларды арт-референстерден шынайы көрініске айналдыру оңай болмады, әсіресе арқадағы бантиктің жиегі қиын болды. Сонымен қатар, бұл менің алғаш жасаған каркас негізіндегі паригім. Мен осы жұмыстың нәтижесімен ерекше мақтанамын", -деді өнер иесі.
"Жүлделі болатыныма сенімді болдым"
Эмилия байқаудан құр қол қайтпайтынына сенімді болған. Алайда бас жүлдені жеңгенде абдырап қалғанын жасырмады.
"Өзге қатысушылардың деңгейі өте жоғары болды. Әр костюмде орасан зор еңбек жатқаны көрініп тұрды. Шынымды айтсам, байқаудан бір номинация немесе екінші/үшінші орын алуға үміттендім. Ал бас жүлдені жеңемін деп мүлде ойламадым. Менің есімім аталғанда, бақыттан көзіме жас келіп, сахнаға дірілдеген аяқпен әрең шықтым. Еңбегімнің еленгеніне қуанышты болдым", - дейді Эмилия.
cурет: instagram.com/grafomanka
Косплейшінің ендігі арманы...
Эмилия Троценко енді ел атынан Германияда өтетін халықаралық косплейшілер байқауына қатысып, Қазақстанның да жаңа бағыттағы өнер кеңістігінен хабардар екенін көрсетіп, жүлделі орын алу екенін айтты. Ол аталмыш байқауға демеуші іздеп жатқанын да жасырмады.
"Қазір менің басты мақсатым - биыл Гамбург қаласында өтетін The International аясындағы халықаралық косплей байқауына қатысу үшін демеуші табу. Қазақстан атынан осындай ауқымды шараға алғаш рет қатысатын косплейші болғым келеді. Бұл - менің арманым және мен оны жүзеге асыруға толық дайынмын!", - дейді ол.
Айта кетейік, косплей өнері -1980-жылдары Жапонияда қарқынды дамып, бүгінде әлем бойынша кәсіби шығармашылық бағытқа айналған. Қазақстанда косплей 2000-жылдардың ортасында пайда болып, 2010 жылдан бері түрлі фан-фестивальдер мен байқаулар арқылы кең тарала бастады. Кейінгі жылдары Comic Con Astana секілді ірі шаралар косплей өнерін жаңа деңгейге шығарып отыр. Қазақ косплейшілері әлемдік сахнаға шығуға дайын екенін Эмилия секілді таланттар дәлелдеп келеді.