Кино түсіру өнері жаңа технологиялармен бірге өзгеріп келеді. Бұрын фильм жасау үшін кәсіби түсірілім тобы, арнайы техника, қомақты қаржы мен үлкен дайындық қажет болса, бүгінде жасанды интеллект шығармашылыққа жол ашып, кино өндірісінің мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Енді тың идеясы бар жасөспірім мен жас автор өз тарихын экранға шығаруға бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді құралдар арқылы мүмкіндік алады.
Осы бағытта Алматыда жастарға арналған SI Film Lab | Freedom 250 білім беру бағдарламасы іске қосылады. Жоба қатысушылары жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, өздерінің қысқаметражды фильмдерін жасап, кино өндірісінің негізгі кезеңдерімен тәжірибе жүзінде танысады.
Кино жасаудың толық циклі
SI Film Lab | Freedom 250 бағдарламасына Қазақстанның 8 мейкерспейс орталығынан алдын ала іріктеуден өткен 100-ден астам жас автор қатысады деп жоспарланған. Қатысушылардың жасы – 16 мен 25 жас аралығы.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – жастарға жасанды интеллектіні тек дайын контент алудың құралы ретінде емес, шығармашылық ойды жүзеге асыруға көмектесетін технология ретінде меңгерту.
Осы мақсатта мейкерспейс орталықтары шағын киностудия форматында жұмыс істейді. Қатысушылар жеке немесе шағын топтарға бірігіп, өз фильмдерінің тұжырымдамасын әзірлейді. Олар ғылыми фантастика, комедия, роуд-муви, драма секілді жанрлардың бірін таңдап, шығармашылық жұмысқа кіріседі.
Фильм жасау үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен авторлар оқиғаның желісін ойластырып, сценарий жазады. Одан кейін сценарий негізінде кадрлардың ретін көрсететін раскадровка әзірлейді. Жасанды интеллект көмегімен статикалық бейнелерді қозғалысқа келтіріп, бейнеүзінділер жасайды. Сондай-ақ фильмге дыбыстау, музыка қосып, монтаж жұмыстарын жүргізеді.
Осылайша қатысушылар бір ғана идеяның толыққанды экрандық туындыға айналу жолын өз қолдарымен өткереді.
Жаңа технология және шығармашылық ізденіс
Бағдарлама аясында сегіз практикалық сабақ өткізу көзделген. Олардың барысында жастар кино тілінің ерекшеліктерін, оқиға құрастырудың тәсілдерін, сценарий жазу мен көркемдік шешім қабылдаудың негіздерін үйренеді.
Сонымен қатар жасанды интеллектке дұрыс тапсырма беру (промптинг), сурет генерациялау, бейне жасау, дыбыспен жұмыс істеу және монтаждау дағдыларын меңгереді.
Мұндағы маңызды мәселенің бірі – жасанды интеллектіні жауапкершілікпен әрі этикалық талаптарға сай пайдалану. Қатысушылар өз туындыларында нейрожелілердің көмегі қолданылған тұстарды міндетті түрде көрсетуі керек.
Бұл талап қазіргі цифрлық ортадағы авторлық жауапкершілік, ақпараттың ашықтығы мен технологияны саналы қолдану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарлама соңында әрбір қатысушы өзінің портфолиосына енгізе алатын қысқаметражды фильм дайындайды. Яғни жастар тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты шығармашылық өнім жасап шығады.
Жас авторлардың алғашқы премьерасы
Жобаның қорытынды кезеңі де ерекше форматта ұйымдастырылады. Мейкерспейс кеңістігі уақытша кинотеатрға айналып, қатысушылар өз фильмдерін үлкен экранда көпшілікке ұсынады.
Премьераға авторлардың құрдастары, оқытушылары мен шақырылған қонақтар қатысады. Жас режиссерлер өз туындыларын көрерменге таныстырып, шығармашылық еңбегінің алғашқы нәтижесін көпшілікпен бөлісуге мүмкіндік алады.
Бұл – жас авторлар үшін тек дайын жұмысты көрсету емес, өзіне сенімділікті арттыруға, көрерменмен байланыс орнатуға және болашақ кәсіби бағытын айқындауға жасалған маңызды қадам.
«Бұрын фильм түсіру үшін түсірілім тобы, камера және бюджет қажет болатын. Бүгінде жасөспірімге идея мен ноутбук жеткілікті. Біз жастарға кәсіби киностудиялар пайдаланатын құралдарды ұсынып, ең бастысы – өз тарихын баяндауды үйретеміз. Америкалық киноның 250 жылдық тарихы жақсы оқиғаның кез келген арнайы эффектіден маңызды екенін дәлелдеді», – дейді «Мейкерспейс кеңейіп келеді!» желісінің бағдарламалық менеджері Әділет Болатхан.
Жастардың цифрлық әлеуетін дамытуға бағытталған бастама
SI Film Lab | Freedom 250 жобасы – «Мейкерспейс кеңейіп келеді!» желісінің білім беру бастамаларының бірі. Бұл желі Қазақстан жастарының инженерлік ойлау қабілетін, цифрлық дағдыларын және технологияға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған шығармашылық зертханалар жұмысын біріктіреді.
Жоба АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясы мен «Шеврон» компаниясының серіктестігімен жүзеге асырылады. Бағдарлама America250 бастамасымен сабақтастырылған.
Жобаның мәні тек жасанды интеллект арқылы фильм түсіруді үйретумен шектелмейді. Ол жастардың технологияны тұтынушы ретінде ғана емес, оны өз идеяларын жүзеге асыруға пайдаланатын шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
Бүгінде жасанды интеллект киноиндустрияда да, анимацияда да, жарнама мен цифрлық медиада да кеңінен қолданылып келеді. Мұндай жағдайда жаңа технологияны ерте меңгеру жастарға болашақ мамандығын таңдауда, шығармашылық жобаларын дамытуда және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қосымша артықшылық береді.
Кино – адам ойын, сезімін, көзқарасын көрерменге жеткізудің ерекше өнері. Ал жасанды интеллект осы өнерді жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Дегенмен технология қаншалықты дамыса да, туындының өзегінде адам идеясы, қиялы мен шығармашылық ұстанымы қалатыны анық.
SI Film Lab | Freedom 250 жобасының құндылығы да осында: ол жастарға дайын өнім ұсынбайды, керісінше, өз оқиғасын ойлап табуға, оны экран тілімен жеткізуге және жаңа технологияны игеруге жол ашады.
Бәлкім, бүгін осы бағдарлама аясында алғашқы қысқаметражды фильмін түсірген жас авторлардың арасынан ертең Қазақстан киносының жаңа буын режиссерлері, сценаристері мен цифрлық продюсерлері шығар. Ең бастысы – олардың шығармашылық бастамасына мүмкіндік беріліп, алғашқы қадамын жасауына қолайлы орта қалыптасуы.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ