2024 ЖЫЛ: Өркениетке қадам және тұрғындар алғысы

2024 ЖЫЛ: Өркениетке қадам және тұрғындар алғысы Суретті түсірген - С.Құсайынов

2024 жыл Алматы үшін жарқын жетістіктерге толы болды. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған көптеген маңызды жобалар жүзеге асты. Білім беру, көлік инфрақұрылымы, цифрландыру және әлеуметтік салаларда тың өзгерістер орын алып, өркениетті мегаполиске айналу жолында маңызды қадамдар жасалды. Осы ретте қала тұрғындары бұл жетістіктерді жоғары бағалап, Алматының дамуына оң көзқарасын білдірді.

 

 Зағипа ҚАРАСАРТОВА, зейнеткер: АЛМАТЫ — ӨРКЕНИЕТ КӨШІНДЕ

– Біздің Наурызбай ауданы бұрынғыдан кеңейіп, үлкейіп келеді. Бала саны көп. Байқауымша, біздің ауданға мектеп автобусы көп бөлінген. Баланы мектепке апарып, алып қайтатын автобустарды шетел киноларынан көруші едік қой, сол өркениет бізге де жетті. Оқушылардың түскенін, қайтарда мінгенін қадағалап отыратын мұғалімдер де бөлінген екен. Қала әкімдігінің балалар қауіпсіздігіне үлкер мән беретіні көңілге қонады. Бұл ата-аналардың да күндіз алаңдамай жұмыс істеуіне мүмкіндік.

 

 Бақыт ҚАНАЙ, жүргізуші: ҚАУІПСІЗДІК МАҢЫЗДЫ

– Алматыда “Сергек” бейнекамераларының көбейгені дұрыс болды. Көлігін жылдамдықты асырып жүргізетіндер үшін тежеу болған сияқты бұл қадам. Кейбір таныстарым “аттап бассаң, камера!” деп ренжіп жатады. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” демекші, бұл ең алдымен өзіңіздің де, өзгенің де қауіпсіздігі үшін жасалған оң шешім екенін айтып жүремін.

 

 

Алмас ҚҰЛАНБАЙ, қала тұрғыны:

 

ЖАҢА АВТОБУСТАРҒА РИЗАМЫН

– 2024 жылы Алматыда қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Жаңа электр автобустарының пайда болғанына қуаныштымын. Бұл көліктер тек экологиялық таза ғана емес, сондай-ақ өте ыңғайлы. Жаңа автобустарда орын жеткілікті, кондиционер бар әрі жүру жылдамдығы жақсы. Қала билігіне осындай бастамасы үшін алғысымды білдіремін. Қоғамдық көлікті жақсарту жол қозғалысын жеңілдетіп, экологияны сақтауға өз үлесін қосады.

 

 Майра ЖАНАТҚЫЗЫ, ата-ана: МЕКТЕПКЕ ЖАҚЫН БОЛДЫҚ

Биыл біздің ауданымызда жаңа мектеп ашылды. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Бұрын балаларымды шалғайдағы мектепке тасуға мәжбүр болсам, енді жақын жерде оқиды. Мектеп заманауи құралдармен жабдықталған, мұғалімдері тәжірибелі. Балаларымның білім сапасы жақсарып, мектепке барар жолда уақыт үнемдейміз. Осындай игі істердің жүзеге асуына көмектескен қала басшылығына алғыс білдіремін.

 

 Нұрбақыт ЖАЛҒАСҰЛЫ, IT маманы:  ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ЕНГІЗУ МАҢЫЗДЫ

– Мені осы жылы Алматыдағы Smart City жобаларының дамуы қатты қуантты,бұл жоба қала өмірінің көптеген салаларын жақсартты. Мысалы, интеллектуалды камералардың арқасында жолдағы заң бұзушылықтар біршама азайып, көлік қозғалысы қауіпсіз әрі реттелген сипатқа ие болды десек те болады. Бұндай цифрлық технологияларды енгізудің тағы бір артықшылығы – қала қызметтерінің ашықтығы мен тиімділігі әкеледі.Smart City аясында биыл орнатылған интеллектуалды автотұрақ жүйелері өте тиімді болып шықты. Көшелердегі орын тапшылығын азайтып, көлік жүргізушілеріне уақыт пен отынды үнемдеуге көмектесуде. Мұндай шешімдер қаланың инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, өмір сапасын арттыруға да ықпал етеді.

 

 Бақытжан ҚҰРАЛБАЙ, автомектеп инструкторы: АЛТЫ ЖОЛАҚ ҮШІН АЛҒЫС АЙТАМЫН

Құлжа трактісіндегі алты жолақты жаңа жолдың ашылғанына қуаныштымын. Бұл жоба Алматының көлік инфрақұрылымын дамытудағы үлкен қадам болды. Жол қозғалысы енді айтарлықтай жеңілдеп, қаланың шығыс бағытындағы байланысы жақсарды. Өзіңіз білесіз, Алматыда көлік саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Алматыға жақын елдімекендердің бірінен келіп жұмыс істеймін. Жолдың азабын бір кісідей-ақ көрдік. Бұрын қалаға кірер жолда 10-12 балдық кептеліспен жүру («Яндекс» бойынша) күнделікті құбылысқа айналған еді. Техника болған соң кейде көліктер жолда бұзылып қалады. Сондай кездерде тұрып қалмасақ, қазір бұрынғыдай кептеліс жоқ. Мұндай маңызды жобаны жүзеге асырған әкімдікке, құрылысшыларға және барлық жауапты тұлғаларға шын жүректен алғыс айтамыз. Бұл жол қала тұрғындарына қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалыс сыйлайтынына сенімдімін!

 

Салтанат Даулетова, қала тұрғыны:  ӨЗ АС БӨЛМЕМ БОЛАДЫ

2014 жылдан үй кезегінде тұрдым. Биыл 15 қарашада «Шұғыла» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен пәтер алдым. Мен ерекше баланың анасымын. Баламның болашағы үшін уайымдаушы едім. Міне, енді менің өз ас бөлмем, өзім пайдаланатын техникаларым болады. Бөлмелерімді өзімнің қалауыма сай жабдықтаймын. Бұл менің ұзақ жыл күткен арманым болатын. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, баламыз екеуміздің бірге уақыт өткізіп,есте қаларлық естеліктер сыйлайтын тамаша күндер күтіп тұр деп ойлаймын. Бұл менің болашаққа деген қадамым.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:38

10:40

09:40

09:19

09:12

09:06

08:57

08:47

08:40

08:26

08:20

20:04

19:15

18:37

18:21

17:30

17:26

17:13

17:08

16:42

16:25

16:15

16:04

15:15

15:09