Алматы балалар саны бойынша Қазақстанда екінші орында тұр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жыл сайын 20 қарашада әлемде Дүниежүзілік балалар күні атап өтіледі. Бұл халықаралық дата қоғам мен мемлекеттердің назарын өскелең ұрпақтың әл-ауқатына, қауіпсіздігіне және құқықтарын қорғау мәселелеріне аударуға арналған. 2026 жылы жаһандық науқан «Балалар сөйлейді: менің күнім, менің құқықтарым, менің болашағым» ұранымен өтуде.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, бұл мерекені 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. 20 қараша күні бала құқықтарын қорғауға қатысты екі маңызды халықаралық құжат қабылданған. Атап айтқанда, 1959 жылы Бала құқықтары декларациясы, ал 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды. Қазақстан бұл конвенцияны 1994 жылы ратификациялаған.
Биыл 80 жылдығын атап өтіп жатқан ЮНИСЕФ балалардың цифрлық ортадағы және жасанды интеллектіні пайдалану кезіндегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі мектеп оқушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде Бала құқықтары мен жасанды интеллект туралы балалар манифесі әзірленеді.
Науқанның дәстүрлі символы – көк түс. Осыған орай әлемнің көптеген елдерінде ғимараттар мен тарихи ескерткіштер көк түспен жарықтандырылады.
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау қалай жүзеге асырылады?
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі шамамен 6,9 миллион бала тұрады. Бұл ел халқының 33,6 пайызын, яғни үштен бірінен астамын құрайды. Соңғы бес жылда балалар саны 4,4 пайызға өскен.
Қазақстанда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жүйелі жұмыс бірнеше негізгі тетік арқылы жүзеге асырылады.
«Қазақстан балалары» бағдарламасы (2026–2030 жылдар). Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі салаларын қамтитын 158 нақты шарадан тұрады.
Балалардың құқықтарын қорғау институттары. Елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты және өңірлік балалар өкілдіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, жуырда Құрылтайда Орталық Азиядағы алғашқы «Қазақстан балалары» парламенттік депутаттық тобы өз жұмысын бастады.
Алматыда қанша бала тұрады?
Алматы балалар саны бойынша Қазақстанда екінші орында тұр. Бұл көрсеткіш бойынша қала Түркістан облысынан кейінгі орында.
Мегаполисте 18 жасқа дейінгі 688,9 мың бала тұрады. Бұл Қазақстандағы барлық балалар санының тура 10 пайызына тең. Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Алматыда тағы 22 467 сәби дүниеге келген.
Бүгін, 20 қарашада, Алматы ЮНИСЕФ-тің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың негізгі алаңына айналды. Қалада UNICEF Anniversary Gala «The Light Within» қайырымдылық кеші өтті.
Кеш барысында жиналған қаражат балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою, мектептегі буллингтің алдын алу және балаларды цифрлық ортада қорғау бағдарламаларына бағытталады.
Алматы қаласында бұл мәселелерді үйлестіру жұмыстарын балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі бейінді қалалық басқарма да жүйелі түрде жүзеге асырады.
Айта кетейік, 20 қарашада Дүниежүзілік балалар күнімен қатар, көптеген елде Педиатр күні де атап өтіледі. Бұл – балалардың өмірге келген алғашқы күнінен бастап денсаулығын қорғап, олардың саулығы үшін еңбек етіп жүрген дәрігерлердің кәсіби мерекесі.