Елордада мұқтаж адамдардың үйіне газ беріледі.
Астана әкімдігі және Halyk Bank Алматы және Сарыарқа аудандарындағы 100 жеке үйді тегін газдандыру туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Газдандыру халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтары (ХӘОТ) санатындағы азаматтардың тұрғынүйлеріне, олардың арасында жалғызбасты зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға және мүгедектігі бар адамдарға жүргізіледі.
Жалпы бюджеті 230 млн теңгені газдандыру жобасы Halyk Bank-тың 100 жылдығына арналған «100 игі іс» ауқымды науқаны аясында іске асырылуда. 2023 жылы Halyk Bank қаражаты есебінен мұқтаждығы бар отбасыларға 230-ға жуық тұрғын үйі – Астанадағы 100 үйді және Алматы қаласының Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарында тұратын 130 үйді газға толықтай қосу үшін қаржыландыру жоспарлануда.
«Астанада Алматы және Сарыарқа аудандары газбен толық қамтамасыз етілген. Бұл шамамен – 12 мың отбасы. Оның ішінде 8 мыңнан астам абонент газға қосылды. Үйлерді газға қосу шығындарын азайту үшін үлкен жүйелі жұмыс жүргізудеміз: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 450 мың теңгеге жуық сомаға газдандыру шығындарына өтемақы көзделген, сондай-ақ құны 150 мың теңгеге жуық есептеу аспаптары тегін беріледі. Бұрын банкпен пайызсыз несиелеу бағдарламасы іске қосылған болатын. Енді Halyk Bank-пен бірлесіп, елордадағы 100 үйді тегін газдандыру жобасын іске асыруға кірісеміз. Қалған аудандар бойынша газ құбырын жеткізу желілерін, кварталішілік желілерді салу жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. Газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында», – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қазіргі уақытта елорда әкімшілігі ХӘОТ санатына жататын мұқтаж адамдардың тізімін ұсынды. Оларға материалдық жағдайы газдандыруды өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар енгізілді.
Банктің Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, Halyk Bank бірнеше жыл бойы газдандыру мәселесін шешуге өз ресурстарын салуда: «Біз қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін банк қызметтерін жетілдіру арқылы да, бүкіл республика бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы да үнемі жұмыс істеп келеміз. 2021 жылы банк Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырды, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен несие берудің жеке бағдарламасын іске қосты. Газдандыру жобасын жалғастыра және кеңейте отырып, біз бірден екі міндетті – отандастарымыздың неғұрлым осал топтарына көмектесуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға барынша үлес қосуға тырысамыз».
Қазақстанның барлық аймақтары үшін газдандыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жыл басында Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекет басшысының елдегі газдандыру деңгейін 60 пайызғажеткізу туралы тапсырмасын еске салды. Ол үшін 11,8 миллионнан астам тұрғыны бар 1800-ден астам елді мекен газдандырылуы тиіс. Банк мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың бірлескен және жан-жақты күш-жігері қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оң өзгерістерге әкелетініне сенімді.