Алматы қаласының Наурызбай ауданында Ұлттық домбыра күні ұлттық рухты асқақтатқан ерекше мәдени іс-шарамен аталып өтті. Аудан тұрғындары мен өнерсүйер қауымның басын қосқан мерекеде 100-ден астам домбырашы бір мезетте күй орындап, қазақтың қасиетті қара домбырасының қоңыр үні көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Іс-шараға мектеп оқушылары, ұстаздар, ата-аналар қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Серікқызының айтуынша, мұндай жиындар ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен қатар, жас таланттарды танытуға мүмкіндік береді.
– Бүгін 100-ден астам жас домбырашының қатысуымен ауқымды флешмоб ұйымдастырдық. Басты мақсатымыз – талантты балаларымызды көпшілікке таныстырып, ата-бабадан аманат болып жеткен қасиетті домбыраны жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау. Ұлттық домбыра күніне орай ауданымызда бірнеше мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Домбыра – халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрінің, рухани болмысының айнасы. Оның қоңыр үнін естігенде әлемнің қай түкпірінде жүрсе де тебіренбейтін қазақ жоқ шығар, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Наурызбай ауданындағы №223 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аягөз Шарап бұл мерекенің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
– Мектебіміздің оркестрінен жеті оқушы қатысты. Осындай игі іс-шаралар балаларды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, төл өнерімізді құрметтеуге және оны келер ұрпаққа аманат ретінде жеткізуге ықпал етеді. Домбыра – қазақтың дәстүрлі өнерінің темірқазығы, ұлттың рухани болмысының ажырамас бөлігі, – деді ол.
Жиынға келген ата-аналар да ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бастаманың маңызына тоқталды.
– Ұлттық домбыра күні арқылы халқымыздың рухани мұрасы кеңінен насихатталып жатқаны қуантады. Өзім бала кезімде домбыра тартуды үйрендім. Бүгінде сол жолды қызым жалғастырып келеді. Ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастығы – халқымыздың ең үлкен байлығы, – дейді ата-ана Меруерт Тұрарова.
Домбыра үйретуші Жұлдыз Балтабайқызы музыкалық аспаппен айналысудың баланың жан-жақты дамуына оң әсер ететінін айтты.
– Германияда бастауыш сыныпқа барған әрбір бала міндетті түрде қандай да бір музыкалық аспапты меңгереді. Себебі музыка баланың ойлау қабілетін, есте сақтауын және эмоциялық интеллектісін дамытады. Домбыраның да тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор. Оның құрылымының өзінде үлкен ғылым жатыр: пернесінде – математика, ағашында – табиғаттың сыры, ал үнінде – халқымыздың тарихы мен рухы бар. Сондықтан Ұлттық домбыра күнінің жыл сайын кең көлемде аталып өтіп, ұлттық брендке айналып келе жатқаны өте құптарлық іс, – деді ол.

Флешмобқа қатысқан жас домбырашылардың бірі Қайыржан Мырзалы да домбыраға деген сүйіспеншілігін жеткізді.
– Домбыраны тоғыз жасымнан бері тартып келемін. Қазір 30-ға жуық күй орындаймын. Маған «Алаш», «Ертұран», «Адай», «Ерке сылқым» күйлері ерекше ұнайды. Домбыра – ата-бабамыздың тарихын, мінезін, қуанышы мен мұңын жеткізетін қасиетті мұра. Күй орындаған сайын өзімді халқымның рухымен бұрынғыдан да жақын сезінемін. Сондықтан қатарластарым мен кейінгі інілерім және қарындастарыма домбыра үйренуге кеңес беремін, – деді жас күйші.
Күй күмбірлеген мерекеде орындалған шығармалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бір мезетте жүзден астам домбырадан төгілген күй ұлттық өнердің өміршеңдігін, қазақ руханиятының қуатын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Дана САДЫРҚАН