Almaty-akshamy.kz сайтының бүгінгі жаңалықтарына шолу – күн керуені
Алматы алаңында – адамзат болашағы
Бүгін Алматыда Digital Almaty 2024 форумы басталды. Жиында цифрлық трансформацияның жаңа бағыты талқыланады, цифрлық технологиялар саласындағы жарыққа шыққан тың дүниелер көрмеге қойылады. Цифрлы болашақта қандай мамандарды дайындау керектігінен тартып, өнеркәсіпті, үкімет жұмысын, әлеуметтік қызмет көрсету салаларын цифрландырудың отандық және шетелдік тәжірибелері, стратегиялары сөз болады.
Алматыдан 252 шақырымда жер сілкінді
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі 1 ақпан күні сағат 01:21-де жер сілкінісін (афтершок) тіркеді. Сілкініс ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 252 шақырым қашықтықта - Қытай аумағында орналасқан.
Жүлделі жеткіншектер
Алматылық оқушылар 25-28 қаңтар аралығында Үндістанның Гоа қаласында робототехникадан өткен «The Goa International Robotics Festival» халықаралық ашық чемпионатынан жүлделі оралды. Додаға 220 команда қатысқан. Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласынан барған «Sana team» және «Qazaq style» құрама командалары екі жоғары наградамен марапатталды.
100 доллар жарылқай ма?
"Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға алғашқы жинақтар түсті. Әлеуметтік желілердің басты тақырыбына айналған 100 доллар қызу талқыға түсіп жатыр. Көпшілік бұл ақшаны ай сайын төленеді деп дәмеленіп қалған сыңайлы.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131 бала. Оларға Қазақстан Ұлттық қорының өткен жылғы табысынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді.
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында (баланың ЖСН бойынша) тексере алады. Мұнда сіз, сондай-ақ, бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, өзіңізді қызықтырған сауалдарға жауап ала аласыз. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде тексере алады.
Ангелина Лукас – әлем чемпионы!
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Бакуде өткен кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетіп, пәкістандық спортшыны бірінші раундта нокаутпен жеңіп, WIBA әлем титулын иеленді. Бұған дейін Лукас WBC International және UBO чемпиондық белбеулерін де жеңіп алған болатын.
Музейден де кетті
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш Ұлттық музей атриумынан алынып тасталды. Мұражай шілде айында мерейтойын атап өтетін Ұлттық музейдің 10 жылдығын мерекелеу аясында Мәдениет және ақпарат министрінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып, Мұражай кеңістігін жетілдіру процесі басталғанын түсіндірді.
Телефон ұстауға тыйым салына ма?
Оқушыларға сабақ уақытында телефон ұстауға заңды түрде тыйым салу білім беру сапасына серпіліс әкеледі. Ал оқушылар телефонын мектептегі арнайы жәшікте немесе сөмкесінде сақтай алады.
Адамнан айла артылмас
Кәсіпкерлік сипаттағы әрекеттерді анықтау мақсатында Кіріс комитеті банктерден мәлімет алатыны белгілі болғаннан кейін кейбір дүкен иелері тұтынушыларға ақшаны телефон баланысына жіберуді сұрап жатқанға ұқсайды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың ойынша, бұл уақытша әрекет. Қажет болған жағдайда ұялы операторлар арқылы бақылау жүргізіледі.
Тағы бір мереке
Бүгін елімізде алғаш рет азаматтық авиация қызметкерлерінің мерекесі атап өтілді. Бұл кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы қызметке ерекше мән беруге және еліміздің жас авиаторларының патриоттық рухын дамытуға ынталандыруға арналған.