Қазақтың жыршылық дәстүрінің ең биік шыңдарының бірі – Жамбыл Жабаев. Оның өлеңдері ғасырлар бойы елдік рухтың, ерлік пен адамгершіліктің асыл айнасына айналып келеді.
Ұлт руханиятындағы осындай ұлы тұлғаның 180 жылдық мерейтойына орай Әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті колледжі мен «Өркениет әлемі» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, оқу орнының акт залында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-танымдық кеш өткізді.
Рухани мазмұнға бай шара қазақ әдебиетінің алып тұлғасына тағзым жасап қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген құрметін арттыруды, тарихи танымын тереңдетуді мақсат етті. Кеш барысында Жамбыл жырларындағы елдік рух, адамгершілік мұраттар мен отансүйгіштік идеялар кеңінен сөз болды.

Шараның өтуіне колледж директоры Аппакова Мадина Несіпбекқызы қолдау көрсетіп, оқу ордасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. Оның басшылығымен білім мен тәрбие сабақтастығына негізделген игі бастамалар жалғасын табуда.
Әдеби кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған – тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Идрисова Гүлжан Асанқызы. Ол кештің тәрбиелік және мазмұндық маңызына ерекше мән беріп, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Кешті салтанатты түрде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ерғали Динара Ерғалиқызы ашып, Жамбыл мұрасының тарихи маңызы мен рухани тереңдігіне тоқталды.
Кеш модераторы Жасұлан Байғараев бағдарламаны шебер үйлестіріп, әр бөлімнің бір-бірімен сабақтастығын сақтай білді. Оның сахнадағы еркіндігі мен кәсіби жүргізушілік шеберлігі рухани кештің әсерлі өтуіне ықпал етті.
Колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Әсембаева Алтын Шәкіржанқызы «Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен шығармашылығы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ақынның жыраулық дәстүрдегі орнына, айтыс өнеріндегі шеберлігіне және елдік рухты көтерудегі тарихи миссиясына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Жамбыл поэзиясының басты өзегі – халық тағдыры, елдік намыс және адамдық асыл қасиеттер екенін атап өтті.
Жамбыл жырлары қай кезеңде де халықтың рухын көтерген. Соның айқын дәлелі – ақынның әйгілі «Ленинградтық өренім» өлеңі. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қоршауда қалған қала тұрғындарына арналған бұл жыр тек өлең ғана емес, үміт пен сенімнің үніндей болды. Ақынның жүректен шыққан сөздері майдан мен тылдағы халықтың бойына қуат беріп, жеңіске деген сенімін нығайтты. Осы арқылы Жамбыл поэзиясы ерлік пен елдіктің, патриоттық рухтың көркем үлгісіне айналды.
Кеш барысында колледж студенттері Нұрхадиша Нұрдәулет, Ернат Тойшы, Әдемі Суюмбекова, Анел Ерқали, Аяжан Аукен, Иманғали Акимхан, Ұлжарқын Сембек және Аяулым Қайроллаева ақын жырларынан үзінділер оқып, көрермендердің ықыласына бөленді. Әрбір студент Жамбыл поэзиясының өр рухын әсерлі жеткізіп, сахналық мәдениетін көрсете білді.
Махаббат Даниярқызы Жамбылға арнаған авторлық жырын оқып, кештің мазмұнын байыта түсті. Ал Айдана Айтахун мен Абылхан Алихан домбыра мен жетігенде күй орындап, қазақ музыкасының сырлы үнін асқақтатты. Ұлттық әуен рухани кештің көркемдік болмысын айқындай түсті.
Сондай-ақ колледж ұстазы Турегельдиева Ақжарқын Серікбайқызы да шараның мазмұнды өтуіне белсене атсалысты.
Әдеби кештің құрметті қонағы – Жамбыл Жабаевтың шөбересі, ақын, сазгер, аудармашы, заңгер әрі әнші Бұлан Жамбыл студенттермен жүздесіп, атасы туралы тың деректермен бөлісті. Ол Жамбылдың шығармашылық болмысы мен адами қасиеттері жайлы тағылымды әңгімелер айтып, ақын өлеңдеріне жазылған әндерін домбырамен орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар «Өркениет әлемі» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшыларының бірі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, қоғам белсендісі, әнші Нұржамал Әшімхан кешке арнайы қатысып, студент жастарға тағылымды ойларын жеткізді. Ол Жамбыл мұрасының ұлттық руханияттағы орны туралы әсерлі әңгіме айтып, жанды дауыста ән орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Кеш соңында ұйымдастырушылар мен белсенді студенттерге «Өркениет әлемі» қоғамдық бірлестігінің арнайы марапаттары мен сертификаттары табысталды.
«Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-танымдық кеш – ұлт руханиятын ұлықтаған, жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатқан, әдебиет пен өнерге деген құрметін арттырған тағылымды басқосу ретінде есте қалды.
Жамбыл жыры – халық жыры. Ол өткен дәуірдің ғана үні емес, бүгінгі ұрпақтың рухын көтеретін, елдік пен адамгершілікке үндейтін мәңгілік мұра.
Алма Серікқали
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі