Жылыту маусымы басталғалы бері Алматыда 153 өрт тіркелді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының бас маманы Дулат Жандар осылай деді. Оның айтуынша, екі адам қаза тауып, тағы үш адам әртүрлі жарақат алған, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Алматыда жылыту маусымы қала әкімінің қаулысына сәйкес 8 қазанда ресми түрде басталды. Бұл кезеңде пештерді, газ жабдықтары мен электр жылытқыштарын пайдалану өрт қаупін едәуір арттыратындықтан, құтқару қызметі жылдағыдай қауіптің алдын алатын жұмыстарды күшейте түседі.
Газдан улануды ерекше бақылауда ұстап отырмыз
Биылғы жылыту маусымында қалада табиғи газдан уланған үш дерек тіркелді. Алты адам зардап шеккен, олардың төртеуі — балалар.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қалада 151 мыңнан астам жеке тұрғын үй есепке алынған. Мына санаттағы үйлер ерекше назарда екен:
• қатты отынмен жылытылатын 1 450 үй;
• қаңқалы-қамысты типтегі 5 605 ескі үй.
Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылар тұратын 689 үй мен қиын адамдар тұратын 4 мыңнан астам үй жеке санатқа енгізілген.
Көміртек тотығы датчиктері өмірді сақтайды
Алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі — көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнату. 2018 жылдан бері қала мен аудан әкімдіктерінің қолдауымен жеке үйлерге осындай 1 740 датчик орнатылған.
2025–2026 жылы жылыту маусымының өзінде 280 құрылғы орнатылды. Олар көміртек тотығының қауіпті деңгейін дер кезінде анықтап, оқыс оқиғаның алдын алуға көмектеседі.
Ауқымды профилактикалық жұмыс
Жылыту маусымына дайындық 15 тамыздан басталған. Осы уақыттан бері құтқарушылар кең көлемді ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізіп келеді.
Өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылып, оның аясында ТЖД қызметкерлері:
• жеке сектордағы үйлерді аралап шығады;
• тұрғындармен кездеседі;
• өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратады.
«Қауіпсіз пеш», «Таза мұржа» мен «Қол ұшын беру» акциясына ерекше көңіл бөлінеді. Осы іс-шараның барысында әлеуметтік осал топтар мен тәуекел тобына жататын азаматтардың үйі профилактикалық жұмыспен қамтылды.
Алдын алудың жаңа технологиялары
Құтқарушылар құлақтандырудың жаңа тәсілін де қолданып жатыр.
Мәселен, арнаулы QR-кодтар әзірленген. Сол арқылы тұрғындар Telegram-бот арқылы өрт қауіпсіздігінің іс- шаралары туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар адам көп жиылатын жердегі LED-экрандарда оқытатын бейнероликтер көрсетіліп жатыр.
ТЖД қызметкерлері мектептер мен балабақшаларда да профилактикалық сабақ өткізіп, қауіпсіздік ережесін түсіндіреді.
Ұялы байланыс операторларымен бірлесіп өрт қауіпсіздігі ережелері туралы SMS-хабарламалар таратылды. Бұл ақпарат 7,6 миллионнан астам абонентке жетті.
Негізгі қауіпсіздік ережелері
Құтқарушылар тұрғындарға өрттің алдын алуға көмектесетін бірнеше қарапайым ережені еске салады:
• мұржаны кемінде екі айда бір рет күйеден тазалау;
• пешті шамадан тыс қыздырмау, жанына жанғыш зат қоймау;
• газ пешін пайдалану кезінде нұсқаулықты қатаң сақтау;
• жанып тұрған пеш пен қосулы электр құралын қараусыз қалдырмау;
• отты бақылауды балаларға тапсырмау;
• сіріңке мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау;
• электр сымының жағдайын үнемі тексеру, әсіресе жылытқыштарды қолданғанда.
Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.