Қазақтың салт-дәстүрі – ұлттың өмір сүру салтымен біте қайнасқан рухани мұра. Соңғы жылдары сол мұраны жан-жаққа тартып, бұрын болмаған рәсімдерді «қазақтың салты» деп қабылдайтын жағдайлар жиілеп кетті. Кейде тіпті ырым мен тыйымның мәнін ұмытып, өзімізді өзіміз ыңғайсыз жағдайға қалдыратын жағдайға жеттік.
«Бір тойда екі жар жоқ»
Бірде жақын араласатын таныстарымыздың баласының үйлену тойына бардық. Өздері ауылда тұратын отбасы еді. Кейін қалаға көшіп келді. Баласы бір жыл бұрын шаңырақ көтеріп, жас отбасының дүниеге сәбиі де келген болатын. Қаржылық жағдайға байланысты ата-анасы тойды кейінге қалдырып, арада бір жыл өткен соң ғана дүркіретіп өткізуді ұйғарыпты.
Тойға барсақ, келіннің енесі: «Қазір беташар болады, тойдың сценариінде бар екен» деп абыр-сабыр болып жүр екен. Мұны естігенде еріксіз таңғалдым. Енесін оңаша шақырып алып: «О заманда, бұл заман, бөпесі бар келіннің бетін ашқанды сенен көрдім. Үлкен кісілер не дейді? Беташарсыз-ақ тойыңды өткізе бер. Елге күлкі боласың», – деп тоқтаттым.
Бұл бір ғана отбасының оқиғасы емес. Осындай мысалдар бүгінгі қоғамда жиілеп барады. Қазақтың ырым-тыйымына, жөн-жоралғысына атүсті қарап, «тойдың сценариінде бар екен» деп ойына келгенді жасай беретін кезеңге жеткендейміз.
«Гендер-патиді қай атамыздан көріп едік»
Расында, соңғы жылдары қазақы салт-дәстүрдің табиғи қалпы өзгеріп, оның орнына ысырапшылдық пен бәсекеге құрылған жаңа рәсімдер көбейді. Әлеуметтік желідегі әдемі көрініске еліктеп, қымбат сыйлықтар ұсыну, қыз ұзату мен беташарды шоуға айналдыру, тойды кімнің сән-салтанаты басым өтетінімен өлшеу үйреншікті құбылысқа айналды.
Соның бірі – бүгінде кең тараған гендер-пати. Болашақ сәбидің ұл не қыз екенін көпшілік алдында түрлі түсті шар жару, торт кесу немесе арнайы шоу арқылы жариялау қазір сәнге айналды. Тіпті кейбірі мұны «қазақтың ежелгі дәстүрі» деп те айтып жүр.
Алайда мұның тарихи негізі жоқ. Қазақта келіннің аяғы ауыр екенін елге жар салмаған. Болашақ нәрестенің жынысын алдын ала жариялап, арнайы мереке өткізбеген. Бұл – батыстық мәдениеттен енген қазіргі заманғы мерекелік формат қана. Оны өткіземін деушіге ешкім тыйым салмайды. Бірақ оны «ата-бабадан келе жатқан ұлттық дәстүр» деп көрсету тарихи шындыққа сәйкес келмейді.
Осындай жаңсақ пікірлер әлеуметтік желіде көп кездеседі. Кейде «мына әшекейді тұрмысқа шыққан әйел ғана тағады», енді бірде «мына ою жамандық шақырады», «мына түсті қолдануға болмайды» деген сияқты ешбір ғылыми дерекке сүйенбейтін ақпараттар таралады. Өкініштісі, оны көпшілік ақиқат ретінде қабылдап жатады.
Орынсыз бұрмаланған дәстүрлер
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф ғалым Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, этнографтар қазақ дәстүрлерін үш топқа бөледі: белгілі бір өңірде сақталған немесе сақталмаған дәстүрлер, сондай-ақ тарихи кезеңдердің ықпалымен мағынасы өзгерген салттар.
Ғалым жаһанданудың әсері баланы қырқынан шығару рәсімінен де байқалатынын айтады. Бұрын бұл – әулет ішіндегі шағын отбасылық рәсім болған. Оған көбіне әжелер мен әйелдер ғана қатысып, сәби қырқынан шығарылатын. Ал бүгінде бұл дәстүр үлкен мейрамханаларда жүздеген адамның қатысуымен өтетін тойға айналып кеткен. Ер адамдардың қатысуы да қалыпты жағдайға айналды. Яғни рәсімнің мазмұны емес, формасы өзгерген.
Тәттігүл Қартаева қыз ұзатуға қатысты тағы бір қате түсінікке тоқталады. Қазір көпшілік арасында «қызды түнгі он екіге дейін ұзатып үлгеру керек» деген түсінік қалыптасқан. Ғалым мұны ойдан шығарылған әдет дейді. Себебі қазақ қызын түнде ұзатпаған, тіпті малын да түнде бермеген. Бұл түсінік қазіргі мейрамхана кестесіне бейімделген жасанды қағида ғана.
Сол сияқты қыз алып қашуды да қазақтың төл дәстүрі деу дұрыс емес. Этнографтың айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында қыз негізінен ата-анасының батасымен, ақ некемен, тоймен ұзатылған. Ал алып қашу өте сирек кездескен жағдай болған.
Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты пікір білдірген Алтынай Жадырасын есімді желі қолданушы: «Атам қазақ аяғы ауыр болып келген келіннің бетін ашпаған. Қазір келіннің жағдайын біле тұра беташар жасай береді. Осындай нәрселерді айтып отыратын көнекөз қарияларымыз азайды», – деп жазыпты. Бұл пікірдің астарында үлкен өкініш жатыр. Өйткені бұрын дәстүрдің дұрысын үлкендер түзеп отырған болса, бүгінде көп жағдайда сценарий жүргізушісі немесе әлеуметтік желі бағыт беретіндей көрінеді.
Дәстүр даналыққа тоқтайды
Әрине, дәстүр қатып қалған дүние емес. Уақыт өзгереді, қоғам өзгереді, мәдениет те жаңарады. Жаңа элементтердің пайда болуы заңды. Бірақ жаңашылдық тарихи ақиқатты алмастырмауы керек. Кез келген жаңа рәсімді «бабалардан қалған мұра» деп көрсету – өткенге де, келешекке де жасалған қиянат.
Сондықтан ұлттық құндылықтарды насихаттағанда этнографтардың, тарихшылардың, мәдениеттанушылардың және музей мамандарының ғылыми тұжырымдарына сүйену маңызды. Теледидардағы ағартушылық бағдарламалар, деректі фильмдер, әлеуметтік желідегі танымдық жобалар мен сапалы баспасөз материалдары арқылы халыққа дәстүрдің шынайы тарихын кеңінен түсіндіру қажет.
Ұлттық мәдениетті сақтау – оны өзгеріссіз қатырып қою емес. Ең бастысы – оның түпкі мәнін жоғалтпау. Өйткені дәстүрдің қадірі даңғазасында емес, даналығында. Ал даналық жоғалған жерде дәстүр де жай ғана сценарийге айналып кетуі мүмкін.