Айрықша табандылық танытқан қария Францияға жаяу жетіп, ерекше ықыласқа бөленді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ұлы Даланы тұлпарлар тұяғымен түлетіп, асқан ерлік үлгісін көрсеткен рухты бабалардың асыл қасиеті, ерен ерлігі бүгін де жалғасын тауып жүр.
Ұлытау өңірінің 76 жастағы тұрғыны Сәрсенбай Қотырашовтың жиһанкездік сапарын соның жарқын дәлелі десек артық айтқандық емес.
Сәрсенбай Қотырашов 53 күн ішінде шамамен үш мың шақырым жолды жаяу жүріп өтті. Франция астанасына жеткен сәтінде оны дипломаттар мен отандастарымыз құрметпен қарсы алып, шашу шашып, зор қошемет көрсетті. Бұл сапар – оның «Ulytauman» деген атпен танылғаннан бергі саяхатының төртінші кезеңі. Бұған дейін ол Қазақстанды толық аралап, Кавказ арқылы Стамбұлға жеткен, сондай-ақ Алтай мен Моңғолияны басып өтіп, Бейжіңге дейін барған.
Қарияның Еуропа бағытындағы сапары түрлі қиындықтарымен есте қалған көрінеді. Қатаң ережелерге байланысты саяхатшы көбіне велосипед жолдарымен немесе күрделі, ойлы-қырлы жерлермен жүруге мәжбүр болған. Автомагистральдарды айналып өту де оңайға соқпаған. Жол үстінде жүк тиелген арбасы сынып қалса да, алған бетінен қайтпай, мақсатына жеткен. Бұл мықты ерік-жігердің айғағы екені даусыз. Айтуынша, ол қазақ халқының қайсар, жігерлі ұлт екенін әлемге танытуды көздеген.
– Бұл саяхат арқылы мен халқымыздың рухын көрсеткім келеді. Біздің ата-бабаларымыз темірді алғаш игеріп, металл өңдеген, астрономиямен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Ендігі мақсатым – 75 жастан асқан жаяу саяхатшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ену. Ол үшін экватор ұзындығынан көп, яғни 40 мың шақырымнан астам жол жүру қажет. Қазірге дейін 18 мың шақырымды еңсердім. Алла қаласа, мақсатқа жетемін», – дейді жиһанкез.
Халықаралық ұйым өкілдері ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Сәрсенбай Қотырашовты ұлттық құндылықтарды насихаттаушы тұлға ретінде бағалады. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі 2003 жылғы конвенция хатшысы Фумико Охината оның өмір жолына жоғары баға берді және мәдени мұраны жаһандық деңгейде дәріптеуде мұндай тұлғалардың рөлі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, саяхатшының өзі темір ұстасы екені де ерекше қызығушылық тудырды.
Қария елге оралған соң өз кәсібі – ұсталық өнерін жалғастырып, жаңа сапарларға дайындалмақ. Демеушілер тауып, келесі саяхатына аттануды да жоспарлап отыр. Яғни, ол алдағы жылы Америка Құрама Штаттарының 8 штатын жаяу кесіп өтіп, Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін жетуді көздейді.
Өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйенген саяхатшы қарт ел-жұртқа күн сайын жаяу жүру, денсаулықты күту және ең бастысы, өз күшіне сенуді тоқтатпау жөнінде кеңес береді. Оның өмір жолы табандылық пен сенімнің арқасында кез келген асуды бағындыруға болатынын көрсетеді.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ