Қоғамдық үдерістерге немқұрайлы қарау біртіндеп саналы азаматтық белсенділікке жол беріп келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алдағы сайлауы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне айналмақ. Сарапшылардың айтуынша, сайлауға қатысу — тек дауыс беру рәсімі емес, әр азаматтың өз ұстанымын білдіріп, мемлекеттің келешегіне үлес қосу мүмкіндігі.
Бұл ретте жастардың белсенділігі айрықша мәнге ие. Бүгінде жас буын — қоғамның ең ықпалды әрі серпінді бөлігінің бірі. Қазақстанның алдағы даму бағыты да олардың бастамашылдығына, елдік мәселелерге бейжай қарамауына және азаматтық ұстанымына тікелей байланысты.
Мамандардың пікірінше, қоғамдық өмірге деген енжар көзқарастың орнына саналы қатысу мәдениеті қалыптасып келеді. Қазіргі жастар елде болып жатқан өзгерістерге жиі назар аударып, қоғамдық-саяси үдерістердің мәнін түсінуге және болашақты айқындайтын шешімдерге атсалысуға ұмтылуда.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеуші-доценті Базаргүл Маткерім «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында сайлауға қатысу азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Ел мүддесін жеке басының қамынан биік қоятын, мемлекетіміздің болашағы мен дамуына адал қызмет етуге дайын лайықты азаматтарды таңдауға қатысу — менің азаматтық парызым деп санаймын. “Мен жастарға сенемін” деген сөз бар. Қазақстан жастары халықтың қомақты бөлігін құрайды. Сондықтан олардың дауысы да, таңдауы да аса маңызды. Елдің болашағы жастардың еңбегі, белсенділігі мен бастамасы арқылы қалыптасады», — деді Базаргүл Маткерім.
Сарапшының айтуынша, оң өзгерістердің қозғаушы күші болуға жастардың әлеуеті мол. Өйткені мемлекеттің қай бағытта дамитыны олардың таңдауы мен қоғамдық өмірге араласуына да байланысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Әсел Оспан азаматтардың саяси сауатты болуының маңызына тоқталды.
«Ашық саясат жағдайында әр азамат мемлекет заңнамасындағы өзгерістерден хабардар болып, өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі керек. Сондықтан Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, алда қандай өзгерістер болатынын және олардың ел болашағына қалай әсер ететінін түсіну маңызды», — деді Әсел Оспан.
Мамандардың пайымдауынша, сайлау — азаматтың тек құқығы емес, ел алдындағы жауапкершілігі де. Қоғамдық-саяси өмірге саналы түрде араласу арқылы әр адам мемлекеттің даму бағытын айқындайтын үдерістерге ықпал ете алады.
Жастардың белсенділігі, халықтың ақпараттануы және Қазақстанның келешегіне деген жауапкершілік — әрбір азаматтың үні ескерілетін заманауи қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі.
Әсел ТӘШІБАЕВА