Қазақстан құрамасының 8 мүшесінің барлығы да жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиададан (IOAI 2026) жүлдемен оралды. Нәтиже: екі алтын, екі күміс және төрт қола медаль. Отандық оқушылар үшін бұл – тарихи нәтиже. Өйткені олимпиада Астанада өтіп, Қазақстан оны Орталық Азияда бірінші болып қабылдады.
Жарыс 2–8 тамыз аралығында өтті. Оған 100-ден астам елден шамамен 500 қатысушы, тәлімгерлер мен қазылар жиналды. Осындай бәсекеде команданың бірде-бір мүшесі жүлдесіз қалмағаны – отандық дайындық жүйесінің деңгейін айқын көрсететін көрсеткіш.
Олимпиада Астанаға қалай келді?
IOAI – жасанды интеллект бойынша мектеп оқушыларына арналған ең жас халықаралық ғылыми олимпиада. Ол алғаш рет 2024 жылы Болгарияның Бургас қаласында, 2025 жылы Пекинде өтті. Үшінші олимпиада бастапқыда Әбу-Дабиде өтуі тиіс еді, бірақ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ұйымдастырушылар оны басқа елге көшіруге шешім қабылдады. Осылайша таңдау Қазақстанға түсті.
IOAI Халықаралық кеңесінің төрағасы әрі негізін қалаушылардың бірі Елена Маринованың айтуынша, Қазақстан олимпиаданы небәрі төрт айда ұйымдастырып үлгерді. Ол жергілікті компаниялар бірден қолдағанын ерекше атап өтті.
Ұйымдастырушы Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясы, Бас серіктес: Kaspi.kz, Халықаралық серіктестер: Google, IMC, Jane Street, MBZUAI болды. Мәртебелі шара ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен өтті. Олимпиаданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.
Қатысушылар жасанды интеллект модельдерін әзірлеу және автономды роботтарды бағдарламалау бойынша бақ сынасты. Жарыстар Қазақ спорт және туризм академиясында өтті.
Олимпиаданың ең жарқын нәтижелерінің бірін қазақстандық оқушы Даужан Бекетов көрсетті. Ол алтын медаль алумен қатар, шамамен 500 қатысушының арасында жалпы жеке есепте II орынға шықты. Осылайша, IOAI 2026-ның абсолютті чемпиондарының алғашқы үштігіне енді.
Құраманың қалған мүшелері де лайықты өнер көрсетті. Мысалы, Ұлықбек Османов пен Жәнібек Қасымхан қола жүлдеге ие болды. Бұл жетістікке қатысушылардың талантымен қатар, айлар бойы жүргізілген дайындық, жаттықтырушылардың еңбегі, оқу-жаттығу жиындары және халықаралық жарыстардағы тәжірибе нәтижесінде қол жеткізілгені анық.
Қазақстан құрамасы жалпы есепте 6-орынға тұрақтады. Жалпы, командасының барлық мүшесі жүлдегер атанған елдер аз. Бұл – Қазақстан құрамасының тұрақты әрі біркелкі дайындалғанының жемісі.
IOAI 2026 – Жасанды интеллект бойынша Қазақстанда өткен ең ірі халықаралық білім беру шарасы. Олимпиада тек жарыс емес, сонымен қатар әр елдің талантты оқушылары, ғалымдар, әзірлеушілер мен сарапшылар бас қосқан алаңға айналды. Жаңа зерттеулер талқыланып, кәсіби байланыстар орнады.
2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, бұл жеңістің де символдық мәні зор болды. Олимпиада нәтижесі Қазақстанда әлемнің ең мықты жастарымен бәсекелесе алатын мамандар өсіп келе жатқанын дәлелдеді.
IOAI Халықаралық ғылыми комитетінің мүшесі Ануар Аймолдиннің пікірінше, мұндай шараларға қатысатын компаниялар әлемдегі ең мықты таланттармен танысуға және жаһандық жасанды интеллектінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады.
Жабылу салтанатында Қазақстан олимпиада туын аталған шараны өткізетін келесі мемлекетке тапсырды. Олимпиада енді Сингапурда 2027 жылы 4–10 шілдеде өтеді.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ