Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында Инновациялық техникалық колледжінің базасында «Жас сарбаз» клубының жұмысы: дәстүр, тәжірибе, заманауи тәсілдер» тақырыбында қалалық әскери-патриоттық форум өтті., – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шара «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, әскери-патриоттық тәрбиенің жүйесін дамытуға, тәжірибе алмасуға және «Жас сарбаз» клубтарының қызметін кеңінен насихаттауға бағытталды.
Форум жұмысына колледждердің директор орынбасарлары, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары, сондай-ақ әскери-патриоттық клуб жетекшілері қатысты. Қатысушылар тәрбиелік жұмыстың өзекті мәселелерін талқылап, тиімді тәжірибелерімен бөлісті, білім алушылар арасында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың заманауи тәсілдерін ұсынды.
Форум бағдарламасы қатысушылардың баяндамаларын, тиімді тәжірибелердің таныстырылымдарын, сондай-ақ «Жас сарбаз» клубының қызметін көрсетуді қамтыды.
Ерекше назарды саптық дайындық бойынша көрсетілім аударды. Білім алушылар сапта үйлесімді қимылдап, командаларды нақты әрі дәл орындау шеберлігін көрсетті. Көрсетілім барысында жеке және топтық саптық дайындық элементтері, орнында және қозғалыста бұрылу тәсілдері, саппен жүру дағдылары ұсынылды. Бұл бөлім клубтың білім алушылар бойында тәртіп, жауапкершілік, ұйымшылдық және әскери дәстүрлерге құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастырудағы жүйелі жұмысының нәтижесін айқын көрсетті.
Аталған форум тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналып, қазіргі білім беру жүйесінде әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.