2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи алматылықтарды Қала күнімен құттықтады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қыркүйек айының соңында спортшы Қазақстанға алғаш рет келіп, Алматыда өтетін жарысқа қатысады.
«Баршаңызды Алматы қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы тамаша қаланың одан әрі дамып, өркендей беруіне, ал тұрғындарына зор денсаулық пен бақыт тілеймін. Жақында Алматыға барамын. Мерейтойлық 15-ші Almaty Marathon жарысына алғаш рет қатысамын және осындай мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын. Алматыда сіздермен кездесуді асыға күтемін», – деді Юки Каваучи.
Каваучи 2018 жылы Бостон марафонында жеңіске жеткеннен кейін әлемге кеңінен танылды. Ол спорттық мансабының едәуір бөлігінде жаттығу мен халықаралық жарысқа қатысуды мемлекеттік қызметтегі жұмысымен қатар алып жүрді. Осы ерекшелігі үшін Жапонияда оған «әуесқой жүгіруші» деген лақап ат берілген.
Алдағы жарыс Юки Каваучи үшін Орталық Азиядағы алғашқы бәсеке болмақ.
27 қыркүйекте ол Almaty Marathon жарысының мәресіне шығады. Биыл марафонға 60-тан астам елден 16 мың адам қатысады.
Жарыс бағдарламасына 42,2 км, 21,1 км және 10 км қашықтықтар, 10 км скандинавиялық жүріс және Экиден командалық эстафетасы кіреді.
Мерейтойлық жарысқа орай барлық қашықтықтың бағыты жаңартылды. 42,2 шақырымдық марафон бағыты алғаш рет бір айналымнан тұрады. Оның екінші бөлігі Алматының орталық көшелері мен тарихи бөлігін қамтиды.
Almaty Marathon AIMS халықаралық күнтізбесіне енгізілген, ал жарыс бағыттары World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырады.