1 қыркүйек – әр отбасы үшін толқу мен үміт аралас мереке. Биыл елімізде 4,1 миллионнан астам оқушы парта басына отырды, оның 380 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бір жыл ішінде жалпы білім беретін мектептер саны 7 920-дан 8 048-ге жетті.
Бірақ жаңа оқу жылы тек жаңа ғимараттармен ғана емес, мектеп өміріндегі маңызды өзгерістермен де есте қалды. Оқу-ағарту министрлігі бағалау жүйесін қайта қарап, бағдарламаға жаңа пәндер енгізіп, сабақ үстінде телефон қолдануға шектеу қойды. Бұл қадамдардың ортақ мақсаты – баланың жүктемесін азайту, оның білімін әділ бағалау, құқықтық сауатын арттыру және сабаққа деген зейінін сақтау.
Бастауыш сыныптар: БЖБ мен ТЖБ-сыз жаңа кезең
Жаңа оқу жылының ең көп талқыланған өзгерісі – бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың (ТЖБ) алынып тасталуы. Енді 2–4 сынып оқушыларының білімі диктант, мазмұндама, тест, практикалық және шығармашылық жұмыстар арқылы тексеріледі. Күнделікті формативті бағалаудың рөлі артады. 1-сыныпта бұрынғыдай баға қойылмайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл шешімнің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, бастауыш кезеңдегі басты міндет – баланы бағалаумен күйзелтпей, оның мектепке және оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру. Министр әлемнің көптеген елінде бастауыш сыныптарда мұндай бағалау тәсілі кең қолданылмайтынын да атап өтті.
Министр мұғалімдердің жүктемесіне ерекше назар аударды: «Мыңдаған парақты қарап шығу мұғалімдерге үлкен жүктеме түсіреді». Оның пікірінше, тапсырма дайындап, тексеруге кететін уақытты оқушылармен жеке жұмыс істеуге, олардың білімдегі олқылықтарын толтыруға жұмсаған тиімдірек.
Реформа кезең-кезеңімен жүргізіледі. Министрліктің жоспары бойынша келесі оқу жылында 5–9 сыныптардың бағалау жүйесі өзгереді, ал 10–11 сыныптардағы тәртіп 2028 жылы қайта қаралады. Әзірге 5–11 сынып оқушылары бұрынғыдай БЖБ мен ТЖБ тапсырады.
Дегенмен шешімге қатысты сыни пікірлер де айтылды. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл жүйені енгізуге ұзақ уақыт пен көп қаржы жұмсалғанын еске салды. Оның пікірінше, мұндай шешім жан-жақты талдау мен сарапшылардың қорытындысына сүйенуі тиіс. Депутат бес балдық жүйеде мұғалімдер «1» мен «2» бағаны сирек қоятынын, сондықтан БЖБ мен ТЖБ-ның да өз артықшылығы бар екенін айтты.
· Жаңа пәндер: құқықтық сауат пен қауіпсіздік
Биылдан бастап мектеп бағдарламасына «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп», «Жеке қауіпсіздік», «Құқық негіздері» деген міндетті жаңа курстар енгізілді.
«Конституция негіздері» пәні 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін әзірленді. Негізгі сабақтарды тарих пен құқық пәнінің мұғалімдері жүргізеді. Министрліктің хабарлауынша, қосымша практикалық сабақтарға тәлімгер ретінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері шақырылады. Осылайша, оқушылар заң талаптарын тек кітаптан емес, оны күнделікті қолданатын мамандардан да үйренеді.
«Жеке қауіпсіздік» курсы 5–8 сыныптарда айына бір рет, 9–11 сыныптарда айына екі рет өтеді. Атауынан көрініп тұрғандай, курс оқушылардың өз қауіпсіздігін сақтау дағдыларын қалыптастыруға арналған.
Ата-аналарды алаңдатқан басты сұрақ – жаңа пәндер оқушылардың жүктемесін арттырмай ма? Министр Жұлдыз Сүлейменова бұл курстардың оқу бағдарламасында бұрыннан белгіленген сағаттар есебінен өтетінін, сондықтан оқушылардың жүктемесі артпайтынын айтты.
Сонымен қатар «Алғашқы әскери дайындық» пәні бұрынғы «АӘД» атауына қайтарылды, ал 4-сыныптарда жекелеген сабақтарда жасанды интеллект элементтері енгізіледі.
· Сабақта телефон – тек қажет кезде
Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға сабақ үстінде смартфон қолдануға тыйым салынды. Тек сабақтың жоспарында көзделген тапсырманы орындау үшін ғана телефон пайдалануға рұқсат етіледі.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Үкіметтегі баспасөз мәслихатында жаңа тәртіпті түсіндірді. Оның айтуынша, оқу процесі кезінде оқушылар смартфон қолдана алмайды. Бірақ мектепке телефон алып келуге толық тыйым салынбайды. Телефонды қалай сақтау керектігін, яғни сыныпта жинап алу немесе арнайы жәшіктерге салу тәртібін әр мектеп ішкі ережесінде өзі белгілейді. Үзіліс кезіндегі тәртіпті де мектептер өздері шешеді.
Бұл норманың заңдық негізі бұрыннан бар. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сабақ кезінде ұялы телефон қолдануды шектейтін заңға қол қойған болатын. Сол кезде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің сабақта телефон қолдануға тыйым салу қажеттілігімен жиі бетпе-бет келетінін, сондықтан бұл талап заң жобасына жеке енгізілгенін айтқан еді.
Ережені бұзғандарға жауапкершілік те қарастырылған. Бірінші рет ескерту жасалады, ал қайталанса, ата-аналарға 5 АЕК-ке дейін (21 625 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.
Жаңа оқу жылындағы өзгерістер бір-бірінен бөлек көрінгенімен, олардың барлығы мектепті балаға жайлы, әділ әрі қауіпсіз ортаға айналдыру мақсатын көздейді. Бастауыш сыныптардағы жаңа бағалау тәсілі баланы шамадан тыс күйзелістен сақтап, оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталған. Жаңа пәндер жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастырса, телефонға қойылған шектеу оқушының сабаққа деген зейінін сақтауға көмектеседі.
Әрине, кез келген реформаның нәтижесі бірден көрінбейді. Әрбір шешімнің артында терең талдау мен ашық талқылау тұруы керек. Ең бастысы – мұғалім, ата-ана және мектеп әкімшілігі бір бағытта жұмыс істеуі. Сонда ғана өзгерістер қағаз жүзінде қалмай, әр сыныпта нақты нәтиже береді.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ