Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заңның жобасы қаралды. Құжаттарды Мемлекет басшысының қор нарығын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Ұлттық банкпен бірлесіп әзірледі.
ҚНРДА төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов хабарлағандай, соңғы бес жылда Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы екі есеге жуық өсті. Акциялар мен облигациялар нарығының жиынтық көлемі 2021 жылғы 51,1 трлн теңгеден 2025 жылы 99,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылғы 9 айда бөлшек инвесторлар шоттарының саны 5 млн-нан асты.
Акциялар нарығының капиталдануы 41,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 26%-ы, облигациялар нарығының көлемі 58 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 36%-ы болды. Бұл ретте негізгі өсім квазимемлекеттік компаниялардың акцияларын орналастыру және эмитенттер құнының қайта бағалануы есебінен қамтамасыз етілді. Облигациялар нарығының құрылымында мемлекеттік бағалы қағаздар басым. Олардың үлесіне жалпы көлемнің 59%-ы тиесілі. Тағы 30%-ын квазимемлекеттік сектордың облигациялары және тек 11%-ын жеке бизнес иеленеді.
Сауда белсенділігін арттыру үшін де әлеует сақталуда. Акциялардың айналымы 5-10% мақсатты бағдар бойынша 1,4%, 20-25% бағдар бойынша облигациялар шамамен 9%. Бағалы қағаздар нарығының өсуі жеке бизнесті қаржыландыруды кеңейту үшін кең перспективалар ашады. Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы осы инвестициялық әлеуетті ашуға қор құралдарын одан да қолжетімді етуге арналған.
Осылайша, бағалы қағаздар нарығының айтарлықтай өсуіне қарамастан, оның жеке бизнесті қаржыландыру көзі ретіндегі мүмкіндігі әзірге жеткіліксіз пайдаланылуда. Бұл міндетті шешуге капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы арналған. Құжат зейнетақы активтері мен инвестициялық қорларды, борыштық бағалы қағаздар нарығын және туынды қаржы құралдарын дамытуды, IPO мүмкіндіктерін кеңейтуді және шағын және орта бизнестің акциялар нарығына қол жеткізуді қамтитын 7 бағыт пен 35 стратегиялық бастаманы қарастырады. Қайталама нарықтың өтімділігін арттыруға, жаңа қаржы құралдарын дамытуға, қайта құрылымдау және реттеу тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, бағалы қағаздар мен жабылған қысқа сатылымдарды қарызға алу тетіктерін енгізу, маркет-мейкерлердің қызметін жетілдіру, тәуелсіз инвестициялық талдауды дамытуды ынталандыру және халықаралық инвесторлардың қазақстандық акцияларға қол жеткізуін кеңейту ұсынылады. Бағдарламаны жүзеге асырудың заңнамалық негізі «Капитал нарығы туралы» жаңа Заң болады. Ол 2003 жылдан бастап қолданылып жүрген «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңды ауыстыруы тиіс. Заң жобасының жаңа нормалары қазақстандық реттеуді Еуропалық Одақ пен Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) стандарттарына жақындатуға арналған.
Заң жобасы туынды қаржы құралдары мен цифрлық қаржы активтерін қосқанда, реттеу саласын кеңейтеді. Инвесторларды қорғауды күшейту үшін білікті инвестордың бірыңғай өлшемшарты енгізіледі. Ал брокерлер клиенттердің тапсырмаларын неғұрлым тиімді шартпен орындауға міндеттеледі. Сондай-ақ қаржы және инвестициялық консультанттар институтын дамыту көзделеді. Компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдету үшін Орталық депозитарий базасында «бір терезе» қағидатын енгізу және эмиссия жоспарына қойылатын талаптарды жаңарту жоспарлануда. Бір мезгілде өзін-өзі реттеу тетіктері, есеп айырысу инфрақұрылымы жетілдіріліп, бағалы қағаздарды қарызға алу мен қысқа сатуды қоса алғанда, жаңа қаржы құралдары үшін құқықтық негіз құрылады.
Бағдарламаны жүзеге асыру және жаңа заңның қабылдануы бизнестің нарықтық қаржыландыруға қол жеткізуін арттыруға, азаматтардың жинақтарын ұзақмерзімді инвестициялау үшін қосымша жағдай туғызуға және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік беруі тиіс.



