Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа нормаларына арналған ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқанға 5,8 мыңнан астам алматылық жас қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа нормаларын түсіндіруге, жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, азаматтық жауапкершілік, заңдылық және қоғамдық қатысу қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған бірқатар қалалық іс-шаралар өтті. Іс-шараларды Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырды.
Бірнеше күн бойы комьюнити-орталықтарда, қоғамдық кеңістіктерде және жоғары оқу орындарында ғылыми-сараптамалық диалог алаңдары, шығармашылық және акустикалық кештер, экологиялық акциялар, ашық дәрістер, подкасттар, флешмобтар мен ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Іс-шараларға жалпы 5,8 мыңнан астам адам қатысты.
Қатысушылар қатарында студенттер, жас ғалымдар, ғылыми қауымдастық өкілдері, жұмыс істейтін жастар, қала базарларында еңбек ететін жастар, белсенділер, еріктілер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары, жастар ұйымдарының өкілдері, Алматы тұрғындары және басқа да жастар болды.
Негізгі іс-шаралардың бірі ретінде Әуезов ауданындағы Комьюнити-орталықта өткен «Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жастардың рөлі» атты ғылыми-сараптамалық кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушылар конституциялық реформалардың маңызын, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді және жастардың еліміздің дамуына қосатын үлесін талқылады.
«Конституция – еліміздің орнықты дамуының берік негізі. Ол әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді, жастарға сапалы білім алуға, еңбек етуге, қоғамдық өмірге араласуға және өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік ашады», – деді Д.А. Қонаев атындағы колледждің директоры Райхан Бөлекбаева.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Гүлдер» саябағында өткен «Жас Fest» шығармашылық кеші тудырды. Музыка, поэзия және шығармашылық қойылымдар арқылы жастар әділдік, теңдік, азаматтық бірлік және заңға құрмет сияқты құндылықтарды дәріптеді.
«Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, қоғамды біріктіретін құндылықтар жүйесі. Жастар оны жай ғана ресми құжат ретінде емес, күнделікті өмірінің негізі ретінде қабылдауы маңызды», – деді «JAIDARMAN» жобасының Алматы филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов.
Науқан аясында сондай-ақ «Жастардың өзін-өзі жүзеге асыруының жаңа мүмкіндіктері» атты акустикалық кеш, «Конституция менің көзіммен» ақпараттық-түсіндіру акциясы, мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңа қағидаларына арналған подкаст және «Конституция үні» атты бейнефлешмоб ұйымдастырылды. Флешмобқа қатысушылар Конституция баптарын оқып, Негізгі заңның маңызы туралы өз ойларымен бөлісті.
Азаматтық жауапкершілік тақырыбының практикалық жалғасы ретінде Сайран көлінің жағалауында «Таза Қазақстан: Жасыл Ел – таза болашақ» экологиялық акциясы өтті. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары, еріктілер мен белсенді жастар жағалау аумағын тазалап, қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстарына қатысты және қоршаған ортаны қорғаудағы жастардың рөлін талқылады.
«Қоршаған ортаны қорғау – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі. Әрбір жас экологиялық акцияларға қатысу және қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау арқылы қаланың тазалығына өз үлесін қоса алады», – деді ProjectVirus_Almaty жобасының жетекшісі Дулат Нәбиев.
Конституциялық құндылықтарды насихаттау жұмыстары 1 шілдеге дейін-ақ басталған болатын. 22–25 маусым аралығында Алматының жетекші жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның, жас ғалымдар мен студенттердің қатысуымен 13 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Кездесулер барысында Конституцияның жаңа нормалары, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жастардың азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар 10 шілдеге дейін Алматы қаласының жоғары оқу орындарында, комьюнити-орталықтарында және қоғамдық кеңістіктерінде жалғасады. Олар тағы бірнеше мың жасты Конституцияның негізгі құндылықтары мен құқықтық мемлекет қағидаттары төңірегінде біріктіреді.