БЖЗҚ өкілдері Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысты, олар зейнетақы жинақтау жүйесінде қандай өзгерістер күтілетіні және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалану үшін қайда жүгіну керектігі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Жаңа кодекс шеңберінде зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделуге ақы төлеу үшін пайдалану мүмкіндігі көзделген.
Атап өтетін болсақ, еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері және әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде жиырма бес жыл еңбек сіңірген жылдары бар өзге де адамдар және қызметтен босатылған кезде ҚР заңнамасында белгіленген қызметте болудың шекті жасына жеткен жандар жатады.
БЖЗҚ-да міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары болған жағдайда, еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер оларды жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған кезде ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 61 жас ала алады.
«Барлық басқа зейнеткерлер, егер олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері 40%-дан төмен емес деңгейдегі табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу мақсаттарына міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған өздерінің зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін пайдалану құқығын сақтайды. Алмастыру коэффициентін есептеу Үкімет айқындаған тәртіппен жүргізіледі. Коэффициентті есептеу кезінде зейнеткердің зейнетке шыққан күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық табысынан аспайтын табысы ескеріледі», - деді «БЖЗҚ» АҚ басқармасының төрағасы Жанат Құрманов.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін алу үшін "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ға (enpf-otbasy.kz порталы арқылы) немесе екінші деңгейдегі "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ, "Банк Фридом Финанс" АҚ сияқты банктерге жүгінген жөн. Ал емделуге ақы төлеу мақсатында - "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ға ғана жүгінуге болады.