Бала – болашақ
Ұялы телефондар мен смартфондардың балаларға әсері туралы әңгіме әлеуметтік желіде көтеріліп жүргелі қашан! Бұл ретте, электромагниттік сәулеленудің адам ағзасына, соның ішінде миына жағымсыз әсері болатынымен келіспейтіндер де бар. Дегенмен соңғы кезде оның қауіпті екенін мойындайтындардың қатары әлдеқайда арта түскені даусыз.
Одан бөлек, түрлі зерттеу нәтижелері де мобильді құрылғыны жата-жастана қолданушылардың жарық пен дыбыс сигналдарына реакциясы бәсеңдейтінін және әлдене жазған кезде көп қате жіберетінін көрсеткен. Ең алаңдататыны, ұялы телефонға тәуелділігі басым өрендердің бара-бара жұмыс қабілеті төмендеп, зейінін шоғырландыруы мен логикалық жады нашарлайтыны бүгінде баса айтылуда.
Жалпы, ұялы телефонның магниттік өрісінің таралу ерекшелігі мен бала миы сіңіретін энергия мөлшері мәселесі соңғы уақытта халықаралық деңгейдегі түрлі форумдардың да күн тәртібінен түспеуге айналды. Зерттеулерге жүгінсек, ену тереңдігі бойынша радиация ересектердің ми құрылымдарының 15 пайызын қамтитын көрінеді, ал оның балалар мен жасөспірімдерге қатысты көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Яғни, ол жасөспірімдерде – 60 %, балаларда – 80 %-ды құрайды екен. Демек ұялы телефонды пайдалану кезінде бала миының түгелдей дерлік бөлігі электромагниттік сәулеленуге ұшырайды деген сөз.
Балалардың көпшілігінің психикасы мен физиологиялық жай-күйінен соңғы уақыттарда байқалып жүрген жағымсыз көріністер мен түрлі әттеген-айларда электромагниттік радиацияның әсері жоқтығына ешкім кепілдік бере алмайды. Мысалы, мамандар мобильді құрылғылардың балаларға ерекше қауіп төндіретінін айтады және ересектерге қарағанда бас сүйектері әлі қатпаған әрі ми салмағы жеңіл болғандықтан, олардың нәзік ағзасы гаджеттер радиациясына төтеп бере қоюы неғайбыл дейді. Соған орай бірқатар ғалымдар адам ағзасына концерогенді әсерін алға тарта отырып, электромагниттік радиацияны ең кең таралған әрі салдары ауыр сырқаттар тобына жатқызуды ұсынады.
Бұл мәселеге жіті мән берген көптеген мемлекеттер, соның ішінде Германия, Франция, Италия, Греция, Ұлыбритания, Бельгия, Бангладеш, Қытай, Белоруссия, Өзбекстан және Әзірбайжан мектептер мен балабақшаларда Wi- Fi мен ұялы телефондарды пайдалануға толықтай тыйым салатын немесе ішінара шектейтін шараларды жүзеге асыруда. Балалардың ұялы телефонды сабақ кезінде пайдалануын шектейтін заң жуырда бізде де қабылданды.
Қалай болғанда да, бұл заңмен ғана реттелетін жағдай емес, әр ата-атаның және әр жасөспірімнің жеке жауапкершілігіндегі нәрсе екені түсінікті. ЮНИСЕФ-тің жаһандық есебі бойынша, интернеттің әлемдегі әрбір үшінші қолданушысы – бала екен. Жас өрендердің онлайн-қауіпсіздігіне қатысты жүргізілген зерттеу барысы Қазақстанда балалар интернетке бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен және ерте жастан қосылатынын анықтаған. Сондай-ақ, мамандар балалардың 45%-ы интернетке 5-8 жасында, ал 5%-ы одан да ерте, яғни 4 және одан да кіші жаста кіретініне көз жеткізген. Демек, қазір тіпті бесіктен белі жаңа шыққан бүлдіршіндердің өзі ұялы телефонның құлағында ойнайды деген сөз.
Әрине, баланың дамуына, шығармашылығының, ой-өрісінің артуына ғаламтордың, мобильді құрылғылардың пайдалы әсері болатыны талас тудырмайды. Мәселе – шектен шықпауда және әр нәрсенің жағымды-жағымсыз, артық-кем тұсын таразылай білуде екенін түсінген абзал.