Танымал заңгер Айгүл Орынбек Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуіне арыз түсірді, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Ол жеке адамның өміріне қатысты ақпаратты жариялаудың тек әдепсіздік емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет екенін ескертті.
"Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Отбасылық құпияны бұзу - бұл жай ғана әдепсіздік емес, заң алдында нақты қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Күйеуі мұны білмеуі мүмкін, бірақ журналистердің заңнан бейхабар болуы мүмкін емес", - деді Айгүл Орынбек.
Заңгердің айтуынша, бала асырап алу - жеке және отбасылық өмірге қатысты құпия ақпарат, оны жариялау ҚР Қылмыстық кодексінің 146 және 147-баптарына сәйкес жазаланатын әрекет.
146-бап - Бала асырап алу құпиясын жария ету,
147-бап - Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу деп көрсетілген.
"Мен Дариғаны көп жылдан бері жақсы танимын. Ажырасу кезеңінде қандай қиындықтардан өткенін де білемін. Сондықтан оның заңды мүддесін қорғаушы өкілі ретінде, Жылқышыбай мен Дарханның әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арызды Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне ресми түрде жолдаймын", - деп мәлімдеді заңгер.
Айгүл Орынбек бұл оқиғаны тек жеке тұлғаның ар-намысы мен беделіне қатысты мәселе емес, қоғамдағы журналистік этика мен заң үстемдігіне қатысты жағдай деп бағалады.
"Барлық БАҚ медиа заңнамасын қатаң сақтауға, жеке тұлғалардың жеке өміріне қол сұқпауға шақырамын. Журналист - ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін адам. Сондықтан рейтинг үшін біреудің тағдырын талқыға салу кәсіби абыройға көлеңке түсіреді", - деді ол.
Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайлар қоғамдағы жеке өмірге құрмет пен кәсіби этиканың қаншалық маңызды екенін еске салады. Ақпарат таратқанда адам тағдыры мен заң талаптарын ескермеу журналистика миссиясына қайшы.