Әлеуметтік желіде Назарбаев Зияткерлік мектебінің емтиханына кешігіп бара жатқан қызға көмекке келген қызметкердің әрекеті көпшілікті сүйсінтті. Бар болғаны екі минут ішінде қабылдау тіркеуі жабылатын сәтте, мектеп қызметкері қыздың құжатын алып, өзі жүгіріп барып өткізуге тырысқан. Aqshamnews.kz тілшісі видео кейіпкерін тауып, оқиға туралы сұхбаттасты.
Видеодағы кейіпкер кім?
Видеодағы азамат - Жүрсінбек Батырбек Мырзақасымұлы. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебінде бір жарым жылдан бері жұмыс істейді. Биология пәнінің лаборанты ретінде мектептегі жылыжайға, практикалық және ғылыми жұмыстарға жауап береді. Ол - Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінің тумасы.



Оқиға қалай болды?
Кейіпкердің айтуынша, видеодағы жағдай 27–28 наурыз күндері Шымкент қаласы, Қаратау ауданындағы НЗМ мектебінде гранттық оқуға қабылдау кезінде болған. Сол күндері мектепте 1800-ден аса оқушы емтихан тапсырған. Желіде тараған видео қабылдаудың екінші күні түсірілген.
Жүрсінбектің сөзінше, мұндай сәттер Назарбаев мектебі үшін тосын жағдай емес.
"Қабылдауға құжат тапсыруға санаулы минут қалғанда жүгіретіндер болады. Мен де сол эстафетаны жалғастырдым десе болады", - дейді ол.
Ол мұны тіпті мектептегі "дәстүрлі марафонға" теңейді.
"Бұл жалпы НЗМ мектептерінің жылда болатын дәстүрлі марафоны десек те болады. Жалпы әдеттегі жағдай. Талапкерлердің үлгере алмайтын кездері де болады".
Сол күні тіркеу жабылуға небәрі екі минут қалған. Қыздың жүзінен қобалжу анық байқалған.
"Тіркеу жабылуға екі минут қалғанда үлгердік. Бала қобалжығаны жүзінен көрініп тұрды. Үміті сөнгендей болды, бірақ сол үмітін қайта жаққанымызға қуаныштымыз".
Жүрсінбектің айтуынша, оқушы емтиханға уақытында кіріп, тестті тапсырып үлгерген.
"Бала тестті тапсырды. Әлбетте, үлгерді. Тестті жақсы тапсырып шықты деп үміттенеміз", - дейді кейіпкер.
Видео қалай тарады?
Көпшілікті тебіренткен видеоны әріптесі Сымбат түсірген. Ал оны әлеуметтік желіге тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Құлтай Абылай естелік ретінде жариялаған.
Желіде видео кең тарап, түрлі пікір айтылған. Кейбір желі қолданушылары қызметкер қызды таниды деп болжаған. Алайда Батырбек мұны жоққа шығарды.
"Олай емес, оқушыны танымаймын. Жыл сайын бәріне осылай көмектесеміз. Бастысы, өз ісіміздің дұрыс екенін білеміз", - дейді Батырбек.
Ол бастапқыда бұл жағдайды қалыпты қабылдағанын, алайда халықтың ықыласы ерекше әсер еткенін де жасырмады.
"Танымалдық жинай бастаған сәтте халықтың ыстық ықыласы бәрібір жылы сезім береді екен", - деп қорытындылады қызметкер.