ffin.kz

Ұлы тұлға – ұлы эпопея

Ұлы тұлға – ұлы эпопея Сурет: С.Құсайынов

Ұлы тұлғалардың мұрасы жаңғыруда 


«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-не қарасты Алматы музейінде М.Әуезовтің 125 жылдығы мен «Абай жолы» роман-эпопеясының жарыққа шығуына 80 жыл толуына орай «Ұлы тұлға – ұлы эпопея» тақырыбында «Дөнгелек үстел» ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Шараға Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуға ат салысқан көрнекті жазушы, «Құрмет Белгісі» ордені иегері Роллан Сейсенбаев, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының кандидаты Арман Жұмаділов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет және студенттер, зиялы қауым өкілдері, тілшілер қатысты.   


Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің есімдері бұл күндері ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаларға айналды. Дана Абайды қазақ халқының рухани ұстазы ретінде тануымыз ұлы ақынның өз мұрасы арқылы ғана емес, сонымен бірге әлемдік көркем ойдың алтын қазынасына айналған М.Әуезовтің тарихи эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең бірінші тілге тиек етеріміз – М.Әуезов әлемінің Абай әлемімен рухани сабақтастық мәселесі.


Абайдан Мұхтарды, Мұхтардан Абайды бөліп айту мүмкін емес. Ұлы ойшыл Абайдың өмірі мен ақындық жолы – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық қызметінің басты тақырыбы. Бұл тақырыпты игеруге М.Әуезов өзінің бүкіл саналы өмірін, ақылының қайраты мен жүрегінің қызуын түгел арнады.


– Өздеріңіз білетіндей, үстіміздегі жылы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл. Сонымен қоса, «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабы жарыққа шыққанына 80 жыл толып отыр. Осыған байланысты республиканың әр жерінде іс-шаралар өтіп жатыр. Арнайы Үкіметтің қаулысы да шықты. Бұл жиын халқымыздың ұлы ақыны мен жазушысына арналып отыр, – деді Әділғазы Қайырбеков.


Қазақ халқының рухани, мәдени һәм әдеби өміріндегі шамшырақтарының еңбегі, жазған шығармаларының бүгінгі ұрпаққа жетуі турасында ой-пікірлер айтылды. Осы төңірегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет біршама тың деректер мен пайымдар келтірді.


– Біз Абайды әлі жете тани алмай келеміз. 1972 жылы Абайтанушы ғалым-ұстазымыз Мекемтас Мырзахметов маған Абайдан тақырып берді. Ақынның діни көзқарасы мен ойлары жайында жазуым керектігін айтты. Ол уақытта Кеңестер Одағының қылышынан қан тамып тұрған кез, былайша айтқанда, «Құдайсыз қоғамның» шағы еді. Сол кезде біраз жүрексіндім. Дегенмен, бүгінгі таңда аталған тақырыпқа барғанымның дұрыс болғандығына көзім жетті. Бізге мұсылманшылықты түсіндіргенде, Абайдың ілімдерінен ұғындыру қажет. Сонда Кеңестік идеологиядан енді арылғандарға түсініктірек болады. Бізге алыптарымыздың пенделік жағы емес, шығармашылық қыры маңыздырақ. Осы жағынан өскелең ұрпақ мән беріп, өздеріне керекті тура жолды айқындар деп сенеміз, – деді ол.


Абайдың қазақтың көзін ашқан ұлы тұлға болғандығы мәлім. Ал оның әлемдік аренаға шығуына ықпал еткен М.Әуезовтің «Абай жолы» романы екені баршаға аян. Бұл төңірегінде бірқатар пайымдаулар сөз болды.


– Қазақ халқының ұлы жазушысы Мұқаңның 125 жылдық мерейтойы құтты болсын дейміз. Осыған қатысты қыркүйекте бірқатар шаралар басталғалы тұр. Үлкен-үлкен салтанатты жиындар өтеді деп күтілуде. Мұхтар Әуезов өзінің тырнақалды туындыларын көсемсөзден бастады. Ол Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп «Екеу» деген мақала жазды. Оны 1917 жылы «Қазақтың өзгеше мінездері» деген атпен Ташкентте жарық көрген «Алаш» газетінде бастырды. 1918 жылы Семейде 12 нөмірі  шыққан «Абай» журналында Мұқаңның әдеби-публицистика мақалалары басылып тұрды. Сондай-ақ, Қызылжарда да «Ескеру керек, егінге дайындалыңдар» деген мақалалары баспа бетін көрген болатын. Жалпы,  екі тұлғаның қай қырын алып қарасаңыз да,тұнған байлық, рухани кемелдік мүлгіп жатыр, – деп түйді ақын Бауыржан Жақып.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04