Бүгінде ұлттық сусынның қатарына жататын бозаның ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Оны ішпек түгілі, атын естімегендер де жетерлік. Иммунитетті көтеретін бұл сусынды қалай дайындау керектігін үйрететін жандар да қалмай барады. Дайындау тәсілі қиындау болғандықтан, қазіргілер боза жасауға онша құмар емес. Егер осылай кете берсек, алдағы уақытта бұл сусынды тек тарихшылардың аузынан ғана еститін шығармыз.
БОЗА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?
Боза – дәнді дақылдардан ашытып жасалатын ежелгі сусын. Бір тәулік бойы суға бөктіріліп қойылған дән жармасының сарысуын төгіп тастағаннан кейін, қалған тұнбаға белгілі мөлшерде май, су құйып, оттың табына жайлап қайнатып, ботқа жас айды. Оны суытып қойып, дәнді дақылдың бір түрінен (тары, арпа, т.б.) ашытқы дайындайды. Ол үшін дақылды қажетінше алып, үстіне ыстық су құйып, 3-4 сағат бөктіреді де, сүзіп алып, жылы жерге жайып қойса, 3-4 күнде дәндері өнеді. Бірден кеуіп кетпес үшін, үстін жауып тастайды. Өнгеннен кейін келіге салып түйеді. Осылайша дайын болған қоспаның үстіне суытылған қайнаған су құйып, жарты тәуліктей ашытып қояды. Содан соң дайын қоспадан ыдысқа керегінше салып, қайнаған салқын суға араластырып, сүзгіден өткізеді. Алынған сұйық сусын «Боза» деп аталады . Дайындалу технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай «жас боза», «қорланған боза» деп те атайды. «Жас боза» құрамында 4–6%, ал «қорланған бозада» 12–15% спирт болады. Бозаның уытсыз, жай ашытқымен жасалған түрін «Мақсым боза» дейді.
БҰЛ СУСЫНҒА ДЕГЕН ҚҰМАРЛЫҚ АЗАЙЫП БАРАДЫ
Бүгінде базарларда боза сатылады. Дегенмен, өте аз. Оның үстіне боза салу технологиясын терең білмейтіндердің кесірінен адамдар арасында бұл сусынға деген құмарлық азайып барады. Дегенмен, алыс ауылдарда әліге дейін боза салатындар бар. Боза негізі сыраның арғы атасы саналады. Кезінде Месопатамия мен Египетте оны әлсіз алкоголь ретінде пайдаланған. Оны ашыған наннан дайындаған. Ал Орта Азияда дәнді дақылдардан дайындаған. Осман империясы тұсында бозаның нағыз шарықтау дәуірі болды десе де болады. Оны жас та, жасамыс та тамсана ішті деген дереккөздері бар. Сол кезеңдері сусынның өтімділігін арттырғысы келген саудагерлер бозаға аздап опиум қосқан көрінеді.
Бұдан бөлек, бозаны арнайы ішу мәнерін де сақтау аса маңызды. Оны сораптап, ұрттап, неше рет демдеп ішумен қатар, апыл- ғұпыл iшуге де болмайтындығы ескертіледі. Себебі, ашытылып жасалған боза құрамында болатын ішімдік көлемі екi кеседен артық iшкен адамды қыздырып, желпiндiретіндігі белгілі. Сондықтан бозаны бұрынғылар «әңгiме айта отырып асықпай ішу керек» деген.
БОЗА ФЕСТИВАЛЬДЕРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛСА ЕКЕН
– Бала кезде қыс мезгілінде әжеміз жиі боза жасап беруші еді. Қалай дайындайтынын үйреніп алмағаныма өкінемін. Бозаны ертеректе адамдар сусын ретінде пайдаланған. Адамды маужыратып, ұйқысын келтіріп, қыздыратын қасиеті бар. Бозаның керемет сусын екеніне еш шүбә жоқ. Әжем жүз жасқа жақындап қайтыс болды. Жас кезінде боза дайындап, содан өздері көп ішкен екен. Көрсеңіз, екі беті алмадай, қып-қызыл шырайланып жүретін. Бетіне әжім түспейтін. Ол кісінің жанында отыз жас кішілердің бетін әжім торлап кететін. Бозаның кереметі ғой. Бертінге дейін тың, бақуат жүрді.
Өкінішке орай, бізде жазда сыра фестивальдері өтіп тұрады. Соның орнына боза фестивальдері ұйымдастырылса, қандай тамаша болар еді, – дейді қала тұрғыны Амантай Жақсылықұлы.
БОЙҒА КҮШ-ҚУАТ БЕРЕДІ
Оның құрамында А, В, С, Е витаминдері бар. Ол ашыған кезде лактоза қышқылы пайда болады. Боза ас қорытуға көп септігін тигізеді. Емізулі әйелдерге сүттің молаюына көмектесетін көрінеді. Осы өндірілген уыттағы Е витамині өте көп болады. Ол адамға күш-қуат беріп, ағзадағы ауруға қарсы тұратын иммунитетті арттырады. Қартаюдың алдын алатын да қасиеті бар. Дәруменге аса бай бозаның ағзадағы барлық органға әсер ететін емдік қасиеті күшті. Ағзадағы зат алмасуды күшейтіп, қандағы шлактарды айдап шығады. Сонымен бірге, қаназдық, анемиясы бар адамдарға да бірден-бір ем. Буын кеселдеріне, тұз жиналғанға, асқорыту мүшелеріне тигізер пайдасы мол. Сарып ауруына да қарсы қолдануға болады.
2009 жылы Иллинойс штатында (АҚШ) елдегі алғашқы боза өндіру цехы ашылған екен. Ендеше, талай ауруға таптырмас ем болатын бозаны елімізде дамуға неге көңіл бөлмейміз? Мәселен, бидайды өндіргенде оның дәніндегі пайдалы заттар С, В витаминдері – 5 есе, В2 витамині – 13,5 есе, В1 витамині 1,5 есе көбейетіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденген.
ПЫШАҚСЫЗ ОТА ЖАСАЙТЫН ДА «ҚАСИЕТІ» БАР
Бозаның пышақсыз ота жасайтын да «қасиеті» бар. Бүйрегіне тас, тұз жиналған науқастардың оны аса абайлап ішкені жөн. Егер уытты бозаны көп ішсе, қатты ауырып қалуы да мүмкін. Бұл – әлгі пышақсыз ота жасалынып жатқанының белгісі. Бүйрегінде тасы бар адамдар бозаны әу баста 50–100 грамнан бастап ішіп, үйренгені жөн. Содан мөлшерін ұлғайта берсе болады. Екінші бір ерекшелігі, бозадан қалған қалдықпен бәйге аттарын бағады. Бозаның түбін жеген мал жұқпалы індетпен ауырмайды. Бозаның түбі деген – дақылды дайындаған кезде сүзілгеннен қалған ең түбіндегі маңызы. Оны жеген мал да қоңды болып, сырқаттан алшақ болады.
ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕ
Боза ежелден Түркияда және Балқанда кең таралған. Мысалы, Болгарияның Радомир қаласында боза фестивалі өтеді. Сусынның сергітетін және масайтатын әсері бар. Ашытқыдан жасалатындықтан, боза В дәрумендеріне бай. Сусын ақуыздардың, көмірсулардың, минералды тұздардың және басқа да пайдалы заттардың көп мөлшері үшін бағаланады. Ескі болгарлар барлық талаптарға сәйкес дайындалған боза он түрлі ауруды емдейтінін айтады.
Боза Осман империясы кезінде өте кең таралған. Бірақ XVI ғасырдың ортасынан бастап оны ішуге тыйым салынды. Бастапқыда Селім II кезінде бозаға апиын қосыла бастады. Осыдан салдарынан оны сатқандарға да, ішкендерге де айыппұл салынды. Содан кейін Мехмед IV кезінде бұған толық тыйым салынды. Алайда, түрік саяхатшысы Эвлия Челеби бозаны өте т анымал сусын ретінде сипатт айды. Ыстамбұлда оны 300-ге жуық дүкен сатқанын және боза өзінің тағамдық құндылығына байланысты түрік армиясында кеңінен қолданылғанын атап өткен.
P.S. Бозаны кез келген жастағы адам іше берсе болады. Бірақ 3 жастан асқан балаларға 5 ас қасықтан артық ішкізуге болмайды. Әсіресе, бүйрегі, асқазаны мен бауыры ауыратын адамдар бұл сусынды арнайы дайындатып емге пайдаланса, ауруынан айығатын күн алыс болмайды. Міне, біле білген адамға бозаның пайдасы көп. Тек сан ғасырлар соқпағынан өтіп, бүгінге жеткен ұлттық сусынымыз келер күнге жетпей, тасада қалып кетпесе екен...
Тақырыпқа орай
Тұралы ЕРКІНБЕКҰЛЫ, қала тұрғыны:
ДЕРТКЕ ШИПА, ДЕНЕГЕ КҮШ БЕРЕДІ
Әсіресе, мынадай індет асқынып тұрған кезде иммунитетті көтеретін сусындарды көбірек насихаттауымыз керек. Боза өнірісін дамытып, оның дайындалу технологиясын үйренген жөн. Өкінішке орай, бізде бояғыштар, консерванттар қо сылған сусындар базарлар мен дүкендерде толып тұр. Түсініксіз пластик ыдыстағы сусындардың нарықты жаулап алғаны соншалық, ол қайдан шыққан, қалай жасалған, бауырға әсер етіп, бүйректі отырғызбай ма, асқазан жарасын тудырмай ма, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ, оларға тек шөлі қанса болды.
Әсіресе, балалар жағы бояғыштар мен стабилизатор, консерванттар, эмульгаторлар қосылып жасалған осындай қызыл- жасыл сусындарға тым құмар. Оның орнына қазақтың ұлттық сусындары – боза, қымыз, қымырандарымыз ішілсе, жақсы-ақ болар еді. Олар дертке шипа, денеге күш береді. Боза варикоз, ангина, асқазан ауруы сияқты көптеген дерттің алдын алады. Бүгінде жүкті әйелдердің басым көбі қаназдықпен ауырады. Аналар да ішінде шипалы дәрумені бар осы сусынды ішсе қаншама ауруынан айығады.
Гүлжан ЖОЛМҰРАТҚЫЗЫ, жоғары дәрежелі дәрігер-терапевт:
БОЗА – ВИТАМИНГЕ ТОЛЫ ТАБИҒИ СУСЫН
Адамның ауруға қарсы тұратын қабілеті – иммунитет қана. Біріншіден, адам денесі көп қозғалыста болуы керек. Қозғалыс кезінде қан айналымы да, зат алмасу процесі де жақсы жүреді. Көп қозғалған кезде ішкі ағзаларымыз өз қызметін толық атқарып, бойымыздағы зиянды заттар несеп жолы, тер арқылы шығып кетеді. Екіншіден, иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтану керек. Мысалы, қытайлар етті көп жемегенмен, әртүрлі шөп арқылы иммунитетін жақсы көтеріп алады. Біз нан мен шайды қалай күнде ішіп-жесек, қытай, жапон, кәрістер шөптік дәрумендерді аспен бірге жиі ішіп-жеп отырады.
Иммунитетті көтеру үшін оңтүстік өңірлерде боза деген сусын дайындалады. Ол арпа, бидай, тары және тағы да басқа дәнді дақылдарды қосып, ашытып, ұн қосып жасалады. Бұл сусын адамның иммунитетін көтеруге өте жақсы көмектеседі. Боза – витаминге толы табиғи сусын. Ол суықтың, тұмаудың алдын алады. Бозаны кішкентай балаларға да, орта жастағы адамдарға да, қарияларға да күніне бірнеше рет ішуге болады.