Дархан Сатыбалды Алматыдағы әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың өтініші бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды тағы да жеке мәселесі бойынша қабылдады. Тұрғындар баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету, қоғамдық көліктің жұмысы, қаланы көркейту және инфрақұрылымды дамыту жайын көтерді.
Қабылдау барысында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын өзге де тұрғындардың өтінішіне айрықша назар аударылды.
Қала басшысы әрбір мәселе бойынша тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктері басшыларының ақпаратын тыңдады. Азаматтарды қабылдау барысында кейбір өтініштерді қосымша зерделеу және бірнеше мемлекеттік органның бірлесіп жұмыс істеуі қажет екені атап өтілді.
Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға әрбір өтінішті нақты жағдайды ескере отырып қарастырып, шешу жолдарын айқындауды тапсырды.
Сонымен қатар Алматы әкімі өтініш берушілермен кері байланысты қамтамасыз етуді міндеттеді. Жауапты басшылар қажетті жұмыстарды жүргізіп, тұрғындарға көтерген мәселелерінің қаралу нәтижесі туралы хабарлауға тиіс.
Қала басшысы атап өткендей, қосымша пысықтауды қажет ететін жайттар алдағы шешімдер айқындалғанға дейін бақылауда болуға тиіс.