Қазақ киносы өзінің бір ғасырға жуық жолында «Қыз Жібектен» бастап бүгінгі фестиваль жүлдегерлеріне дейін ұзақ әрі мағыналы жол жүріп өтті.
Жыл сайын 12 қыркүйекте аталып өтетін Қазақ киносы күні – осы жолды еске алып, отандық кинематографтың бүгінгі жай-күйін саралайтын сәт. Мәдениет және ақпарат министрлігі кино саласының бір жылдық нәтижесін қорытындылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мерекелік құттықтауында отандық киноның көрерменнен барған сайын көбірек қолдау тауып, оның назары мен құрметіне бөленіп отырғанын ерекше атап өтті. Министрдің дерегінше, елімізде 2024 жылы 94 отандық фильм түсіріліп, жарыққа шықса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 103-ке жеткен.
· Жаңа есімдер мен деректі кино
2026 жылдың бірінші жартысында мемлекет қолдауымен түсірілген 6 фильм кинотеатрлардың коммерциялық прокатына шықты. Олардың қатарында «Гипноз», «Жұмақтан келген билет» және «Әбіл» фильмдері бар. Бұл – мемлекеттік тапсырыспен түсірілген туындылардың тек фестивальдерде ғана кең көрермен алдында да бәсекеге түсе алатынының белгісі.
Жылдың ерекше жаңалықтарының бірі – «Әкеге арналған прянниктер» деректі фильмі. Ол мемлекет қолдаған деректі туындылардың ішінде кинотеатрларда коммерциялық прокатқа шыққан алғашқы картина болды. Бұған дейін деректі кино көбіне телеарналар мен фестивальдер аясында ғана көрсетілетін. Енді көрермен шынайы өмірді бейнелейтін туындыларды кинозалда, үлкен экранда тамашалауға мүмкіндік алды.
· Қыркүйек премьералары
Қыркүйекте экранға мазмұны мен жанры жағынан мүлдем бөлек екі фильм шықты. Оның біріншіcі – «38. Соңғы нүкте»: бейбіт уақыттың батырларына тағзым. Режиссер Төребек Бейсебаев түсірген бұл фильм – орман күзетшілері туралы қазақстандық тұңғыш көркем туынды. Оның негізінде нақты оқиға жатыр: 2023 жылдың жазында «Семей орманы» резерватында өрт кезінде орманшылар, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қаза тапты. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов және Төлепберген Байсақалов сомдады.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқармасының төрағасы Құрманбек Жұмағали фильм күн сайын өз міндетін атқарып, өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігі үшін өмірін қатерге тігетін адамдарға арналғанын айтты. Оның сөзінше, ондай жандардың есімі ұмытылмауы тиіс.
· «Бүркітші»: қазақ даласындағы алғашқы dark-триллер
Режиссер Қуаныш Стахановтың алғашқы толықметражды фильмі қазақ киносында жаңа жанрдың есігін ашты. Оқиға Алматы облысының Кеген ауданында өтеді. 45 жастағы ауыл бүркітшісі Талғат (Берік Айтжанов) жартас етегінен жоғары сынып оқушысының мәйітін тауып алады. Қаладан келген тергеуші Әлиямен (Зарина Кармен) бірге жүргізілген тергеу қыздың қазасы бірнеше жұмбақ жағдаймен байланысты екенін көрсетеді. Бірақ ақиқатқа жетуге қылмысты көрмегенсіп жүрген жергілікті тұрғындардың өзара «тұйық шеңбері» кедергі келтіреді.
Құрманбек Жұмағалидың пікірінше, фильмнің басты міндеті – адамның немқұрайдылығының салдары қандай болатынын көрсету.
Режиссер Қуаныш Стаханов түсірілім кезінде қыран құспен аң аулау ісі бойынша арнайы кеңесшілер жұмыс істегенін айтты. Мысалы, Қазақстан чемпионы атанған бүркітші актерлерге құспен жұмыс істеуді үйреткен.
· «Қайтадан»: мемлекет қаржысы бес есе болып қайтты
Отандық киноның коммерциялық әлеуеті туралы ең нақты дәлелдердің бірі – 2025 жылы түсірілген «Қайтадан» фильмі. Ол прокатта 1 млрд теңгеден астам табыс тапты. Бұл фильмге салынған мемлекет қаржысынан шамамен бес есе көп.
Бұл көрсеткіш екі нәрсені дәлелдейді. Біріншіден, қазақстандық көрермен өз киносын көруге дайын әрі оған ақша төлеуге құлықты. Екіншіден, мемлекеттің киноға бөлген қаржысы тек мәдени ғана емес, экономикалық тұрғыдан да өзін ақтай алады.
Министр Арман Қырықбаев салаға жеке кинокомпанияларды көбірек тарту, өндірістік базаны нығайту және жаңа авторлар мен төл туындыларды қолдау министрліктің басым бағыттары екенін айтты.
· «Мұғалім»: Сан-Себастьяндағы тарихи қатысу
Халықаралық деңгейдегі ең үлкен жаңалық – режиссер Аяна Нұрдинованың алғашқы толықметражды фильмі «Мұғалім». Туынды 18–26 қыркүйекте Испанияда өткен 74-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің New Directors (Жаңа режиссерлер) байқауына жолдама алды. Сан-Себастьян – әлемдегі «А» санатындағы беделді кинофестивальдердің бірі.
Биыл басқа да отандық туындылар әлемдік сахнада көрінді. «Алтын адам» анимациялық фильмі Хиросима анимация маусымының байқауына қатысса, «KÖLEÑKE» фильмі АҚШ-тағы фестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. «Қазақанимация» студиясы пилоттық 10 жобаны бастап, өз жұмыстарын Канндағы Marché du Film кинорыногы мен Анси анимация фестивалінде таныстырды.
· Тарихқа құрмет: Даңқ аллеясы
Болашаққа бет түзеген кино өз тамырын да ұмытпауы тиіс. «Қазақ киносы күні Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Даңқ аллеясында жаңадан 8 құрметті жұлдыз ашылды. Сонымен қатар отандық киноның «Алтын қорын» цифрландыру мен қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр: жылдың бірінші жартысында 5 фильм цифрландырылып, 2 классикалық туынды қалпына келтірілді.
Министр Арман Қырықбаевтың айтуынша, алда маңызды кезең тұр: «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы біріктіріледі. Президенттің тапсырмасымен «Қазақфильм» мемлекеттің тікелей қолдауына қайта ие болды.
Биылғы Қазақ киносы күні салаға бір жылда қол жеткен нәтижелерді ғана емес, оның даму бағытын да айқындап берді. Бір жағынан, отандық фильмдер кинотеатрлардан орын алып, кассалық табысқа жетіп, жаңа жанрларды игеріп келеді. Екінші жағынан, жас режиссерлер әлемдік беделді фестивальдерде елдің атын шығарып жүр. Үшінші жағынан, Абдолла Қарсақбаев сынды шеберлердің мұрасы цифрланып, келер ұрпаққа аманатталуда.
Дегенмен алда шешілуі тиіс міндеттер де аз емес. «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын біріктіру, жеке кинокомпаниялардың үлесін арттыру, сапалы сценарий мен кәсіби мамандар даярлау – саланың алдағы жылдардағы басты сынақтары.
Ең бастысы, қазақ киносының өз көрермені бар. «Қайтадан» фильмінің кассалық табысы, «Бүркітші» мен «38. Соңғы нүкте» сияқты батыл тақырыптардың экранға шығуы, «Мұғалімнің» Сан-Себастьянға жетуі – соның айғағы. Экраннан өз тілін, өз даласын, өз кейіпкерін көрген көрермен – ұлттық киноның ең сенімді тірегі.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ