Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық пункт дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауы, инфляция тәуекелдері мен болжам раунды нәтижелеріне негізделген, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі..
2026 жылғы ақпандағы жылдық инфляция 11,7%-ға дейін төмендеп, қаңтардағы 12,2%-дан азайды. Азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі 12,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарларда – 11,6%, ал ақылы қызметтер бойынша – 10,8% болды. Дезинфляцияға қатаң ақша-кредит шарттары, теңгенің нығаюы, тұтынушылық кредиттеудің бәсеңдеуі, ЕТРТ мен артық өтімділікті қысқарту шаралары, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы кешенді іс-қимылдары әсер етуде.
Айлық инфляция ақпанда 1,1%-ды құрады, базалық инфляция 0,8%-ға жетті. Халықтың инфляциялық күтулері төмендегенімен, әлі де құбылмалы болып отыр, ал нарық қатысушыларының болжамы 2026 жылға 10,0%-ға дейін төмендеді.
Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы баяулап келеді: сүт өнімдері мен қант бағасы төмендеп, дәнді дақылдар мен өсімдік майының бағасы жоғарылады. Мұнай бағасы бірінші жартыжылдықта жоғары деңгейде сақталады деп болжанса, 2026 жылы орта есеппен 66,3 АҚШ доллары/баррель болады деп күтілуде.
Ұлттық Банк пен Үкіметтің бірлескен іс-қимылдары арқылы 2026 жылы инфляция 9,5-11,5% шегінде болады деп болжануда. 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін, ал 2028 жылы 5%-дық таргетке жақын деңгейге дейін төмендеуі күтілуде.
ЖІӨ өсу болжамы 3,5-4,5% аралығында сақталып отыр. Ішкі сұраныс баяулайды, экономикалық белсенділік біртіндеп тұрақтанады. Ақша-кредит саясатын жеңілдету үшін әлі кеңістік қалыптаспаған, бірақ 2026 жылдың екінші жартыжылдығында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қаралатын болады.
Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме туралы толық баяндамасы 2026 жылғы 11 наурызда Ұлттық Банктің ресми сайтында жарияланады. Келесі жоспарлы шешім 24 сәуірде сағат 12:00-де Астана уақыты бойынша жарияланбақ.