«Ұлтқа қызмет ету – мінезден». Алматы полицейі қызметіндегі қызық жайттарды айтты

«Ұлтқа қызмет ету – мінезден». Алматы полицейі қызметіндегі қызық жайттарды айтты Кейіпкердің жеке архивінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі» деген еді. Президент тапсырмасы жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл мақсат-міндеттерге орай мегаполистегі қоғамдық тәртіп сақшыларының қызметіндегі нақты бағдарлар қандай? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі полицейі, кіші сержант Жігер МАХМҰТОВПЕН әңгімелескен едік.

Әділ қоғам – басты бағдар

 –  Ел Президенті тұжырымдағандай, «қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс». Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметінде бұл бағдар қалай жүзеге асырылуда?

  –  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – мінезден!» деген екен.

Қазақ елі Президентіміз аманаттағандай, өте жауапты әрі абыройлы міндет – Әділетті Қазақстанды құруға бағдар алды. Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Адал азамат болуға ұмтылуымыз қажет. Зердесі биік азамат елінің қамын ойлайды. Қай сала болмасын, әркім өз қызметінде Отанымызды өркендетуге үлес қосуы тиіс деп ойлаймын. Қазір жаңарған әділ қоғам орнату қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Соның ең негізгісі ол – «Адал адам» концепциясы. Адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесі нығайып, әділ, ашық қоғам әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасып келеді. Әділетті Қазақстан қағидаты – ең алдымен заң мен тәртіп бағдарының баршаға бірдей үстемдігі. Заң алдындағы азаматтық жауапкершілік деген пайымды аңғартады. Батыр Бауыржан Момышұлы бабамыз «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп бекер айтпаған. Біз үшін мемлекет тұғырының үш негізгі тірегі бар. Олар: «адал адам – әділ қоғам – заң мен тәртіп» құндылықтары.

Заң мен тәртіп – негізгі ұстаным

Ұжымымыздағы әр құқық қорғау органының қызметкері заң мен тәртіп қағидатын жақсы ұғып, мәнін жете түсінеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп шегеленіп жазылған. Сондықтан заң мен тәртіп үстемдігі әрқашан биік тұруы шарт. 

Біз заң дегенді тек құқық қорғау, сот билігі, прокуратура сияқты құзырлы органдарға теліп түсінеміз. Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза «Заң деген – ноқта» деген екен. Сол себепті, заңды бір жақты түсінуге болмайды. Бұл – тұтас қоғамның тәртіпке бағынып, заңды құрметтеп, Конституция бойынша өмір сүруі деген қағидат.

Қоғамдағы қылмыс, зорлық-зомбылықтың бәрі заңды, өз құқығыңды білмеуден басталады. АҚШ, Еуропа, Түркия, Сингапур сияқты дамыған елдерде заң өте қатал. Бір ғана Сингапур елін алайықшы, онда балағат сөз айтып, сағызды беталды тастағаныңыз үшін әкімшілік құқықбұзушылықтан бастап, қылмыстық жауапкершілікке дейін жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова апамыздың «Батыс заңға бағынады, Шығыс дінге бағынады, ал қазақ ұят болады дейді. Сондықтан қателестің деп, жауапкершілікке тарта бергеннен гөрі, халыққа түсіндіру, заңнын мәнін ұғындыру жұмыстарын жіті қолға алған дұрыс» дегені бар еді. Бұл дұрыс ұстаным  деп ойлаймын. Бүгінде «Медиация» заңы аясында тараптарға өзара келісіп, мәселені медиатор арқылы бірлесіп шешуіне мүмкіндік берілген. Осындай бастамалар заң мен тәртіп қағидатының мән-мағынасын арттырады.

Полиция – қоғамдық тәртіп сақшысы

– Жігер, тәртіп сақшыларының жұмысын қоғам жетік біле бермейді. Жалпы полиция қызметкері болу – сіздерге қандай міндет пен парыз жүктейді?

– Өте жақсы сауал. Иә, біздің жұмыс оңай емес. Полиция болу – өте зор жауапкершілікті талап етеді. Әр қадамың нық, әр ісің қоғамға кәделі болуы қажет. 

Қазір «Инстаграм», «ТикТок», «Фейсбук», «Ютуб» сияқты әлеуметтік желілерде тәртіп сақшыларына байланысты әртүрлі форматта бейнебаян қаптап жүр. Соның ішінде құқықбұзушылықты анықтауға жәрдемдескен видеоконтенттер де бар. Дегенмен, желіге жүктеліп жатқан контенттің үштен бірі – теріс пиғылда болатыны, олардың полиция қызметкерлерін жөнсіз, келемеждеуге, әділетсіз балағаттауға бағытталатыны қынжылтады. Әрине, қателеспейтін пенде болмайды, қызмет бабын жеке мүддесі үшін асыра пайдаланатындар мүлде жоқ деп те айта алмаймыз, ондайлар заң жүзінде қатаң жазаға тартылады. Замандастарыма айтарым, бәріміз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Біздің де бала-шағамыз, ағайын-туыс, жора-жолдас, отбасымыз бар. Өз жұмысымызды абыроймен атқарамыз. Полиция – қоғамдық тәртіп сақшысы, халықтың қорғаушысы. Қоғамдағы түрлі келеңсіз оқиғаның алдын алып, тәртіп бұзғандармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың қауіпсіздігін ойлайды. 

–  Құқық қорғау органдары қызметкерлірінің әлеуметтік қамсыздандырылуы қандай деңгейде?

 – Құқық саласының қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру бағдары бар. Ең негізгісі – айлығымызға қосымша төленетін әлеуметтік қамсыздандыру пакеттері қарастырылған. Бірақ нарық заманы болғандықтан, әрине, тұрмысқа 100% жеткілікті деп баса айта алмаймыз. Өзімнің 6 балам бар. Анам мен бауырларым жанымда. Үйдің үлкені болған соң, асырап бағу – менің мойнымда. Тұрақты жұмыс – тұрақты жалақы. Отбасыма жеткізуге тырысамыз. Баспана алуға жеңілдік болса, табыс еселеніп артып жатса жақсы болар еді, әрине. Өйткені, бүгінгідей нарық заманында табыс мол болмаса, жан бағу оңайға түспейді. 

«Еңбектің наны тәтті»

– Әскерилер арасында «генерал болуды армандамаған сарбаз – сарбаз емес» деген тәмсіл қалыптасқан. Қандай қызмет болсын, мәртебең өсіп, абыройға бөлену – адал еңбекпен келетіні белгілі. Сіз қалай ойлайсыз?

Қазақ халқында «еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» дейді. Әрине, қызмет өсіп, дәреже иелену – табанды еңбекке байланысты деп білемін. Әуелі елге маңдай терді төгіп, қолдан келген қызметті жасап, абыройға бөлену керек. Кейбіреулер бейбіт күнде ерлік жасалмайды деп айтады. Бұл – қате пікір. Қоғамдық тыныштықты бұзып, халыққа қауіп төндірген сәтте тараздық полицей Ғазиз Байтасов жұртты арашалап, қызмет жолында өзін құрбан етті. Мемлекет Ғазиз ағамызға «Халық Қаһарманы» деген атақ берді. Осындай оқиғаларды тізіп айта беруге болады. Таңертең үйден алаңсыз шығып, кешкісін отбасыңа, анаңа, бауырыңа, әйел бала-шағаңа аман есен оралу – олжа. Нәтижелі еңбек етуге тырысып келеміз, түбінде бір жақсылық жолығар. Құқық қорғау саласының ережесі бойынша 45 жаста зейнетке шығу бекітілген. Қазір біліктілігім мен білімімді арттырып, лейтенант шенін алуды көздеп жүрмін. Бұйырса, қызметтік жолымда капитан, майор, полковник дәрежесіне жетсем деген  үміт бар. Адал еңбекпен зейнет жасына ілініп жатсақ нұр үстіне нұр. Әріптестерімнің арасында зейнеткерлікке шыққаннан кейін жеке кәсіпке бетбұрғандар бар. Өз басым магистратураға түсіп, докторлықты қорғап, арнаулы оқу орындарында оқытушы-профессор ретінде, жастарға дәріс бергім келеді. Өйткені, игерген тәжірибе мен біліктілік адам бойында мәңгілік қалады. Білгеніңді өзіңнен кейінгі буынға үйрету – ғанибет деп білемін. 

Шығармашылық – жүрек қалауы

– Сізді бірнеше мәрте жыр мүшәйрасынан көріп, шығармашылыққа бейімділігіңізді аңғардық...

– Ақын Мұхтар Шаханов айтпақшы «анау тұрған бидайды, комбайнмен жинайды» деп екінің бірі өлең жаза беруі мүмкін. Алайда, өлең – құдіретті күш. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» және Бауыржан Момыұшлының «Ұшқан ұясын» оқып, рухани көкжиегім ашылды, әдебиетке қызықтым. Өзім де өлең жаза бастадым. Негізі – өзім полиция қызметіне келместен бұрын 8 жыл – әскери салада, 2 жыл – төтенше жағдай қызметінде, 1 жыл – жедел жәрдемде қызмет еттім. Ең жаныма жаққаны, әрі оң жамбасыма келгені осы полиция қызметі болды. Темірдей тәртіпке бойым үйренсе де, көңілім әдебиет айдынында, ойым шығармашылықта самғап жүреді. Мәселен, Бауыржан Момышұлы әскери қызметте жүрсе де, шығармашылықтағы дарынын да көрсете білді ғой. Сол кісі сияқты мен де шығармашылығымды қалтарысқа қалдыра алмаспын. Мүмкіндігім болып, қолдау табылып жатса, шығармашылық кеш беріп, өлеңдерімнен сахналық көрініс көрсетіп, ән де шырқатқым келеді. Ол жағына  уақыт төреші. 

Қазақта «Әкенің абыройы балаға қырық жыл азық» депті. Ұлдарым жолымды қуып, ақын болам немесе полиция қызметкері, әскери адам болам десе қарсылығым жоқ. Оларға өз таңдауларын жасауға рұқсат беремін. Болашақтарына жол көрсетіп, мықты маман болуына жетелеймін. Өйткені, жас бала кезімізде өзіме сол нәрсе жетпеді. Сондықтан балаға бала күннен бағыт-бағдар берген жөн деп білемін. Мен үшін елге қызмет ету, құқық қорғау органдарында қызмет ету – абыройлы міндет, зор жауапкершілік, азаматтық парыз деп түйсінемін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:14

16:52

16:19

16:04

15:35

15:14

15:10

14:54

14:08

14:04

13:50

12:27

12:24

11:50

11:38

11:37

11:07

10:44

10:30

09:40

21:05

19:47

17:35

16:15

15:10