Ә.Смайылов әр облыста балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеуді тапсырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қаралды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап өткендей, Мемлекет басшысы кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандықтарды қоса алғанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Алдын алу және отбасыларға кешенді көмек көрсету аясында өңірлерде 68 қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша тұратын орын ұсынады. Психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмекпен қатар ондағы мамандар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы жыл басынан бері 100 мыңнан астам консультация берілді. Бүгінгі таңда осы орталықтардың қызметін стандарттау және жанұяларды тұрмысы нашар отбасылар қатарынан шығару үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту үшін бірыңғай тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. 2024 жылдан бастап барлық орталықтың жұмысына бірыңғай тәсілдер енгізілетін болады.
Сонымен қатар министр қазіргі уақытта өңірлерде ҮЕҰ дағдарыс орталықтарының жұмысын қаржыландыру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, халықтың репродуктивті денсаулығын сақтау және аз қамтылған отбасылармен профилактикалық жұмыс сияқты шараларды қамтитын 156 әлеуметтік жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, оның мақсаты – отбасыларды сақтау және тұрмыстық қылмыстар санын азайту.
Одан бөлек 16 қазаннан бастап республикада отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 – AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды, ол арқылы жедел режимде құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заңнамалық деңгейде қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі жаңа шаралар туралы айтып берді. Өңірлердегі жұмыс туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Премьер-Министр отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ қоғамның тарапынан да кешенді тәсілдерді талап ететінін айтты. Атап айтқанда, биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді: Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Тамыз айынан бастап өңірлерде тиісті Жол картасы іске асырылып келеді.
«Жалпы қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Дегенмен бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге көбейді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылғанын еске салды, онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Алайда бұл орталықтардың қатары жеткіліксіз.
«3 жыл ішінде қосымша осындай 97 орталық ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар орталықтарды тиісті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешу қажет», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейтінін айтты. Бұл ретте «Жедел желі» мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажет.
«Жалпы отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы зор. Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік танытуы тиіс. Зардап шеккендерді, әсіресе балаларды мұндай проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр 2025 жылға дейін әр облыста балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеп, бекітуді, жаңа отбасын қолдау орталықтарын, сондай-ақ наркологиялық мекемелерді ашуды қамтамасыз етуді, психотерапевтер мен наркологтарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты қабылданған түзетулер бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.