Балалар колониясындағы жасөспірімдермен өрілген сыр-сұхбат
Сотталған жасөспірімдер туралы қоғамда біржақты түсінік бар: оларды тек қылмыскер немесе бұзақы ретінде ғана көреміз. Алайда, әр баланың, оқиғаның артында тағдыр, өз-өзімен күрес һәм үміт бар. Біз Алматы қаласының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемеде, яғни республикалық балалар колониясында, темір торда жазасын өтеп жатқан жасөспірімдермен әңгімелесіп, олардың жан-дүниесіне үңіліп көрдік.
«Адамдар бізден теріс айналмаса екен»
ЕРАСЫЛ,
17-де, Қарағанды облысынан, 99-бап бойынша сотталған:
– Үйдің кенжесімін. Қолөнермен айналысқанды жақсы көремін.
Мұнда 99-баппен отырмын. «Адам өлтіру». Оқиға былай болған. Көшеде досым екеуміз келе жатқанбыз. Артымыздан төрт адам келіп, досыма тиісе жөнелді. Мен қалтамнан пышақ алып, төртеудің біреуіне сұғып алдым. Суық қаруым мойын тұсына тиген екен, көп қан жоғалтып, сол жерде жан тапсырды. Әрине, істеген ісіме өкінемін. Әке-шешеңнен, жылы ұяңнан жырақта болу оңай емес. Қатты қиналдым. Өз-өзімді іштей жедім, мүжідім. Көп ойландым. Адам жалғыз қалған кезде миының ішіндегіні талдай бастайды екен. Өмірде отбасының, білім алудың, бостандықтың қаншалықты маңызды екенін сонда түсіндім.
Шыны керек, алдымызда не болатынын ойламай, жігіттіктің жөні осы екен деп бірден қызбалыққа беріліп кетіп, осындай ауыр жағдайға тап болып жатамыз. Жалпы, жігітке ұстамды, сабырлы болған абзал дер едім. Бір сәттік эмоция өмірді күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Қандай жағдай болса да, одан шығатын жол бар. Көмек сұраудан ұялмау керек.
Бостандыққа шыққанда жеке кәсіп ашқым келеді. Бірақ адамдар бізден теріс айналмаса екен. Екінші мүмкіндік берсе деген тілегім бар.
«Ойсыз болғаныма өкінемін»
БИБАРЫС,
16-да, Алматы қаласынан, 191-192-баптар:
– Мен колледжде, 1-курста оқып жүрген болатынмын. Бостандықта достарым өте көп болды. Үйде бес баламыз. Мен тұңғышымын. Өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма үлгі болудың орнына осындай іске ұрынғаныма ұяламын.
Мен бұл қылмысқа ақша жоқтықтан және ойсыздықтан бардым деп ойлаймын. Қыс мезгілі еді. Тұрмысымыз да мәз емес-тін. Әрі кейін ойлап қарасам, ортам да дұрыс болмапты. Сол ортада жүргенде көп нәрсе маған оңай, жеңіл көрінетін.
Мұнда түскенде «мен қайда келдім?!» деп қатты торықтым. Сосын өзім құралпы балаларды көріп, бойымды үйрете бастадым. Әрине, бостандықтағы өмірге, өз үйіңдегі еркіндікке жетпейді. Үй-ішімізбен таксофон арқылы сөйлесіп тұрамыз.
Бұрын мектепте мұғалімдер «Тәртіпке бағынған құл болмайды. Заңға бағынып, дұрыс, түзу жүрсеңдер, сендерде кімнің несі бар?!» деуші еді. Балалықпен сол сөздердің байыбын да түсінбеппіз. Колониядағы темірдей тәртіп мені есейтіп, өмірге деген көзқарасымды қырып-жонып, түзулеп жатқандай. Бос уақытымда кітап оқимын. Ондағы кейіпкерлерден де ой түйетін сәттерім болады.
Түннен кейін міндетті түрде таң атады ғой. Сол сияқты, жақсы күндерге сенемін. Менің де жақсы күнім туады деп ойлаймын. Тек енді адаспау керектігін ұғынуым керек.
«Бостандықтың ауасын жұтқым келеді»
ЗАҢҒАР,
17 жаста, Ақмола облысынан, 120-бап:
– Әке-шешемнің тұңғышымын. Жасыратыны жоқ, өте бұзық бала болдым, ерке едім. Есерсоқтығыңды үйіңде көтереді, ал көпшілік арасында, қоғамдық ортада сенің еркелігің ешкімге керек емес екенін енді түсініп жатырмын. Мен қылмысқа ойсыздығымнан бардым. Әрине, бармағыңды тістейсің. Сот болып, жаза кесіліп, осы жерге түскенде барып қайда келгенімді бір-ақ түсіндім. Қатты күйзелдім. Қайта менің алдымда түскен балалар сөзімен болса да қолдау көрсетті. Сосын барып тіктелдім.
Мұндағы күнім қызықты өтіп жатыр десем өтірік болар, бостандықты аңсайсың. Күнді күндерге жалғап жүріп жатырмыз. Әке-шешемнің сөздерін жүре тыңдаушы едім. Қадірін енді біліп жатырмын. Қазір өзімді өзгертуге тырысып жүрмін. Бос уақытта шахмат, тоғызқұмалақ секілді ойды ұштай түсетін ойындарды серік етемін.
Колонияда шаштараз, дәнекерлеуші мамандығын оқып жүрмін. Бітірген соң сертификат береді. Сотталып келді деген атақ қайбір жақсы, бәлкім кейін қоғамға кірігіп кетуіме сол сертификат дәнекер болар деп үміттенемін.
Дәл қазіргі арманым – даладағы еркіндіктің, бостандықтың ауасын жұтқым келеді.
«Әлі де кеш емес...»
НҰРАМАН,
17 жаста, Батыс Қазақстан облысынан, 106-бап:
– Қыздардың арасында жалғыз өскен ұлмын. Үйде менің айтқанымның бәрі орындалғанға үйренген бала болдым. Бұл қылмысқа абайсызда ұрынып қалдым. Қазіргі күні жасөспірімдердің кейбірі ата-анасының сөзіне құлақ асқысы келмей, жылтырақты сырттан іздейді. Бұл – қате. Әке-шеше ешқашан балам жаман болсын демейді екен. Басыңа қандайда бір қиындық түссе, қорықпаңдар, бірден ата-анаңа жүгін, ақыл сұра, кеңес дер едім. Сенің бұл өмірдегі ең бірінші жанашырың, ешқашан сатпайтын адал досың – әке-шешең.
Мұндағы әр күніміз бір-біріне ұқсас. Таңғы сағат 7-де ұйқыдан тұрамыз. 8-де таңғы асқа келеміз. 8.45-тен 13.55-ке дейін мектепте сабақта боламыз. 14.00-де түскі ас. Сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін колледжге келеміз. Сонда кәсіптік білім алып жүрміз.
Бос уақытымызда кітап оқимыз. Спортпен айналысамыз. Футбол, волейбол ойнауға жағдай жасалған бізде. 18.30-та кешкі ас. Одан соң кешкі сағат 21.00-ге дейін еркін уақыт, қалаған ісімізбен айналысамыз. Бір-бірімізбен әңгімелесеміз. Көңілсіз жүргенімізді байқаса жасақ бастығы үнемі көмекке келеді. Теледидар көреміз. Сосын камераға кіреміз. Күнде осы режим.
Қатемді толық түсіндім. Қатты өкінемін. Өз-өзімді жақсы қасиеттерге іштей дайындап жүрмін. Болашақтағы арманым – ата-анамды қажылыққа апарғым келеді. Ол кісілердің мұңайған сәттерін ешқашан көргім келмейді. Универге тапсырып, жоғары біліп алу да жоспарда бар. Ештеңе де кеш емес деп ойлаймын.
(Осы мақаланың әзірленуіне қолдау көрсеткен №11 мекеменің Әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкері Еркегүл Жеңісханға алғыс білдіреміз).
Нұржамал ӘЛІШ