14 маусым күні Алматыдағы Орталық стадионның қосалқы алаңында Қазақстан Республикасы халқының Президенттік дене шынықтыру сынақтары өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ауқымды спорттық шараға мектеп оқушыларынан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі 1000-нан астам қала тұрғыны қатысты.
Президенттік сынақтар – азаматтардың дене дайындығы деңгейін анықтауға арналған мемлекеттік нормативтер жүйесі. Оларды өткізу бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықты тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға ынталандыруға бағытталған.
С
ынақ барысында қатысушылар әртүрлі қашықтыққа жүгіру, кермеге тартылу, орнынан ұзындыққа секіру және басқа да спорт түрлері бойынша белгіленген нормативтерді орындады. Көптеген алматылық үшін бұл шара өздерінің дене мүмкіндіктерін сынап көруге, дайындық деңгейін бағалауға және нәтижелерін бекітілген нормативтермен салыстыруға мүмкіндік берді.
Сынақ қорытындысы бойынша ұлдар, қыздар, ерлер және әйелдер арасында 20-дан астам жас санаты бойынша үздік қатысушылар анықталды. Жоғары нәтиже көрсеткендердің қатарында 14–15 жас санатында 20 рет тартылған Нұрғазы Дамир, 24–31 жас санатында 34 рет тартылған Изиғазинов Нұрбол, 100 метр қашықтықты 10,73 секундта жүгіріп өткен Мұратқалиев Дональд және 1000 метрге жүгіруде 3 минут 14 секунд нәтиже көрсеткен Халықбай Дидар бар. Қыздар арасында орнынан ұзындыққа секіруде Виталина Цехоцкая мен Ева Қадырова үздік атанды.
Президенттік сынақтарды өткізу жыл сайын мыңдаған қазақстандықтың басын қосып, спорт пен дене белсенділігін халық арасында кеңінен насихаттаудың маңызды құралдарының бірі болып қала береді. Мұндай іс-шаралар салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуға қосымша мүмкіндік береді.