Осыған орай Алматыда Мұстафа Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні атап өтілді
үгін, 19 мамыр – Түркияда Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні. Бұл күн Түркияның азаттығы үшін болған соғыстың ресми басталған күні болып саналады. 1919 жылы 19 мамырда Түркия тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық қозғалыстың көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Ол кезде Түркия мен Грекия арасында соғыс болып жатқан еді. Осыдан 105 жыл бұрын «Не тәуелсіздік, не өлім!» деген ұранмен жүргізілген түрік ұлтазаттық соғысының басталған күні ретінде тарихқа енді. Жыл сайын 19 мамыр күні Түркияда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын түріктер спорттық және мерекелік іс-шаралар өткізіп, ұлттық мереке ретінде атап өтеді.
Түрік көсемі Мұстафа Ататүрік тәуелсіздік пен ағартушылық алауын жаққан бұл күнді «Жастар және спорт мерекесі күні» ретінде түрік жастарына сыйға тартып кетті.
Республика сарайындағы мерекелік іс-шарада № 1 Талғар мектеп-интернатының оқушылары, Түркияның Стамбул қаласындағы Айдын Доған атындағы Анадолы кәсіптік лицейінің оқушылары өнер көрсетті. Шара барысында балалар би билеп, патриоттық өлеңдер оқыды. Ұлттық мерекеге орай көрме ұйымдастырды.
Айта кететін жәйт, Түркия Республикасында Мұстафа Кемал Ататүріктің «Ұлт болашағы балалық шақта қаланады» деген сөзі кеңінен танымал.
“Азаттық үшін соғысқан қаһармандар Ғази Мұстафа Кемал Ататүрікті және өзге де шейіттерімізді құрметпен, сүйіспеншілікпен еске аламыз. Біздің жастар өз елін қазіргі өркениет деңгейінен жоғары, ұлы мемлекет ретінде дәріптейді.
1919 жылы 19 мамырда ұлы көсеміміз Мұстафа Кемалдың түрік ұлтына сенім артып, Самсун қаласында бостандық пен тәуелсіздік үшін қасиетті күресті бастағанына 105 жыл толды.
Осы тұрғыда біз ата-бабаларымыздың отаны – Қазақстандағы іс-шарамызға қатысып, атсалысқан бауырларымызға алғысымызды білдіреміз",-деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қонақ оқытушысы Рейхан Гөкбен САЛУК.
Тақырыпқа орай
Эврен Мюдеррисоглу, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы:
Осыдан тура 105 жыл бұрын Түркия тарихында ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл ерекше дата, әрине. 19 мамыр –Тәуелсіздік соғысының басталған күні.
Осындай өте маңызды күнде Алматыға Түркиядан ата-анам мен қарындасым келді. Түрік халқы елінің тарихын еске алуда. Еліміздің тәуелсіздігі үшін күрестің басталғанына 105 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды. Онда басталғанына ғасырдан астам уақыт болған тарихи күреске қатысты құжаттар мен суреттер қойылды.
Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрағандықтан, атамыз Ататүрік жастарға үнемі сенім артты. Сондықтан Ұлы көшбасшы атамыз Ататүрік түрік жастарына аманат еткен болашақты құруда берік ынтымақтастықта болуымыз керек.