Түркия музейлері: тарих пен заманауи технологияның үйлесімі

Түркия музейлері: тарих пен заманауи технологияның үйлесімі Алматы қаласы музейлер бірлестігі

Музей ісі – бұл тек жәдігерлерді сақтау ғана емес, оларды дұрыс зерттеп, келушіге тиімді ұсыну өнері. Осы бағытта 24-28 ақпан күндері тағылымдамадан өту мақсатында Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің 6 қызметкері Түркияның Ыстамбұл және Анкара қалаларына сапар шегіп, музей саласындағы заманауи технологиялар мен реставрация әдістерін зерттеу мүмкіндігіне ие болды.

Түркия – мәдениеті терең, тарихы бай ел. Османлы, Селжүк, Византия дәуірлері мұра ретінде көптеген тарихи ескерткіштер мен өнер туындыларын қалдырған. Бұл байлық Түркия музейлерінің дамуына ерекше негіз болды. Солардың ішіндегі «Ыстамбұл археологиялық музейін», «Долмабахче» және «Топкапы» сарайларын, «Айя-София» мешітін өз көзімізбен көру бізге үлкен ізденістер мен ерекше әсер сыйлады.

Сапарымыздың алғашқы күні дәріс Ыстамбұлдағы «Реставрация және консервация орталық және аймақтық зертхана дирекциясында» өтті. Орталық әртүрлі материалдардан жасалған жәдігерлерді (тас, мата, металл, керамика, ағаш, кілемдер және т.б.) ғылыми негізде зерттеп, оларды ұзақ мерзімге сақтаудың әдістерін жасайды. Қазіргі уақытта орталықта 11 зертхана және 80-ге жуық маман еңбек етуде. Жәдігерлердің сақталу жағдайын бақылау мақсатында жылына екі рет музейлерге барып, экспонаттарға сараптама жүргізіп отырады. Әрбір жәдігерге арнайы температуралық режим белгіленіп, музей ғимаратының сақтау талаптарына сай болуы да осы мекеменің бақылауында.

Зертхана түрлі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Олардың ішінде рентген-аппараттар, спектрометрлер, 3D сканерлер мен микроскоптар бар. Музейлердің көрмеге жәдігерлер шығаруына да осы орталық көмектеседі. Жәдігерлерді өзге адамның қолы тимес үшін арнайы ыңғайлы қорапқа салады. Көбінесе температура мен ылғалдылық деңгейін сақтайтын, дірілге төзімді ағаш немесе пластик жәшіктер қолданылады. Оларды жасауға желім мен скотч қолданылмайды, бұл жәдігерлердің табиғи жағдайын сақтауға мүмкіндік береді.

Музей қорынан зертханаға түскен жәдігерге зерттеу жасалып, қалпына келтіру басталады. Қалпына келтіруге мүмкін емес жәдігерлерді сақтауға жібереді. Орталық мамандары тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру процесін жан-жақты түсіндіріп, бізге практикалық жұмыстарының кейбір кезеңдерін көрсетті.

Ең есте қалған сәттердің бірі – микроскоп арқылы минералды тастарды зерттеу және кілемдерді қалпына келтіру әдістерімен танысуымыз болды. Реставраторлар тастарды арнайы құралдармен тазартып, микроскоп көмегімен ішіндегі кішкентай бөлшектерді зерттеу тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар, кілемдерді қалпына келтірудің нәзік және күрделі процесс екенін байқадық. Мамандар жіптердің түпнұсқа материалы мен бояуын барынша сақтай отырып, оларды мұқият өңдейді.

Орталықтың тағы бір ерекшелігі – кейде реставрациялық жұмыстарды келушілердің көз алдында жүргізу тәжірибесі. Мұндай ашық реставрация білім беру мен мәдени ағарту құралы ретінде өте маңызды рөл атқарады. Егер белгілі бір экспонатты тасымалдау мүмкін болмаса, орталықтың мамандары тікелей сол жерге барып, реставрациялық жұмыстарды орнында жүргізеді. Бұл – тарихи жәдігерлердің бүліну қаупін азайтудың және оларды өз тарихи контекстінде сақтаудың тиімді жолы.

Сапарымыздың екінші күні Ыстамбұл археологиялық музейінде өтті. Бұл музей әлемдегі үздік бес археологиялық музейдің қатарына кіреді. Біз үшін бұл күннің басты оқиғасы – музей директоры Рахми Асалдың дәрісі болды. Оның сөзінен музей ісіне деген терең білімі мен кәсіби шеберлігі бірден сезілді.

Музейдің реставрацияға дейінгі кезеңі, музей экспонаттарына жарықтың қойылуы, залдардың түстерін тақырыпқа сәйкес өзгерту сияқты маңызды аспектілер кеңінен талқыланды. Әрбір бөлшек келушілердің музейді қабылдауына үлкен әсер ететінін байқадық.

Ыстамбұл археологиялық музейінің тағы бір ерекшелігі – жыл сайын 3000 жаңа экспонат қабылдайтыны. Бұл жәдігерлер ғылыми зерттеулерден өтіп, тиісті реставрация жұмыстары жүргізілгеннен кейін музей қорына енгізіледі.

Сапарымыздың келесі күндері Ыстамбұл қаласындағы ең танымал музейлерді аралауға арналды. Олардың ішінде «Түрік және ислам өнері музейі», «Долмабахче» және «Топкапы» сарайлары, әлемдік сәулет өнерінің інжу-маржаны саналатын «Айя-София» мешіті бар.

28 ақпан күні Түркияның жүрегі саналатын Анкара қаласының музейлеріне сапар шектік. Алдымен Мұстафа Кемал Ататүрік мавзолейіне тоқтадық. Одан кейін бағытымыз «15 шілде Демократия музейіне» жалғасты. Бұл музей Түркия тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – 2016 жылғы 15 шілде күнгі төңкеріс әрекеті мен халықтың демократияны қорғау жолындағы күресіне арналған. Экспозиция цифрлық технологиялар, интерактивті инсталляциялар, бейнематериалдар арқылы оқиғаның хронологиясын жан-жақты көрсетеді.

Тағылымдаманың қорытынды бөлімінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкерлеріне арнайы сертификаттар табысталды. Марапаттау рәсіміне «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев және Түркия Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдени мұра және музейлер бас басқармасының Қазба зерттеу бөлімінің басшысы Үмүт Гюргюлу қатысты.

Бұл тағылымдама біз үшін тек кәсіби тәжірибе ғана емес, үлкен білім сапарына айналды. Түркиядағы музей саласының мамандарының қонақжайлығы мен кәсібилігі бізге ерекше әсер қалдырды. Бұл тағылымдама екі ел музейлері арасындағы болашақ ынтымақтастыққа негіз болған маңызды қадам деп білеміз. Сондай-ақ, келген күннен бастап қамқорлық танытып, бағдарлама барысында әрдайым жанымыздан табылған Барыш-Джавид Мювсюмлю мырзаға айрықша алғысымызды білдіреміз!

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
21
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:22

16:15

15:54

15:11

14:41

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06

10:40

10:05

17:15

15:05

15:05

14:41

14:14

13:43

13:13

12:52

12:12

11:34

11:06

10:45