2025 жыл Алматы қаласы үшін жастар саясаты мен халықаралық жастар ынтымақтастығын дамыту жолындағы маңызды кезеңге айналды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Бұл туралы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады.

Тарихта тұңғыш рет Алматыға «Түркі әлемінің Жастар астанасы – 2025» мәртебесі беріліп, бұл шаһардың түркі мемлекеттері жастарының бастамасын біріктіретін, пікір алмасу мен мәдени ықпалдастықтың алтын көпіріне айналғанын айғақтады.
Аталған мәртебенің ресми ашылу салтанаты 2025 жылы 18 тамызда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалі аясында өтті. Салтанатты жиынға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген бес мемлекеттің өкілдері қатысты. Әр ұлттық делегация 10 адамнан құралды. Сонымен қатар іс-шараға бақылаушы мемлекеттер – Венгрия мен Түрікменстаннан келген делегаттар қатысты.
Түркі әлемінің Жастар астанасы мәртебесі Алматыға 2024 жылы осы миссияны атқарған Ленкеран қаласынан (Әзірбайжан) ресми түрде табысталды. Алматы жастарына символдық кілттің берілуі бауырластықтың, ортақ құндылықтардың сабақтастығы мен халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайтудың жарқын көрінісі болды. Бұл шешім Түркі мемлекеттері ұйымының жастар және спорт істері жөніндегі министрлерінің VIII отырысында қабылданған еді.
2025 жылы Түркі әлемінің Жастар астанасы мәртебесі аясында және ТМҰ-ның қолдауы мен қатысуымен Алматыда бірқатар маңызды халықаралық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Жастар алмасуының 3-бағдарламасы, жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі, Turki Fest Almaty-2025 мәдени фестивалі және «Жайдарман» халықаралық TURKI CUP-2025 фестивалі жоғары деңгейде өтті.
«Алматыға Түркі әлемінің Жастар астанасы мәртебесінің берілуі қалада жастармен жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді. Біз үшін жастар саясаты нақты мүмкіндіктерге – даму, диалог және халықаралық ынтымақтастыққа негізделуі аса маңызды. 2025 жылы Алматы түркі елдерінің жастары бір-бірінің мәдениетін танып қана қоймай, болашаққа бағытталған ортақ идеяларды бірге қалыптастырған кеңістікке айналды», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Жастар астанасы жылы аясында жастар бастамаларын дамытуға, еріктілер қозғалысын қолдауға және жас буынды әлеуметтік әрі қоғамдық үдерістерге кеңінен тартуға ерекше көңіл бөлінді.
2025 жылы Түркі әлемі жастарының астанасы мәртебесін іске асыру халықаралық байланыстарды кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және жастар ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 2026 жылы да түркі мемлекеттері арасындағы жастар ынтымақтастығын дамыту жалғасын табады. Алматыда «Digital Turkic Youth» форумы, Түркі мемлекеттері ұйымы Жастар платформасының III Бас ассамблеясы, V Халықаралық жастар лагерінің өткізілуі және ТМҰ елдері арасында Студенттік экологиялық хабтың құрылуы жоспарланған. Жыл қорытындысы ретінде Түркі әлемінің Жастар астанасы мәртебесін жабу рәсімі өтіп, эстафета келесі қалаға табысталады.