Республиканың егемендігі мен ұлттық тәуелсіздігі мәселесі 1986 жылғы желтоқсан айында алдыңғы қатарға шығып, бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, дүниежүзілік саяси жүйедегі өзгерістердің бастауы болғаны тарихтан мәлім. Кеңес Одағының ыдырауы мен одақтас республикалардың қайта құрылуы нәтижесінде енгізілген президенттік институт жетекші саяси жүйеге айналып, жаңа мемлекеттіліктің іргетасы қаланды.
Осылайша, қоғамдық дамуды бағыттауға қабілетті бірыңғай мемлекеттік билік қалыптасады. «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес сессиясында ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан мемлекетті басқаруға қатысып, бірқатар басшылық қызметті атқарған, 1989 жылғы маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарып жүрген аса танымал тұлға Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-інің Тұңғыш Президенті болып сайланып, оған елді басқару жауапкершілігі жүктелді. Бұл міндеті жайлы Елбасы: «Бізге төніп тұрған дағдарыстың бұлтын халқымның даналығына, еңбекқорлығына арқа сүйей отырып серпіп тастауға менің білім-білігім де, күш-қайратым да жетеді. Елімізде жүріп жатқан жаңғыруларды жалғастыруға, елімізді көркеюге және біздің әрқайсымызды игілікке жеткізетін жолға мемлекетімізді алып шығуға менің тәжірибем де, ерік-жігерім де жетеді. Мен өз тағдырымды халқымның тағдырынан бөлек қарап көрген емеспін. ...Мен осы елдің жолында бәйгеге басымды тіккен адаммын. Ол жолда ештеңеден тайынбаймын да, ештеңеден аянбаймын да. Қазақстанның елдігін, көпұлтты Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та жоқ менде, арман да жоқ менде», деп өз тағдырын елдің арман-мұратымен ажырамас бірлікте қарастыратынын атап көрсете отырып, тарихымыздың сол кезеңінде атқарылған істерге: «Біздің алдымызда тәуелсіз, демократиялық, нарықты экономикалық мемлекет құрудың дап-дайын тұрған тәжірибесі болған жоқ. Мен де мемлекеттің қалай құрылатынын бірден біле қалған жоқпын. Біз адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудің, даму мен болашаққа ұмтылудың қадамын бастадық. ...Біз өз мемлекеттілігіміздің іргетасын жаңадан бастап қалап, оның барлық болмыс-бітімін дер кезінде кезең-кезеңімен қалыптастыра, осы жолда үйрене отырып, тарихи жетістіктерге қол жеткізе білдік», деп баға берді.
Тәуелсіздікті орнату мен орнықтыру бағытындағы Қазақстанның ішкі саясатындағы тарихи маңызды оқиғалардың алғашқылары 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерін ақтау туралы қаулысы және 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған «Тіл туралы» заңы болғанын атап өткен жөн.
1990 жылғы наурыз айында өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттарды жаңа демократиялық қағидаттар негізінде сайлау елдегі демократиялық үрдістердің басталуына жол ашты. Сонымен қатар қазақстандық қоғамда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік-құқықтық әдістерді қолдану арқылы бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру, ол үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кең көлемде кепілдік беру үшін қажетті жағдай жасау алдыңғы орынға шығады. Қоғамдық келісімге қол жеткізуде мемлекеттік билік тармақтарының бірлесе отырып іс-қимыл жасау тетіктері конституциялық деңгейде қалыптасты.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдау арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның егемендігін жариялады. Республика Конституциясының негізін қалаған тұңғыш заң актісі болып табылатын бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет болып жарияланды. Сондай-ақ алғаш рет Қазақстанның өз экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетіне, табиғи қорына меншік құқығы белгіленді және Қазақстан Декларациясында белгіленген заң нормалары шеңберінде егемен мемлекет ретінде республика мәртебесін іске асыратын жаңа Конституция мен басқа да заңдық-құқықтық актілерді әзірлеу өкілеттігіне ие болды.
Қазақстан Республикасының егемендік алып, әрі қарай тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптасып-дамуы қиын жағдайлармен ұштасты. Көптеген аймақта әлеуметтік-демографиялық және саяси-экономикалық тұрақсыздық белең алды. Әлемдік кеңістікте жаһандық қауіпсіздікті сақтауда ядролық қаруды таратпау мәселесі Қазақстан Республикасы саясатының аса маңызды бағыты болды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өзара халықаралық міндеттемелерінің қатарында ядролық қаруды таратпау және оған қатаң қадағалау орнату болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Қазақстандағы Семей ядролық сынақ алаңы жабылды. Сөйтіп, осы күні адамзаттың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қырық жыл бойы төніп келген қауіпке тосқауыл қойылған болатын. Қазақстан дүниежүзінде бірінші болып өз еркімен ядролық қарудан бас тарту арқылы жаһандық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға, Жер бетіндегі бейбітшілік ісіне теңдесі жоқ үлес қосты. Елбасы елімізді дамыту стратегиясында бұл мәселеге байланысты: «Қазақстан... бірінші кезекте ядролық қаруларды болашақта толық жою мақсатымен қысқартуға, қолдануға және оны жасауға жәрдемдесетін материалдар мен технологияларды сыртқа шығаруға жол бермеуге қол жеткізе беретін болады», деп атап өтті.
Тұңғыш Президентіміздің 1991 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында одақтас республикалар тең құқылы мемлекеттер ретінде достық одағын құруы туралы ұсынысы іске асырылып, Кеңес Одағы республикаларын егеменді мемлекеттер одағы ретінде қайта құру реформасы дайындала бастады. 1991 жылғы қыркүйек айында Алматы қаласында өткен Төтенше съезде Қазақстан Коммунистік партиясы қызметінің тоқтатылғандығы жарияланып, сол жылы 1 қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында КСРО құрамында болған 13 республика өкілдерінің кездесуінде 8 мемлекеттің, яғни Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның өкілдері өзара экономикалық байланыс туралы келісім-шартқа қол қойды.
Тұңғыш Президентіміз 1991 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Азия кеңістігінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) үлгісімен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. 1991 жылғы 8 желтоқсанда Минск қаласында Ресей, Беларусь, Украина президенттері «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы» Беловежск келісіміне қол қойғаннан кейін Орта Азия және Қазақстан мемлекет басшылары Ашхабадта 13 желтоқсандағы кездесуде Беловежск келісімін талқылап, бұрынғы бірыңғай Одақтың орнына тең құқылы мәртебесі бар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруға дайын екенін мәлімдеді. ТМД-ға мүше болған мемлекеттер ішкі, саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді дербес шешуді, ал әскери, сыртқы және т.б. аса маңызды халықаралық мәселелерді ортақ негізде бірлесе отырып шешуді ұйғарды.
Бүкілхалықтық президенттік сайлауды алғашқы рет 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткізу нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Президенті лауазымына сайланды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылдануы нәтижесінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді және тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет деп жарияланды.
1991 жылғы 21 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Алматы қаласында 11 республиканың басшылары қатысқан кездесуде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттері тең құқылы қағидатына негізделетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім хаттамасы мен «Алматы Декларациясын» қабылдады. Аталған Декларацияда жаңадан құрылған ТМД мемлекеттерінің «арасындағы қарым-қатынастар әрбір елдің мемлекеттігін тану және құрметтеу, өзін өзі билеу құқығының бұлжымастығы, тең құқылы және ішкі істеріне қол сұқпау ұстанымы, күш қолдану мен күшпен қоқан-лоқы жасаудан, экономикалық қысым жасау әдістерінен бас тарту, дауларды шешу, адам құқы мен еркіндігін, соның ішінде аз ұлттардың да құқығын құрметтеу, халықаралық құқық нормалары мен талаптарын адал орындау негізінде дамиды» деп атап көрсетілді.
Елбасының белсенділігі мен іскерлігі арқасында Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі атанып, сол сәттен бастап бүкіл дүниежүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттілігін таныды. Тұңғыш Президентіміз «қайта құру» кезеңіндегі келеңсіздіктер салдарынан тоқырап қалған экономиканы қалпына келтіріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін, мемлекетіміздің қазіргі кезеңде дүниежүзіндегі алатын орнын болашақта да сақтап қалу үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды барынша тиімді әрі жедел жүргізуге, елдің даму жолын дұрыс таңдауға күш жұмсады. Осы мақсатта батыстық және шығыстық дамыған елдердің басшыларымен, іскер адамдарымен кездесіп, кеңесіп, озық тәжірибелермен танысты. Сол кезеңде саяси-экономикалық салада жекешелендіру, зейнетақы реформасы, құлдыраған өндірістік кәсіпорындарды қалпына келтіру, шетелдерден инвестиция тартып, бірлескен кәсіпорындарды ашу, бағаны ырықтандыру сияқты бірқатар күрделі экономикалық іс-шараны орындай отырып, қоғамдық орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ішкі саясат жүргізілді. Қазіргі кезде Елбасы тек ұлт көшбасшысы ғана емес, Орталық Азиядағы, ТМД-дағы және Түркітілдес елдердегі бірегей тұлға ретінде кеңінен танылып отырғанының куәсіміз.
Бүгінгі Қазақстан – мемлекеттік шекарамен айқындалған аумағы, дербес Конституциясы, сыртқы және ішкі саясаты, төл экономикасы, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі бар, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз мемлекет.
Елімізді саяси-экономикалық тұрғыда дамыту үшін басқа елдермен ынтымақтастық құрудың маңызы зор. Қазақстан көршілес Ресей, Қытай, Орталық Азия республикаларымен қатар, АҚШ, Канада, Германия, Франция, т.б. мемлекеттермен өзара байланыс пен серіктестікті нығайтуда.
Бүгінде Қазақстан Республикасы саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыру, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері бойынша еркін даму жолына қатар түскен ТМД мемлекеттерінің көш басында келеді. Қазақстан – ТМД мемлекеттерінің ішінде жаңа экономикалық жүйе құрған, заманауи қоғамдық институттарды нығайтып, демократиялық құқықтық мемлекеттің іргетасын қалаған алғашқы мемлекет. Үздік экономика қалыптастыру және сенімді әлеуметтік негіз қалау нәтижесінде республикада ішкі тұрақтылық орнады. Мемлекетіміз Орталық Азия өңірінде геосаяси тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқаратын халықаралық қоғамдастықтардың толыққанды мүшесіне айналды.
Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы нақты қадам Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған, еліміздің әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарына қосылуға ұмтылысынан байқалады. Қазіргі таңда жас мемлекетіміз саяси-экономикалық тұрақтылығы нығайып, халықаралық қоғамдастықта беделі артып, өркениетті даму жолына түсіп, әлемдік сахнада құқықтары мен мүдделерін қорғай алатын іргелі елдер қатарына қосылып отырғанын зор мақтанышпен айта аламыз.